USD483.23EUR534.74RUB5.12

Өртенген үй тұрғындарының ертеңін кім ойлайды?..

30 сәуір 2020, 11:00
Газетіміздің өткен нөмірінде «Өрт шалған үйден 7 адамды құтқарған Қайрат Сейітнасимовтың ерлігі ескерусіз қалмауы тиіс» атты мақала жариялаған едік. Онда Қайраттай азаматтың сын сағатта сыр бермей, жалын шалған жанталаста талай тағдырға араша түсіп үлгергенін баяндаған болатынбыз. Сонымен қатар Мелькомбинат,3 мекенжайында тұрып келген 11 отбасының 7-нің қаламыздағы №42 мектепке, қалғандарының жұмыс орындарының көмегімен жалдамалы пәтерлерге орналастырғанынан да хабардар еткен едік.
Өртенген үй тұрғындарының ертеңін кім ойлайды?..

Тамақ істеу таласқа айналған

Өрттен зардап шеккендердің одан кейінгі хал-күйін білмек оймен, №42 мектептің табалдырығынан аттаудың сәті түсті. Алайда, бірқатары ендігі күні қалай боларын ойлап, соның қамында жүрсе керек, кісі қарасы сирек көрінді. Бәлкім, «БАҚ өкілімен кездесіп, жағдайын айтуға жасқаншақтап жасырынуға мәжбүр болды ма екен?» деген де ой келді. Мектеп дәлізінде жүрген кезекші өрт зардабынан баспанасыз қалғандардың осында екенін растағанымен, олардың көбісі қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқан сол қос қабатты ғимарат басында жүргенін айтты. Дегенмен, сәл күттіріп барып шыққан Нұрахмет Райысов жергілікті атқарушы билік тарапынан, мәслихат депутаттарынан азық-түлік көмегі көрсетілгенімен, уақытылы тамақтану қиынға түсіп отырғанын айтты.

 

- Оқыста үйден қашып шығып, осындағы бөлмеге кеп тығыларымды кім білген?.. Жұбайым қайтыс болған соң, біраз жылдан бері балаларымнан бөлек, өзім шамалас бір замандаспен бас құрап, сол жерде тұрып жатқанмын. Негізі Шығыс кентінде өзімнің саяжайым бар еді. Оған енді, мына карантин кезінде бару, бақша салу қайда?.. Қаншама адам жатырмыз. Айналдырған бір ғана газ плитасының бетіне үймелеп, тамақ істейтін кезек жеткенше төзіміміз таусылады. Осы уақытқа дейін қос қабатты ғимараттың пәтерлерінде ың-шыңсыз тұрып келген көршілердің қазір бұл жерде жүйкесі жұқарған. Әсіресе, дәл осы тамақ істейтін кездегі таласып, бет жыртысып жатқанын көргенде бірдеңе деуге дәтім бармайды,-дейді шарасыз күйдегі жасы 80-ге шыққан Нұрахмет ақсақал.  

   Мектеп директорының әкімшілік-шаруашылық жөніндегі орынбасары Ержан Ахметжановтың айтуынша, қазір мұнда 22 адам амалдап тұрып жатыр. Карантинге байланысты мектеп асханасы жабық, сондықтан, мұғалімдер бөлмесіне екі камфорлы газ плитасын қойып, жоқтан бар жасауға тура келген. Қалай десек те, қалалық әкімдік о баста берген уәдесінде тұрса, тұрғындар баспаналарына қайтып оралғанша, бұл қиындыққа төзуіне тура келеді.

     

Су өткен төбенің қорқынышы

Бұдан кейін апат болған мекенжайдың өзіне ат басын тіредік. Осы тұста Мелькомбинат көшесі, 3 үйдің жағдайымен жалын шарпыған күннен бірден танысқан Даниал Ахметов қала әкімі Ермак Сәлімовке құрылысты тез арада жүргізу қажеттігін тапсырғаны ойға оралды. «Шығын көлемін есептеу қажет.Қысқа мерзімде шатырды қалпына келтіріп, үйді жөндейміз»,-деген болатын Даниал Кенжетайұлы.

   «Бақсақ бақа екен» демекші, сөйтсек, мәселе тек шатырға ғана тіреліп тұрған жоқ екен. Ғимараттың астыңғы қабатының дымы қабырға сыртына шығып кетіпті. Шамасы, өрт сөндірушілердің қауырт қимылы кезінде, лақылдай құйылған су төменгі қабатқа да құйылып түскен болса керек. Үйдің ауласында ескі жиһаз, шкафтар шашылып жатыр. Ішке еніп, екінші қабатқа көтерілгенімізде күйе шалған, ыс басқан дәлізбен өтіп бөлмелерге бас сұқтық. Қайсына қарасақ та адам шошырлық күйге түскен. Тұрғындар қарасы мұнда да аз. Біреуі қолындағы құтысын құшақтап, теріс айналып, тілдеспестен тұра қашты. Енді біреуінде қолқаны қабар исіне қарамастан, бөлме ішінде «ұрттап-жалап» екі шикілсары отыр. Шамасы қиындықтан күйзеліске түскен сыңайы болса керек. Ептеп шамалай бастадым: мұндағы тозығы жеткен, ескі пәтерлердің көбінде жалданып жан бағатындар мен тапқанына сылқия тойып мас болатындар тұратын сияқты.

    Соңымыздан қуа жеткен Бағдат Хамитова жергілікті әкімдіктен жөндеу жұмыстарының тек екінші қабатпен ғана шектелетіндігін естігеніне наразылығын білдірді.

-Облыс әкімі қала басшысына тапсырма бергенін өз құлағымызбен естіп, көріп отырмыз. Бірінші қабатта жеті жылдан бері тұрып келемін. Үйдің салынғанына 80 жылдан асқанына қарамастан, өз қаражатымызға сатып алып едік. Өрттің шыққаны онсыз да шығайын деп тұрған көз еді, таяқ тиген соң не сорымның» кері болды. Өртті сөндіру кезінде жоғары қысыммен атқылаған су үстіңгі қабаттың еденінен өтіп, үйіміздің төбесіне жарықшақ түсірді. Ол жарықшақ енді біртіндеп кеңейіп, бір күні үйінді астында қалмасақ не қылсын?! Сонда біздің бұдан ары қарай қалай тұратынымыз әкімдік үшін бәрібір ме?- деп кейіді Бағдат апай. Шындығын жасыра алмаған ананы ІІ топ мүгедегі Мешітбай Көшербайұлы да қостады. Сыз тартып тұрған қабырға мен ауаны жайлаған ыстың исі еркін тыныстауына мұрша бермей, айтарын жеткізе алмай, демігіп, қатты қиналып қалғанын көрген соң, халін сұрауға дәтіміз бармады.

    «Мұндай ескі ғимаратта тұру өте обал»

    Қалай десек те мұндағы пәтер тұрғындарының жағдайы мәз емес. Жоғары қабатта тұратындар күн санап, қашан қайта оралатынын күтіп жүрсе, төменгі қабатта тұратындардың жанайқайына құлақ түретін қала билігі байқалмайды. Қала әкімінің ТҮКШ, құрылыс саласы жөніндегі орынбасары Николай Ушаков келіп, жөндеу жұмыстарын бақылап жүргенімен, бірінші қабатта тұратындардың шағымын салғырт тыңдап жөніне кеткен жайы бар екен.

     Шатыр мен жоғары бөліктегі жұмыстарды бақылап тұрған құрылысшы Серік Мұқашұлынан сөз тартқанымызда, бұл шаруаны жылдамдатып 15 күн ішінде аяқтау жүктелгенін білдік.

-Бірақ, шындығын айтайын, мұндай жұмыстарға мерзім белгілеуге болмайды. Қолдан келгенше 6 адам аянбай істеп жатырмыз. Ораза айы әрі тұтқиылдан болған апат салдары болғандықтан, бағаны қымбат сұрамадық. Мұржаларды жөнге келтіріп болған соң, баспалдақты қайта қаптап, дұрыстаймыз. Өзімнің жеке көзқарасымды айтар болсам, мұндай ескі ғимаратта тұру өте обал дер едім,-дейді С. Мұқашұлы. Құрылысшының айтуынша, арзанға істеген күннің өзінде жалпы шығын 38 млн. теңгеге есептеліпті.

    Қабырғасын қара күйе басқан ескі пәтерлерден шығып болғанша, тынысымыз бітеліп, әрең шыдадық. Мұндағы отбасылардың осы күнге дейін орталықтандырылған қазандыққа қосылмағаны да ойландырады. Қаланың сол жағалауындағы орталығында тұрғалы бері кәдімгі пеш жағып, күл шығаратын халін көріп, өркениеттің игілігіне жақын арада қол жеткізе алмайтынына көзің жете түседі. Көзің жете түскен сайын 7 адамды осындағы өрттен құтқарып қалған Қайрат Сейітнасимовтың «Жөндеу аяқталса да енді ол мекенге қайтып оралуым екіталай» деген сөзі ойға орала береді...

Сәтжан Қасымжанұлы

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

6 сағатқа жетпей
27 қыркүйек 2024, 10:07
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar