Әрине, мұндай жұртқа ортақ сын сағатта әрбір азамат өзінің етжақындарымен айналасындағы адамдардың саулығы үшін немқұрайлы қарамағаны абзал. Тазалық, тәртіп, ынтымақ пен бірлік бірінші орында болуы тиіс.
Елбасымыз осы жолғы сөзінде «Тәуелсіздік жылдары ел өмірінің ең қиын да күрделі кезеңдерінде мен кез келген мәселені қадірменді отандастарыммен бірге бүкпесіз, ашық талқыға салып, туған халқыммен үнемі ой бөлісіп келемін. Бүгінгідей бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен қазіргі сәтте де баршаны сабырға, байсалдылыққа шақырып, тағы да жұртыма ақ тілеулі сөзімді арнағалы отырмын. Тұтқиылдан келген жаман індет – коронавирус дерті барша адамзатқа қауіп-қатер төндіруде. Қазірдің өзінде дүние жүзі бойынша 1,4 миллионнан астам жан осы сырқатқа шалдығып, ондаған мың адамның өмірі қиылды. Сондықтан әлем мемлекеттері қатерлі дертке бірлесе дауа іздеп, бүгінгі заманның бар күш-қуатын, ақыл-ойы мен ғылым-білімінің жетістігін ортақ мақсат жолына бірлесе жұмылдырып, ынтымақтаса әрекет етуде»,-деді..
Елбасымыздың аталған мақаласында қазақ халқы қандай қиыншылық, қандай сынақ бастан өткерсе де әрқашан да береке-бірліктің арқасында алға озып келе жатқандығын шешен тілмен, әсерлі сөзбен жеткізе білді.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Осындай қиыншылық кезде ынтымақтастығымызды жоғалтпауымыз керек. Ішкі бірлігі болмаған талай құдіретті империялар мен мемлекеттер, кейбір мықты деген халық пен тайпалардың өзі тарихтың алмағайып тұстарында құрдымға кетті. «Отан – отбасынан» демекші, әрбір отбасында уыздай ұйыған бірлік пен тату-тәтті тірлік болса, қазақтың да шаңырағы шайқалмасы анық. Осы болып жатақан қиындықтардың барлығын еңсеріп, еліміздің баянды болашаққа жол тартқан ұлы сапарын бекемдей түсу – ортақ міндетіміз. Осы тұрғыда Елбасы сөзіне тағы да жүгінелік.
- «Жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемия бүкіл әлемде жаңа экономикалық дағдарыс туғызды. Алып кәсіпорындардың жұмысы тоқтады, көлік атаулының қозғалысы шектелді. Мұнайдың бағасы құлдырады. Ел мен ел арасындағы шекаралар жабылып, алыс-беріс тыйылды. Мұның бәрі бұрын-соңды болмаған аса ауқымды рецессияға әкеліп соқтырып, жұмыссыздықты көбейтіп отыр» - деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Шындығында да қазіргі күні кімнің болмасын, көңілінде алаң, ойында дүрбелең бар. Соған қарамастан мемлекет тарапынан осы пандемияға қарсы барлық күштер жұмылдырылып жатыр. Осы орайда, қаламыздағы бірқатар азаматтар да өздерінің ойларын ортаға салған болатын.
- Төле би атамыз: «Алысар болсаң шыныңды айт, қауышар болсаң сырыңды айт!» деген екен. Ақиқаты сол, бүгін әлемді дүр сілкіндірген індет өкінішке орай, біздің елді де айналып өтпеді. Осыған байланысты ҚР Президенті Қ.Тоқаев төтенше жағдай енгізіп, халыққа үндеу жариялады. Ал біз оның талаптарын қалай орындап жүрміз?... «Адамның өмірі – өзгенікі, өлімі ғана өзінікі» екенін ұмыттық. Сондықтан «Ай түнде керек, ақыл күнде керек» дегендей, дәрігер талабын қатаң орындағанымыз жөн болар. Көршіміз Қытай елі қатаң тәртіптің арқасында бұл дерттен құтылды. Оны үлгі тұтып, әркім өз орнында дертке байланысты шара қолдануы парыз екенін ұмытпайық. Олай болса, сөзден іске көшелік. Қамшы сабындай қысқа тіршілікте қазақстандықтар бір жұдырықтай жұптасып, «Жақсы адамның серігі – ақыл, қанағат, әдеп, төзім, сабыр, үміт, татулық, бірлік» демекші, бірігіп аса қауіпті қиындықтан сыр бермей өтейік,-дейді Зейнолла Тоқаев.
Ал, Абай музейі директорының міндетін атқарушы.... Тұрдықұл Шаңбайдың ойынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қиын сәтте халқын жігерлендіріп, жасымауға, бірлікте болуға шақырған.
- Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы дер кезінде жарық көрді.
Мақаланың адамзат баласы көзге көрінбейтін тұтқиылдан келген жаман індет – коронавирус дертінен абдырап қалған кезінде жарық көруі елд еңсесін бір көтеріп тастады. Елбасының бұл мақаласы менің санама бірден атақты жырау Жамбыл бабамыздың «Ленинградтық өренім» атты өлеңінің жарық көруін есіме түсірді. Жүзге келген қарт жырау қырандай дүр сілкініп, тұтқиылдан шабуыл жасаған фашистік машинаға қарсы қолына қалам алып, халқын жігерлендірген еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та атақты жырау бабасы құсап қиын сәтте халқын жігерлендіріп, жасымауға, бірлікте болуға шақырды. Тәуелсіз Қазақ Елін әлем таныды, бірлік болса біз жеңбейтін қиындық жоқ деген таным мақаланың тұтас болмысында көрініс тапқан. Елбасы аталған мақаласында Хакім Абайдың, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының, Әйтеке би бабамыздың, әйгілі данышпан Төле бидің даналық сөздерін келтіре отырып, халқың осындай қиын кезде сабырлық сақтап, бірлікте болуға шақырған. Даналық биігі деген – осы. Барлығымыз осы өсиетті басшылыққа алып, бірлікте болайық, ағайын! ,-деп ағынан жарылды Абай музейі директорының міндетін атқарушы Т. Шаңбай.
Семей қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Олжас Соғымбай тәуелсіздік толқынында туған жастар үшін бұл мақала болашаққа бағдар берген темірқазықтай көрінетіндігін атап өтті.
- Тәуелсіз еліміздің қалыптасуы жолында аянбай қызмет етіп, мемлекет болашағын қалыптастырып берген Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап небір күрделі кезеңдерден өтіп, отандастарын ортақ мүддеге жұмылдыра білген ұлт көшбасшысы екені барлығымызға белгілі. Сөзіме күні кеше ғана жарыққа шығып жатқан Елбасымыздың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы мен айтқан жоғарыда айтып кеткен сөзіме дәлел болады деп санаймын. Елбасының өзі мақаласында бастағандай тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қиын-қыстау күндердің болғандығын көзіміз көрмесе де, құлағымыз естіді. Мінеки, Елбасымыздың бүгінгі мақаласы осы қазіргі таңда көріп отырғандай құлақ естіп отырған қазақ өзі ырымшыл жаман аурудың атын атамайды. Сол сияқты әлемдік пандемияның белең алған шығында елді бірлікке шақырып, халықты дүрлігуден сақтап, сабыр сұраған нағыз халықтың көшбасшысының нағыз ақсақалдық айтқаны деп ойлаймын.
Қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын “Бірлік болмай тірлік болмас”, “Бірлік түбі береке” деп айтқандай, береке бірлігіміз бекем болса, елдігіміздің ертеңі жарық болары анық. Тек осындай қиындыықта «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ұлы даланың ұрпағы екендігімізді дәлелдейік.
Сұлтан Матымов