Алайда, Семей қаласының шетіндегі «Семейспецнаб» кәсіпорыны басшылығымен тікелей тілдесудің сәті түспеді. Бірі орынбасар екенін айтқанымен, аты-жөнін айтудан бас тартып екіншісіне сілтесе, ол әлдеқайда асығып бара жатқанын айтып көлігін көлденеңдетіп жөніне кетті. Дегенмен, тігін цехының ішіне кіруімізге қарсылық білдірген жоқ.
Цех ішіне кіргенімізде жұмыстың қауырт жүріп жатқаны бірден байқалды. Мұрынынан шаншылып, алдындағы тігін машинасына қадалған әйел қауымынан көз сүрінеді. Жанталаса қимылдап, бетперде тігуге қызу кіріскенімен, өздерінің аузы-мұрыны ашық. Үлкен өндіріс орынында сақтық шарасы қалай да қажет екендігін басшылық ескермеген тәрізді.
Қазір әрқайсымызға күніне 500 дана маска тігу міндеттелген. Қию цехынан жеткізілген маталардан үсті-үстіне алып, жұмысымызды істеп жатырмыз. Жұмыс уақыты 8.00-ден 18.0- ге дейін. Тез арада аяқтау тапсырылған. Ал, өндірген бетперделеріміздің қай жаққа, қалай, қашан жеткізілетіні туралы бейхабармын. Тігіп боламыз жинап әкетеді, басқа ештеңе айта алмаймын,- деді осы өндіріс орынында 15 жылдан бері істеп келе жатқан Гүлжан есімді ана.
Мұнда негізгі цехтан бөлек екі қосымша цех жұмыс істейді екен. Барлық жиыны 250 адам жұмыспен қамтылған. Қажетті материал Өскемен арқылы Ресейден жеткізілетін көрінеді. Негізгі цехта 64 адам жұмыс істеп жатқанына куә болдық. Мұндағы маскалардың бір артықшылығы – бірнеше рет пайдалануға болатындығы.
Тағы бір айтар жайт, өндіріс орынында жасы шамамен 20-35 аралығындағы әйел заты жоқ. Себебін сұрастырғанда білгеніміз – қазіргі қыз-келіншектер мұнда келіп 60-65 мың теңге көлеміндегі жалақыға жұмыс істеуге құлықсыз. Оның да іштей бірер себебін түсінгендей болдық: жұмыс орыны қала сыртында, қоғамдық көлікпен таңғы 8-ден жетудің өзі машақат. Жалақы жайы «жыртыққа жамау болар» шамада ғана.
Осындай мәселесіне қарамастан жанкешті іске бел шеше кіріскен жұмысшылар қауымына қарап бір сұрақ туды: масканы тез арада, тапсырылған уақытында аяқтап берген «Семейспецснаб» жұмысшылары осы үшін сыйақы ала ала ма?.. Алайда, бұл сұрағымызды аты-жөнін айтудан қашқақтаған цех бастығына шегелей қойғанымызбен, жауап «Мен қайдан білеміннен» арыға ұзамады. Ал, білетіні – жұмыс мемлекеттік тапсырыс аясында өндіріліп жатыр.
Хош, сонымен, коронавирустан қорғану үшін «мемлекеттік тапсырыс аясында» маска тіктіруді басты шаруаға айналдырған өңір басшысы уәдесінде тұра алды ма?!
94 мыңнан 470 мыңға дейін
«Бүгіннен (21-наурыз) бастап, облыс бойынша бірнеше мәрте қолдануға болатын 94 мың масканы ТЕГІН соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, І, ІІ, ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, жетім балаларға таратамыз. Одан кейін атаулы әлеуметтік көмек алатын, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға тегін береміз».
Бұл өңір басшысы Даниал Ахметовтің «Фейсбук» әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасы. Мәтіннің өз аузымен айтқан бейненұсқасы да бар. Осылайша алғашқы лектегі маскалардың қандай категориядағы адамдарға тегін тартатылатындығын мәлімдеген облыс әкімі 22 наурыздан бастап, зейнет жасындағы адамдар үшін әр данасы 170 теңгеден «Қазпошта» бөлімдерінде сатылатынынан да хабардар етіпті. Алайда, бір адамға тек 4 маскадан артық сатылмайды.
Ал арада екі күн өткенде Даниал Кенжетайұлы облыс бойынша жалпы саны 470 мың адам тегін маскамен қамтамасыз етілетінін айтты. Бұл аз ба, көп пе, жұртшылық өзі бағамдай жатар. Ал, бірақ, қазір жұртқа жеткізілуі «жырға айналған» масканы күтіп төзімін тауысқанша, көз майын тауысып масканы өздері-ақ тігуге кірісіп кеткендер де жоқ емес. Солардың алғашқы шоғыры Үржар ауданы, Мақаншы ауылында тұратын көп балалы аналардан шыққаны да атап өтер ақиқат.
13090 семейлікке бетперде таратылады
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы күні қаладағы ерікті жастар бірнеше рет қолдануға болатын маскаларды соғыс және еңбек ардагерлеріне, мүгедектер мен атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген көп балалы отбасыларға тарата бастағанын әлеуметтік желілер арқылы жария етті. Топ-топқа бөлініп, қаланың әрауданын шарлап кеткен еріктілердің жалпысаны қанша екені беймәлім.Анығы - Семейде көп реттік қорғану құралдарын 13090 адамға жеткізілгені.
Семей ақпараттық орталығының хабарлауынша, 13090 адамның 9972-сі бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектер болса, 213-і жетім бала болса, 2635 тыл еңбеккерлері, соғыс ардагерлері және оларға теңестірілген 270 адам бар.
Иә, жергілікті атқарушы билік короновирустан қорғану мақсатында қолдан келген барлық мүмкіндіктерді жасап жатқанын айтуда. Дегенмен, «Құдай сақтансаң ғана сақтайды» деген халық даналығына сүйенсек, әр адам өз денсаулығы үшін жауапты. Әлем елдеріне дүрбелең салған сынақтың жүйкеге салмақ түсіріп, өмірдіңкүнделікті ағымына кері әсерін тигізіп жатқаны да ешкімге құпия емес. Тегін маска таратумен мәселе түбегейлі шешіліп кетпейтіні және түсінікті. Ең ауыры «жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, интернет арқылы маска сататынын жарнамалап, артынша, аңғалдардың ақшасын аудартып, өзін сазға отырғызып кететін алаяқтардың да ортамыздан шыға бастағаны өз алдына, қолданыстан шығарылып, қоқысқа тасталғандарын теріп, пайдаға кенелмек болған адамды да әлеуметтік желіден көзіміз шалды. Құдай, короновируспен қатар келген адам ниетінің бұзылуынан сақтасын дегеннен өзге не амал?..
Сәтжан Қасымжанұлы