
Тіркеу қазақстандықтарды әскери есепке алу, олардың санын, әскери қызметке жарамдылық санатын айқындау, білім деңгейін, алған мамандығын және дене шынықтыру даярлығы деңгейін белгілеу мақсатында жүзеге асырылады.
Осы мәліметтер негізінде жергілікті әскери басқару органдары әскерге шақыру ресурстарын Қарулы Күштер әскерлерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың түрлері мен тектері бойынша алдын ала бөлуді, Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсу үшін кандидаттарды алдын ала іріктеуді жүргізеді.
Тіркеу барысында жастармен әңгімелесу, қажетті құжаттарды тексеру және емделуге немесе медициналық бақылауға мұқтаж жастарды анықтау үшін медициналық тексеру жүргізіледі.
Іс-шаралар аяқталғаннан кейін жастарға шақыру учаскесіне тіркелгені туралы куәлік - Қазақстан азаматының алғашқы жеке есепке алу-әскери құжаты беріледі.
Биыл барлығы 110 мыңнан астам адамды әскери есепке алу жоспарлануда.