USD514.65EUR544.6RUB5.17

Құнанбай атына қайсы маңызды: мешіт пе, көше ме?

31 қаңтар 2020, 12:03
Семейдегі басты көшелердің дені ұлттық әлпетке көшкендей болып өткен жылы жаңаша сипат алды. Айталық, 2018 жылға дейін созылған Ленин көшесі, «Мәңгілік ел», Н. Крупская көшесі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың атына ауыстырылса, «Краснознаменная» өткен жылдың желтоқсан айында Баян Байғожина атындағы көше болып өзгерді. Одан бұрынырақта Дальняя көшесіне батыр Зәкәрия Белібаевтың есімі беріліп, жұрт қуана қабылдады. Жалпы, бұл мысалдар Семейде ономастика саласындағы жұмыстардың оңала бастағанын көрсетеді.
Құнанбай атына қайсы маңызды: мешіт пе, көше ме?

Дегенмен, биылғы айтулы дата – Абай Құнанбайұлының туғанына 175жыл аталып өткелі жатқан кезде әлі күнге дейін «бұл қалай?» деп жауабы табылмай келе жатқан бір сұрақ бар. Ол- облыс орталығы Өскеменді айтпаған күннің өзінде Абайдың әкесі – Құнанбай Өскенбайұлына бір көшенің бұйырмағаны.

             Ертіс өзенінінің оң жағалауында орналасқан қала орталығындағы  Шәкәрім даңғылына сүйсіне қарасақ, оны көлденең қиып өтетін басты көшелердің бірі - Абай көшесі. Ал, осы екі алыпты танытқан Құнанбай Өскенбайұлының тарихи сипаты, тұлғалық тұрпатын танытатын көрініс қайда? Бірден айтайық, атымен жоқ.

            Ал, күні кеше ғана Нұр-Сұлтан қаласының төрінде Тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев екеуі бірге келіп, Абай атындағы опера және балет театрында  ақын тойының басталғанынан хабар берді.

             Обалы қане, Қ.Тоқаев одан бұрын «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында :

            «Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйре­нуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты. Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі» деген болатын. 
             Ол мақаладан тыс Қ. Тоқаев өткен жылдың сәуір айында Шығыс өңірге келген сапарында Абайдан бұрын әкесі Құнанбай Өскенбайұлын ұлықтау керектігін баса айтқан болатын. Әкесі Құнанбай болмаса, қазаққа Абай қайдан келетінін атап өте келіп: «Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі - Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Ол - Семейде ғана емес, тұтас қазақ тарихында өз орны бар тұлға. Оны халқымыз жақсы біледі, қадір тұтады» деп те баға бергені есімізде.

            Хош, сонымен, Абай тойының шымылдығы түрілді, туған жері- Семей өңірінен де, ШҚО басшысы Д. Ахметов бастап бір топ делегация Нұр-Сұлтан төрінен табылып қайтты. Алайда, о бастағы Құнанбай Өскенбайұлын да қастерлеу қажеттігі неге екені белгісіз бұл жолы айтылмай қалды.

            Жоққа шығаруға болмас, өткен жылы мақаламызға тиек болған тұлғаның атына қала орталығынан көше беру керектігі қозғалғандай болған. Оған белгілі жазушы, «Құрмет» орденінің иегері Болат Жүнісбеков мұрындық болғанын бүгінгі күнде көп ешкім біле бермейді. Осы орайдағы шаруаның ары қарай қалай болғанын білмек оймен Болат Жүнісбековтің өзіне хабарласқан да едік.

            -Шындығына көшсек, Құнанбай атамыздың есімін Семейдегі қажы тұлғасына лайық көшелердің біріне беру еш кешірімсіз созылып кетті. Осыдан екі жыл бұрын Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық –музейінің ұйытқы болуымен семейлік абайтанушылар қала әкіміне осы мәселе бойынша хат жолдаған болатын. Алайда, «жоғары жаққа» жалтақтап отыратын көзқарастан арылмайтындықтың әсері ме, кім білсін, тұщымды жауап ала алмадық. Президент Қ. Тоқаевтың Абайды ұлықтауды бастамас бұрын әкесі  Құнанбайды тану керектігін айтқанын бәрі де біліп отыр. Менің ойымша, Семейде Абайдың туған жері Шыңғыстауға жетелейтін Селевин көшесін Құнанбай атамыздың атына ауыстыратын уақыт баяғыда жеткен. Осыған жауапты азаматтардың жарлық күткен жалтақ мінезі үшін қатты қынжыламын,-дейді Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Б. Жүнісбеков.

             Расында да Семей-Қарауыл трассасына апаратын қаланың сол жағалауындағы негізгі көше- орыс ғалымы Селевиннің атында. Оны есепке алмағанда трассаның оң қапталынан басталатын үлкен көше жойылып кеткен РСФСР (Ресей Советтік Федеративтік Социалистік Республикасы) империясының тұңғыш комиссары Рыковтың атымен әлі күнге дейін аталып келе жатқаны тағы бар.

   Осы орайда, пікірін білдірген белгілі айтыскер ақын Әсем Ережеқызының айтуынша, Абай есімі айтылған кезде оның әкесі Құнанбай аға сұлтанның аталмай қалуы әбестік.

            -Семей қаласында Құнанбай қажының атындағы көше де жоқ, керекдесеңіз. Семейде салынып жатқан үлкен мешітке демеушілер мен жергілікті билік Абай атын бермек көрінеді. Ол да дұрыс шығар. Оны да қате пікір дей алмаймыз. Алайда, ол мешітке Құнанбайдың аты сұранып тұр-ау меніңше. Мекке барған, қажы атағын алған. Мәселен, Семейдегі Компоселок кентінде кеңестің комиссары Рыковтың атындағы көше бар. Сол көшені Құнанбай Өскенбайұлы ның атымен атасақ, қандай әдемі әрі әсерлі көрінер еді. Сондай-ақ,  Семей қаласынан Абай ауданына шығатын үлкен тас жолға апаратын тік көше Селевин деген орыс ғалымының атында. Рыковты «ала алмаған» жағдайда Шыңғыстауға жетелейтін Селевин көшесіне Құнанбай есімін неге бермеске?,-дейді Әсем Ережеқызы.

            - Иә, айтса айтқандай, Семейде мешіт те бар, көше де Құнанбай атына сұранып тұр. Қала әкімі Ермак Сәлімов өткен жылдың соңында ғана жылды қорытындылаған баспасөз мәслихатында салынып жатқан, құрылысы биыл аяқталуға тиісті мешітке Абай Құнанбайұлының аты берілетіндігін мәлімдеген болатын. Бұл көп жылға созылған мешіт құрылысын қолға алған Тастекеевтер әулетінің, соның ішінде Шығыс өңірінің тумасы, белгілі меценат Дулат Тастекеевтің ұйғарымы екендігін де жасырмаған.

              Соған орай, Дулат Тұрсынұлының өзіне хабарласқанымызда бұл ұсыныстың әлі де талқыда екендігін анықтадық.

            - Мешітке Абай атын беруге қатысты түпкілікті шешімді әлі қабылдаған жоқпыз. Нақты пікір айта алмаймын. Бәрін ескеріп, қарап отырмыз,-дейді Д. Тастекеев.

            -Тоқетерін айтқанда, биыл ақын тойына орай республикалық бюджеттен 3 млрд.теңге қаражат бөлініп отырғанда, Абай еліне жетелейтін көшені болсын, комиссар Рыков атындағы көшені болсын Құнанбай Өскенбайұлының атына ауыстыру – күн талабы. Ал, оны жүзеге асыруға салғырт қарау –  Президент Қ. Тоқаевтың Құнанбайды дәріптеуге қатысты жоғарыда айтқан ойына, осы тұрғыда  қозғалған жайға жергілікті атқарушы биліктің жүрдім-бардым қарайтындығының бір белгісі болмақ.

 Сәтжан Қасымжанұлы


 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar