USD446.49EUR475.38RUB4.79

ЖОЛДАУ ЖАСТАРҒА НЕ БЕРЕДІ?

16 қыркүйек 2022, 11:58
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан
ЖОЛДАУ ЖАСТАРҒА НЕ БЕРЕДІ?

«Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ, барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті, мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болу шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн.

Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болады. Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім беру экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс. Мақсатты капиталдың мұндай қорлары әлемдегі озық университеттерде ғылымды және инновацияны қаржыландырудың өзегі саналады. 

Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа  жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді».

-------------------------------------------------------------------------------------------------------

Шынар Кеңесбаева, қазақ филологиясы және журналистика кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к.

-   Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Президенттің бұл Жолдауында жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар туралы айтылды.

Айталық, жастарға жылдық өсімі 2,5 пайыздық жеңіл несие беріледі, мемлекеттік грант саны артпақ. Әрбір балаға Ұлттық қордан 18 жасқа дейін ақша бөлініп отырады. Елімізде ең төменгі жалақы 70 мың теңге болмақ. Елімізде күзде кезектен тыс президент сайлауы өтеді.

Жаңа экономикалық саясатты іске асыру үшін өндіріс орындарын инновациялық технологиялар мен жоғары санатты кадрлармен қамтасыз ету қажеттігі, салық саясаты, оның ішінде кеден саласындағы мәселелерді шешу, жер, жол, құрылыс мәселесінің дұрыс игерілуі қарастырылды.

Сондай-ақ,  денсаулық, әлеуметтік мәселелермен қоса, білім беру саласы да басты назарда болды. Мәселен, мектепке дейінгі тәрбие жұмыстарында кездесетін олқылықтарды ретке келтіріп,  балабақшадағы тәрбиешілерді де аттестаттаудан өткізу керектігі ескертілді. Білімді оқушы – біздің болашағымыз! Ендеше, осы «Жайлы мектеп» бағытында 800 мыңға жуық мектеп салынуы керек екені атап өтілді. Жастар мәселесі де күн тәртібінен түспек емес, жатақхана мәселесі, жас мамандарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету бағдарламалары іске асырылмақ.

Осы орайда, Шәкәрім университетінде де болашақ маманның білім алуында оқу үрдісінде заманауи технологияларды қолдану, дәрісханалардың жасақталуы, жатақханалардың пайдалануға берілуі, жас мамандарды жұмыспен қамтамасыз етуге баса көңіл бөлінуде.

Алдағы уақытта мемлекет басшысы айқындап берген мақсатты бағыт-бағдар толық  жүзеге асырылады деген сенімдеміз. Біз, оқытушылар қауымы, ел болашағы – жастарға білім мен тәрбие беруде барлық күш-жігерімізді жұмсай береміз.

Талғатжан Мұхамадиев, ШҚО “Менің өлкем” газетінің бас редакторы

- Президенттің кешегі Жолдауында  бірқатар жағымды жаңалықтарды құлағымыз шалды. Оның ішінде әр баланың шотына 18 жасқа толғанға дейін, Ұлттық қордың инвестициялық кірістің 50%-ынан аударуы үлкен жаңалық болды. Себебі, аты айтып тұрғандай  қор ұлттың мүддесіне жұмыс істеуі керек. Оның үстіне биыл балалар жылы болғандықтан, елдің болашағын ту еткен балалар екендігін ескерсек осы бастаманың болғаны өте дұрыс деп есептеймін. Жоғары  білімді қолжетімді еткендігі көптің көңілінен шықты. Себебі, расында қазіргі мемлекеттік грантқа түспеген жастарға оқуды оқу қиынға түседі.

Өйткені, оқу ақысы қымбат. Жатақхана тапшылығы мәселесі тағы бар. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда  84 мыңнан астам студент жатақханаға мұқтаж екен. Осы тақырып төңірегінде президентіміз  мәселе шешілетіндігін кесіп айтты. Қазіргі таңда, жалдамалы үйлер қымбат және оған қаражат жеткіліксіз. Студенттердің қаржысын үнемдеу жолында мұны жақсы жаңалық деп есептеймін. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, аталған мәселелер өз шешеімін тапса екен деген ниетіміз бар.

 Камилла Нартова, студент

- Президент Жолдауында айтылғандай бүгінгі таңда жастарға жағдай жасау, олардың сапалы білім алып, тұрақты жұмыспен қамтылуы, төмен пайызбен несие  алуы сияқты міндет-ұсыныстар  алдағы уақытта жүзеге асатын болса, қоғамның жастар бөлігі бірқатар жеңілдікке ие болар еді. Жастардың болашағына жағдай жасау дамитын елдің мақсат-мүдделерімен тығыз байланысты. Бүгінде елімізде жастардың білім алуы, жұмысқа орналасуына қатысты туындап отырған мәселелер жеткілікті. Өзім де бүгінгі күні студентпін.

Осы орайда, Жолдауда айтылған  жеке меншік жоғары оқу орындарындағы жатақхана мәселесіне мемлекет тарапынан қолдау жасалатындығы да орынды болды деп санаймын. Жыл сайын оқу жылының басында  тұрғынүй іздеп жанталасатын едік. Сол ақылы үйдің қаржысын төлеймін деп, оқудан бұрын жұмыс істеймін. Енді жатақханаға мүмкіндік болса, тек білім алумен түрлі курстарға қатысқым келеді. Көп жағдайда сапалы білім алу қаржыға келіп тіреледі. Оқу ақысын төмендетіп, тегін курстар ашылса жастардың білім мен ғылымға деген талпынысы артар еді. Жолдауда атал-ған жастар мәселесі өз шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді.

Ақерке Қасымбаева, студент

- Президент Жолдауында бес бағдар бойынша көтерген мәселенің барлығы да жұртшылықтың көкейінде шешімін таппай жүрген көптеген түйткілді жайттарды іске асыруға мүмкіндік береді. Соның ішінде әсіресе жастар мәселесіне тоқталғым келеді. Себебі, өзім студент болғаннан кейін, барлық мән-жай белгілі. Ең ахуалды мәселе барлық студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Шыны керек, арзан жатақхананың рахатын өзге ұлт өкілдері мен “Серпінмен” түскен студенттер көреді. Талай жылдың жүзі болды, онда орналасу өте қиын. Орналасқан күннің өзінде, жағдайы жасалмаған бөлмелерге орналастырады. Жылда жеке мердігер компаниялар жөңдеу мен әктеу жұмыстарын атқарады. Баяғы қалпы, сол қалпы оқу жылының басында өзгеріссіз қалады. Сапалы оқуға көбірек ден қойсақ, болашағымыздың өркендеуіне өз үлесімізді қосар едік. Ол үшін де оқу орындарын тәжірибелі мамандармен толықтырып, оқу кітаптарын жаңартып отырғанымыз абзал деп санаймын. Өз білімімді ары қарай ел келешегінің дамуына арнап, экономиканың қай саласында болмасын еңбек етуді қалаймын.

Айнұр Маукенова, студент

- Бұл жолғы Жолдау ел тағдыры үшін маңызды мәселелерді көтере келе ой талқылауына салған болатын. Қазіргі қоғам білімді жастардың қоғамы. Жас буынға білім беру жолында еңбек етіп жүргендіктен білім саласында болып жатқан барлық өзгерістермен жаңалықтар менің жаныма жақын. Ел дамуындағы барлық маңызды деген мәселелерді атап айтып, шешу жолдарын ұсына келе, ел президенті өз Жолдауындағы бесінші мәселе ретінде білім беру саласына тоқталып өтті. Осы тұста мен қос қолдап қолдар едім. Себебі, бірнеше жыл карантин  жағдайына  байланысты қашықтықтан білім алып келдік.

Сол студенттер алған білімін іс-тәжрибе ретінде жүзеге асыра алып жатырмекен деген сауал санамда самсап тұр. Сапалы білім мен саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін де, қажырлы еңбек қажет. Болашақ мұғалім ретінде дипломмен ауылға баруды жөн санап отырмын. Жұмыссыздықпен күрес ретінде, жұмысқа орналасатын бағдарламалар қарқынды жұмыс істесе жұмыссыз жастар көбеймес еді...

Айым Даниярова, жас маман

- Президенттің кезекті Жолдауында елең еткізер тұстары көп болды деуге тұрарлық. Соның ішінде өзіміз, яғни жастар үшін іліпалар бірқатар тарауларды түбегейлі түсінуге тырыстым. Мысалға, ендігі кезеңде жоғары оқу орындарына түсу үшін берілетін көмектер. Мен биыл ғана жас маман атандым. Дегенмен, төрт жыл бойы ақылы түде білім алдым. Жыл сайынғы оқу ақысының өсіп отыратындығы да өтірік емес. Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайызға дейінгі аралықта болады» дегені айтпасақ та әрбір түлекті қуантқаны рас.  Яғни, баллдық көрсеткіш бойынша оқу ақысы тағайындалады деп түсіндім. Алайда, оқуды төлеу үшін 2-3 пайыздық жеңілдікпен несие берілу қажет дегенді қолдамаймын. Бәсекелестікке қабілетті ел болу үшін қаржылай сауатты болуымыз қажет. Ал, жас түлектерді несиеге жүктеп үйрету, менің пікірімше дұрыс емес. Иә, қиналып қалып жататындар да болады. Бірақ, қазір қандай заман? Қазір іздегенің алдыңнан, іздемей-ақ табылар. Онлайн жұмыстар мен қысқа мерзімді курстар оқу арқылы ақша табуға болады. Тек қана іздену қажет.

Жатақхана мәселесі бүгіндікке қанша айтылып жатса да, әлі өзекті. Салынып жатыр, сапасы бүлініп жатыр. Оған қарамастан, бағалары аспандап тұр. Президент осы тұстарды дөп басып студенттердің аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыру қажеттігін айтты. Оң нәтижесін күтеміз.

Жаңа ғана түлеп ұшқан жас маман ретінде, енді қадам басып жатқан студенттерге жасалатын ізгі бастамаларды қос қолдап қолдаймын. Осындай жақсылықты бағалай біліп, соған сай мықты мамандар түлеп ұшса деген ниеттемін. Артымыздан ерген жастар бәсекеге қабілетті болса, бізде сәйкесінше қабілетімізді шыңдауға тырысамыз.

Даурен Хасенов, жас маман

Шын мәнінде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан оқшауда екендігі жасырын емес. Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде. Сондықтан жеңілдетілген несиеге білім алу дұрыс шешім.

деп санаймын. Өзім жоғары оқу орнында тәрбие ісінің маманы ретінде жұмыс істеймін. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет.

Басшымыз үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырғандығы мені қуантты. Терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміз бар екені де жасырын емес.Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы біз оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш саламыз деген сөзі әділ шешім болды деп санаймын. Қазіргі заманда коррупцияға жол жоқ. Білім берудің барлық деңгейінде дербес қаржыландыру тәртібін енгізіп, оқулық сапасын арттырса дамыған мемлкеттер қатарына енеміз.

Ақжібек Рахатбек

- Президентіміздің Жолдауындағы көтерген мәселелері өте өзекті деп санаймын. Соның ішінде, студенттерді жатақханамен қамту мәселесі айтылды. Білім алуға алып-ұшып қалаға келген студенттер грантка түскенімен жатақханаға келгенде біраз қиналып қалады.Себебі, орын жетіспейді. Ал, бір айлық пәтер жалдау құны бір жылдық оқу ақымен тең. Студенттерге сапалы білім берумен қатар жатақханамен 4 жыл бойы толық қамтамасыз етсе нұр үстіне нұр болар еді. Тағы бір айта кететін жайт - білім мәселесі. “Білімді ұрпақ - ел ертеңі”,-  деп бекер айтылмаса керек. Сапалы білім үшін қаншама қаражат бөлініп, ғылыми орталықтар ашылып жатыр. Осы мүмкіндікті жастарымыз  пайдалып, саналы да салиқалы ұрпақ болып өссе екен деген тілегім бар.

Айгерім Сардар

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауда ел жастары үшін де аса маңызды мәселелерге тоқталды. Президент әсіресе жұмыссыздық деңгейін төмендету, кәсіпкер жастарға қолдау көрсету, жас мамандарды жұмыспен қамту секілді жан-жақты жобаларды қолға алуды  және білім мен ғылымды дамытуды тапсырды. Алдағы уақытта жұмыссыздық деңгейі азайып, еліміздің экономикасы біршама жақсарарына сенімдімін.

 Естай Құмаров, жас маман

- Ел президенті өз Жолдауының түйіні ретінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деген даналық сөзімен бекітті. Қазіргідей жаңарған жаңа заманда еліміздің әрбір азаматы жоғары білім мен табанды еңбектің нәтижесінде ғана биік белестерден көрінетіні ашық жеткізді. Ел азаматтарын, Отанымыздың алдында адал қызмет етуге, абыройлы іс жасауға, терең білім алып, ерінбей еңбек етуге деген ниетімізді толықтай аша білді деп айта аламын. Жас мамандардың сапалы білім алуына деген оңтайлы мүмкіндік жасауы оңды шешім болары хақ. Еліміздің әлеуметтік дамуына, ел тұрғындарының табысы мен жұмыс орындарының сақталуын, халқымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы жұмыстарға басты назар аудару керектігін қадап айтты. Осы тұрғыда , ақ халатты абзал жан жас маман ретінде құлшынысты арттырарлықтай маңызды басымдықтарды сезіндім. Жаңа міндеттер жүктелінді. Ендігі жерде Жолдауда айтылған әр тапсырманың жүйелі жүзеге асуына атасылысып ел болашағын бірге құру өз қолымызда екендігін айтқым келеді. Жоғары оқу орындарының сапасының артуына байланысты оқу бағасы да шарықтап тұр. Оқу үшін жылдық өсімі 2-3 пайызды құрайтын жеңілдетілген несие берілетіндігі Жолдауда айтылды. Көрсетілген шаралар жоғары білім алуды айтарлықтай жеңілдетеді және қоғамда әріптестік идеологиясы мен өзара жауапкершілікті күшейтеді.

фото: ruh.kz.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar