USD483.23EUR534.74RUB5.12

Жолдау-2022: Бала күтімі – маңызды мәселе

15 қыркүйек 2022, 17:47
Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне де өзгеріс енгізу керек
Жолдау-2022: Бала күтімі – маңызды мәселе

Біз 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз. Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады.

Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмыссыз қалғаны үшін төленетін төлемақы орташа айлық табысының 45 пайызына дейін көбейтіледі. Бұл қадам осындай жағдайға тап болған жандарға септігін тигізіп, қызметке тезірек оралуына мүмкіндік береді.     

Атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін құру азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның бірі болмақ.

2023 жылдан бастап, Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр. Осы бастамалар аясында мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары біріктіріледі.Оның бәрі барынша түсінікті, ең бастысы, нақты болады әрі алдын-ала жасалады.   

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан

-----------------------------------------------------------------------------------------------------

Назерке Слямова, көпбалалы ана:

- Бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі бала күтіміне төленетін жәрдемақы мөлшерінің аздығы еді. Ел президентінің 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған шешімдер әрине орынды болды. Десе де, бұл асығыс қаралатын, қандайда бір мөлшердегі көрсеткішті қоя салумен шешілетін мәселе емес еді ғой. Мемлекет басшысы ақыры осыны қолға алған екен, демек түбегейлі қадағалауды тапсырып, бақылау керек еді. 1 жасқа дейінгі төленетін жәрдемақыны 1,5 жасқа ғана емес, 3 жасқа дейін созса нұр үстіне нұр болар еді. Қазір төртінші баламен бала күтіміне байланысты үйде отырған ана ретінде мен осыны ұсынар едім. Жолдасыммен менің жұмыссыздығымыз бәрібір отбасындағы ахуалға әсер етпей қоймайды. Себебі, азық-түлік бағасы бүгінде аспандап тұр. Оның үстіне  оқу жылы да басталып біраз әбігерге салғаны жасырын емес. Алдағы уақытта тағы да оң шешімдер табылады деген ойдамыз.

Сонымен қатар, мектеп қабырғасындағы балалар мен студенттерге де қатысты айтылған мәселелер оң шешімін табар. Төрт баланың анасы ретінде мектеп қабырғасындағы балаларды оқуға дайындаудың өзі оңай емес дер едім. Ал, 6 немесе одан көп балалы отбасыларға келер болсақ, әлі де қолдау көрсетіп, мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылса дұрыс болар еді.

Қарлығаш Бақытбекқызы, медицина саласының маманы:

- Әрине, Президентіміздің халыққа Жолдауын оқып, таныс болып жатырмыз. Мұндағы айтылған дүниелердің басым көпшілігі баяғыда шешімін табатын мәселелер еді. Биылғы жылға бұйырған екен. Жолдауда айтылып жатқан зейнеткерлік жас, отбасылық зорлық-зомбылық, бала күтіміне жағдай жасау сынды бүгінгі қоғамның өзекті мәселелері өте орынды. Соның ішінде өзім қазіргі таңда бала күтімімен отырған ана ретінде 1 жасқа дейінгі төленетін жәрдемақыға тоқталар болсам, бұл табылған шешім болды. Бұрынғыға қарағанда 6 айға қосымша берілетін жәрдемақы мөлшері біраз  дүниеге септігін тигізетіні сөзсіз.

Сондай-ақ, өзім медицина саласының маманы болғандықтан мына дүние маған таныс жағдай: көптеген бала күтімімен отырған аналар, күйбең тірліктің қамына кірісіп, бала 1 жасқа толмай жатып жұмысқа шығып кетеді. Әрине, ақша артық болмайды ғой. Бірақ соның салдарынан кішкентай бүлдіршіндеріміз ана сүтін толық қабылдамағандықтан түрлі ауруларға иммунитеті төтеп бере алмай жатады. Яғни, ананың ақшаға бола жұмысқа шығып, баласына қарауға уақыты болмай жүруінің тек зияны болмаса, пайдасы мүлдем жоқ. Сондықтан бұл шешімді мен құптаймын. Тіпті, алдыңғы бір жиындарда айтылғандай 3 жасқа дейін ұзартса да артық болмас еді. Оны уақыт көрсетер.

Бақытгүл Заманбекқызы, зейнеттегі көпбалалы ана

- Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған әрбір тарау мен бөлімдер өте мұқият қарастырылған. Әр салада, әр маңызы бар дүниелерді топтастырып, ортақ шешім шығара білген. Қай жағынан алып қарасақ та әрбір айтылған мәселе алдағы уақытта шешімін табады деген ойдамын. Өзім қазір зейнетке шыққан көпбалалы анамын. Аллаға шүкір 3 ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсірдім. Жолдасым осы уақытқа дейін түрлі қызметтерді атқарды. Өзім балалардың жағдайымен үй шаруасында болдым үнемі. Қазір сол ұл-қызым ер жетіп, немерелерімді бағып-қағып отырмын. Жастар болғаннан кейін жұмыс істегендері дұрыс болар деп, немерелерімді өзімнің қасыма алдым. Менің балаларыма көмегім де осы ғой.

Кезінде мемлекет тарапынан балаларға әлеуметтік көмек түрлері ғана берілетін. Қазір заман өзгерді. Барлық жағдай қолдан келгенше жасалып жатыр ғой. Мынау өткен жолы 1 қыр-күйекте жасалған Жолдаудағы зейнеткерлік жасты былай қойғанда, жастарға көмек ретінде тағайындалған бала күтіміне қатысты жәрдемақыға көңіл  толады деуге болады. Себебі, жаңа босанған жас аналарға бұл үлкен көмек. Баланың қасында болып, қарауға да ыңғайлы болар еді. Тіпті, қазіргі таңда сол бала күтіміне берілетін жәрдемақы көлемі балаға жөргек сатып алудан аспайды ғой. Тым құрымағанда 6 айға болса да ұзартылғаны дұрыс болды. Алдағы уақытта жастарға деген көмек түрлері де көбейе береді деген сенімдеміз. Ең бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Айсұлу Сарқытова

- Қазір еліміздің барлық аймағында делік осы Жолдау мәселесі тереңінен талқыланып жатыр ғой. Бұл дұрыс та шығар. Расымен осы Жолдауда көп-теген маңызды мә-селелер шешімін тауып, арнайы орындар нақты тапсырмаларын алды деуге болады. Тіл мәселесі, жалақы, денсаулық және тағысын тағы. Елбасының 1 қыркүйектегі жолдауында 1 жасқа дейінгі бала күтіміне төленетін жәрдемақы мөлшерін 6 айға ұзартуы әрине құптарлық дүние. Дегенмен, 3 жасқа дейін қойса да болатын еді. Бұл менің жеке тұлғалық пікірім. Себебі, мынадай қымбатшылық заманда балам өскенше қасында боламын деу бекер. Өйткені, ақша тауып, жолдасыңа көмек қолын созу бұл отбасылық ортақ дүние деп ойлаймын. Сондай-ақ, егер осы жәрдемақыны бала 3 жасқа толғанға дейін төлесе, аналар да алаңсыз баласын бағып-қағар еді ғой.

Менің алдыңғы балаларым мектеп қабырғасында болғандықтан, мектеп формасы жайлы айтылған Президентіміздің сөзі сөз жүзінде қалып қоймаса деймін. Жас отбасыларға шынымен барлық жағдай жасалса, еліміздің демографиясы да жыл санап артар еді. Жалпы, Жолдауда айтылған дүниелердің барлығы оң шешімін тауып, орындалады деген ойдамыз.

Айжан Ерболатқызы, бастауыш сынып мұғалімі

- Биылғы 1 қыркүйек күні еліміздің есінде Білім күні ғана емес, маңызды Жолдау жасалған күн болып сақталып қалатын болды. Жас маман ғана емес, жас ана ретінде де айтар болсам, мұнда көптеген мәселелер қамтылды деп ойлаймын. Соның ішіндегі ойып тұрып орын алатыны                  1 жасқа дейінгі бала күтіміне төленетін жәрдемақының мерзімін ұзарқаны болды. Жарты жыл аз уақыт көрінгенімен, әр айда алатын жәрдемақы көлемін 6 айға есептегенде жас аналарға бұл да біраз көмек болады ғой. Өзім бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарамын. Білім күні басталғанымен қатар балалардың мектеп формасы, мектепке қажетті құралдар сынды дүниелерін түгендеп, ата-аналардың біраз жерді шарлайтыны жасырын емес. Сондықтан Жолдауда айтылғандай мектеп формасына қатысты мәселе де тез шешімін тапса, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

5 сағатқа жетпей
27 қыркүйек 2024, 10:07
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar