USD474.83EUR515.38RUB5.5

СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫ: ҚЫЛМЫС ПЕН ЖАЗА

02 қыркүйек 2022, 17:42
(Ядролық сынақтың трагедиялы салдарлары жайлы ой-толғау)
СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫ: ҚЫЛМЫС ПЕН ЖАЗА

1991 жылы 29 тамызда әлемдегі ең үлкен ядролық сынақ алаңы – Семей полигоны жабылды. «Уақыт зымырайды, артқа мойнын бұрмайды» демекші,  міне, сонан беріде 31 жыл өте шықты. Жер-Ана тыныштық тапты, ауа да тазарды. Бірақ проблемалар азайды, жүректегі қанды жаралар жазылды деуге әлі ертерек. Көпке аян, сынақ салдарынан жүздеген мың бейкүнә адамдар қырылды. Бүгінгі тәуелсіздік дәуірде «атом сынағы» тіркесі мен «қылмыс» сөзі егіз ұғым есепті. Қала қалама, солай болып естіледі. Әсіресе, Семей өңірі тұрғындары үшін. Төменде құрбандарды тағы бір еске ала отырып, қылмыс пен жаза тақырыбы аясында ой-пікірімізді ортаға салғанды жөн санадық.

Алдымен энциклопедиялық ресми мәліметке жүгінсек, онда: «Семей полигоны - КСРО ядролық сынақ полигондарының бірі, аса маңызды стратегиялық объектісі болды. КСРО заманында Қазақстан аумағында атом бомбалары сынақтан өтті. Ол үшін арнайы 18 млн. га жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Бастапқыда адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Сосын олар жер астында жасалды. Атом бомбаларының жарылыстары сұмдық ауыр болды. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті» делінген.

Көрдіңіз бе, ядролық сынақтан зардап шеккендер саны жарты миллион адам деп көрсетілген. Бұл қылмыс па – қылмыс!

Халық зардапты, әсіресе, ашық сынақтардан тартты. Кеңес Одағы тек 1963 жылдан кейін ғана сынақтарды жер астына жасай бастады (жер астына ауысудың ұйытқысы, бастамашысы   болған АҚШ-қа рахмет!). КСРО-дағы тұңғыш атом бомбасы қалай жарылған еді? 1949 жылғы 29 тамызда тұп-тура таңғы сағат жетіде көз ілеспес жылдамдықпен ұлғайып бара жатқан отты доп кенеттен Жер денесіне қадалып, оны шарпып өтіп, аспанға көтерілген. Отты шардан соң, сұрапыл қуат пен көз қарыстырар сәуле бас айналдырып жібергендей бір сәтте жер қабығының ыстық күлі мен иісі көкке көтерілген. Бұл аждаһа құбылысты Лаврентий Берия, Игорь Курчатов бастатқан әскери шенділер, атақты ғалымдар, кеңестік атом бомбасының толып жатқан идеологиялық, идеялық және техникалық аталары тасадан бақылап тұрғанын айта отырайық.

РДС-2 делінген сутегі бомбасының ашық аспандағы жарылысы 1953 жылғы 12 тамызда Семей ядролық полигонының төңірегін түгел тетірентті. Оның қуаты 480 килотонна еді. Мұндай қуатты жарылыс болып көрмеген. Жарылыстан кейін пайда болған нарттай жанған радиоактивті газдардың саңырауқұлақ секілді бұлты 16 километр биіктікке көтерілді. Осы жарылыстан кейін радиусы ондаған километр болатын жерде дала шөптері бірнеше күн бойы көгілдір сәуле шығарып тұрыпты. 

 Тәбеті ашылған әскери шенділер 1955 жылы 22 қарашада екінші сутегі бомбасын жарды. Оның қуаты 1,7 мегатонна болатын. РДС-37 делінген термоядролық зарядты  ТУ-16А әскери бомбалағышы Семей полигонының үстінен ұшып бара жатып жерге тастаған. Бомба бір жарым километрлік биіктікте жарылды. Жарылыстың соққы толқыны мен жер қабатының дірілі  Қазақстан аумағынан асып, Ресейдің көршіліс аймақтарында анық сезілген еді. Мінеки, қылмыстың көкесі осы 1953 және 1955 жылғы сутегі бомбалары болғаны анық.  Термоядролық қарудың (сутегі бомбасының) авторы академик Андрей Сахаров өзінің естелігінде сутегі бомбасын сынақтан өткізу үшін Семей полигонына барғанын айта келе: «Ғалымдар сынақтан үлкен қауіп болады деп ойлаған жоқ, бірақ соған қарамастан, адамдарды эвакуциялады» депті сабаз. Әрине, бұл өзін-өзі ақтап алудың амалы ғана. Шындығында, жаңа айтылған екі атомдық жарылыстың радиоактивті өнімдері аймақтың барлық елді мекендерін жауып қалды. Көрші қонған әскери объектіде не болып жатқанынан хабарсыз жақындағы ауылдардың тұрғындары радиациялық сәуленің сұмдық дозасын алды.

Кеңес Одағы 40 жыл ішінде полигонда ядролық қарудың кем дегенде 468 сынағын өткізді. Семей ядролық сынақ полигоны – 18,5 мың шаршы шақырымды құрайтын үлкен аумақ (оған төрт миллион халқы бар Кувейт те сыйып кетеді). Қазақстанның қазіргі картасына қарасақ, полигон Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарының бір бөлігін алып жатыр.

Әрине, мұның бәрі белгілі жайт. Менің мақсатым – әскерилер мен ғалымдардың өз халқына опасыздық жасап, саналы түрде зор қылмысқа барғанына назар аударуға саяды.  Ең жаманы, ел-жұртқа ең болмағанда, сынақ зардаптары туралы, олардан қалай сақтану керектігі жайлы мәліметтер жетпеді. Ажал төніп тұрғаны дұрыстап ескертілмеді. Тек 1953 жылдан бастап қана  адамдар мен малды радиоактивті заттардың таралу аймағынан уақытша көшіру, оларды қарабайыр қорғаныш объектілеріне, орларға немесе кепелерге жасыру әрекеті іске аса бастады. Бұл да алдамшы әрекеттұғын. Өйткені, жарылыстан соң адамдар радиациядан былғанған жерлердегі өз үйлеріне оралып отырды. 

Бір сөзбен айтқанда, Мәскеу билігі жергілікті халықтың амандығын ойлап бас қатырған жоқ. Оның салдарын жоюға да көк тиын бөлген емес (мәселен, Невада тұрғындары керемет қамқорлыққа бөленген еді).  Семей ядролық полигонындағы сынақтардың әсері туралы алғаш рет Қазақ КСР Ғылым академиясы  кең ауқымды медициналық-экологиялық зерттеулер жүргізген еді. Ғалымдар полигонға жақын маңдағы елдімекен тұрғындары әлі күнге дейін радиацияның әсерінен туған аурулардан зардап шегіп, сәулеленудің салдары тұқым қуалап, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырғанын айтады. Ғылым академиясы өлкелік патология институтының директоры болған Бахия Атшабаров радиацияға ұшыраған адамдардағы патологиялық өзгерістер жиынтығын «Қайнар синдромы» деп атады.

Жер асты дүмпулеріне келер болсақ,  1963-1989 жылдар аралығында Семей полигонындағы Дегелең тауының жер асты шахталарында 340 жарылыс жасалды. Яғни, жыл сайын 14-18 ядролық сынақ өткізілген. Осынау көп дүмпудің салдарынан бір кездері жартастардан құралған Дегелең тауы іс жүзінде киыршық тас үйіндісіне айналды. Жер астындағы әрбір үшінші жарылыстан соң, жарылыс нәтижесінде пайда болған жарықтар мен саңылаулардан радиоактивті газ шығып кетіп жатты. 1989 жылы 12 ақпанда кезекті жоспарлы ядролық сынақ өткізді. Үңгірлердің бірінде қуаты 70 килотоннадан астам ядролық заряд жарылды. Соның салдарынан жер бетінде саңылаулар пайда болып, олардан екі тәулік бойы радиоактивті газдар шыққаны аян. Содан пайда болған радиоактивті бұлт             30 мыңнан астам адам тұратын аумақты бүркеді. Зерттеушілер радиациялық фон 3000-4000 микрорентгенге жетті дейді. Бұл  сағатына 15-20 микрорентген болатын қалыпты жағдайдан, яғни табиғи радиациялық фоннан екі жүз есе асып түсті деген сөз.

Сөйтіп, ядролық полигон сынағы салдарынан тұрғындардың қынадай қырылғаны өтірік емес. Дәлел де өтінбейді. Бірақ құрбандардың нақты санын айту мүмкін емес қазір. Өйткені, полигонға қатысты барлық деректер өте құпия түрде сақталып, Мәскеуге жөнелтіліп отырған. Қызыл империя өзінің зор қылмысқа барғанын жақсы білген. Құжаттардың көбі жойылып кеткені сондықтан. Мәселен, қанша бала туды, қаншасы шейіт болды деген деректерді аудандық архивтен де таба алмайсыз. Біздер, соғыстан кейін туған ұрпақ бәрін өз көзімізбен көрдік, көбіміз полигон зардабын тартып келеміз.  Қан қысымымыз көтеріледі, сүйегіміз ауырады, тісіміз ерте түседі дегендей.  Реті келген соң айта кетейін, мен кезінде Ертіс жиегіндегі 4-5 ауыл тұрғындары арасында журналистік зерттеу жүргізген адаммын, 1953-1957 жылдар аралығында туған, сәби шағында сәуле алған адамдардың өлі-тірісін анықтап. Шағын зерттеудің нәтижесінде сутегі бомбасы сыналған жылдары туған сәбилердің  көпшілігі шетінеп кеткені анықталған еді (бұл тексеріс арнайы мақаламда жарияланған). Құрбандардың санын шамалап болса да білудің тағы бір амалы ауыл-аймақтың  зираттарын аралап, тексеріс жүргізу. Жасы 50, 60 жетпей бақилық болған марқұмдардың басым көпшілігі радиациялық сәуле алғандар екені шүбәсіз. Айтайын деген ұсынысым, ерте ме, кеш пе, әр өңірде «Ядролық қылмыс» кітабы ашылып, онда марқұмдардың тізімі жасалса құба-құп.

Қылмыс жайлы айттық, енді жазаға ауысайын. Жоғарыда Лаврентий Берия, Игорь Курчатов бастатқан әскери шенділер, атақты ғалымдар, кеңестік атом бомбасының толып жатқан идеологиялық, идеялық және техникалық аталары алғашқы жарылысты тасадан бақылап тұрды дегенбіз. Бұлардың қай-қайсы да Құайдан жазасын алған, яғни көп ұзамай-ақ, бәрі дерлік о дүниеге аттанған екен.

Бірақ,  Дегелең аумағында ядролық полигон орталығы болған әскери қалашық Курчатов есімін сақтап қалып отыр. Неге? Бұл көкейге қонымсыз, ақылға сыйымсыз жайт қой. «Малдың сыры иесіне мәлім» демекші, егер Курчатов   халықты радиациядан сақтандыру мен қорғауға жанашыр болса, әңгіме басқа. Ең құрығанда, айталық, әр ауылда  емхана салуды қатаң талап етті ме?  Қайдағы? Сутегі бомбасынан төнген ажалды жақсы біле тұра, халыққа араша түспеді. Сынақшы топтың серкесі, сутегі бомбасы үшін үшінші «геройды» омырауына таққан Игорь Курчатовтың (1903-1960) жұмған аузын ашпауының өзіндік себебі бар.  Ол –  үш әріптің (ГПУ-дің) сенімді қасқасы екен.   Ең қызығы, аты әлемге әйгілі физик-ядершік когортасында Курчатов аталмайды, шетелдерге де беймәлім. Демек, ғалымдығынан шенеуніктігі басым болған.  Документалист орыс журналистері осылай дейді. Сонымен, жазықсыз құрбандар аруағы разы болсын десек, қатігез, жаналғыш адамның есімі қазақ жерінде мүлдем өшірілсе игі. Тақырыпқа «жаза» сөзін жазғандағы мақсатым да –  жұрттың назарын осы Курчатов есімін өшіру, жою мәселесіне аудару еді. Оның орнына полигонға қарсы алғаш дауыс көтерген Мұхаметқали Сужиков (1910-1999) дәріп-телсін. Ол Семей обкомының бірінші хатшысы қызметінде жүріп «Халықты қорғау, дәрігерлік көмекті еселеу қажет» деп  ашына айтқан, полигонды жабуды өтінген қайраткер. Сол Мәскеуге жолдаған хаты соры болып, есіл ер 1960 жылы қызметінен алынды, көп қудалау көрді. 

Полигонға қайта оралайық. Ол мәңгілікке жабық. Бірақ, проблемалары қалды. Оларды шешудің жолдары қайсы? Осыдан бір жыл бұрын Семей қаласында құрылған «Полигон - 21 Комитеті» атты  Қоғамдық бірлестіктің төрағасы Қайрат Мирашевпен осы жайында сұхбаттасқан едік. «Қаламыздың бір топ белсенділері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері жиналып құрылған «Полигон-21 Комитеті» ресми түрде тіркеліп, жұмысын бастап та кетті, – деді Қайрат Қайырғалиұлы. – Басты мақсатымыз, ескі заңның орнына бүгінгі күнгі талаптар ескерілген полигон туралы  жаңа Заң қабылдауға қол жеткізу. Атап айтқанда, жаңа заңда бұрынғы полигон аймағында тұратын халық жеткілікті деңгейде әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етуді,   зейнеткерлікке ертерек шығуды,  халыққа қажетті медициналық көмектерді сапалы көрсетуді талап етпекпіз». Бұл жеңілдіктер, әрине, қомақты қаржыны талап етеді, оған қолдау, көмекті қай тараптан күтесіздер? Осы сұрағыма: «Біріншіден, өз Үкіметіміз қолдау көрсетеді деген сенімдеміз. Екіншіден, 2020 жылы 21 желтоқсанда Нью-Йорк қаласында БҰҰ-на мүше мемлекеттерді Семей өңірінің халқын оңалтуға, қоршаған ортаны қалпына келтіруге және экономикалық дамуына үлес қосуға шақыратын БҰҰ Бас Ассамблеясының Қарарына қол қойылды. 118 донор ел осы қаулыны мақұлдаған болатын», – деді комитет төрағасы.

Сонымен, ядролық сынақтың трагедиялы салдарларымен күрес аяқталған жоқ. Полигон аумағын көркейтуге және ондағы тұрғылықты халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартып,  денсаулығын оңалтуға Үкі-метіміз де, халықаралық қауымдастық, яғни жер-жаһан елдері де атсалысуға тиісті. Бүкіл адамзат қарыздар. Неге десеңіз, біздер, Семей өңірінің халқы, 40 жыл бойы бүкіл әлемдік атом сынағының материалы әрі «эксперименті» болғанымыз ешкім де жоққа шығара алмайтын тарихтың ащы шындығы.

Асан ОМАРОВ, зерттеуші

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

24 шілде 2024, 18:41
19 шілде 2024, 23:40
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar