USD524.65EUR552.19RUB5.14

Рухани орталықтың рухын түсірмейік

15 қаңтар 2020, 09:40
Қазір Семейдің көшелеріндегі кез келген тұрғындарынан қазақтың рухани орталығы Семей қаласының ахуалына көңіліңіз тола ма? деген сауал қойсаңыз, ешкім де толады деп жауап бермесі анық.
Рухани орталықтың рухын түсірмейік

Осыған жауап бермес бұрын қаланың өткен жолдарына шолу жасап көрейік. Қазақ даласы Ресей империясының бодандық бұғауына түскеннен кейін отаршылар әкімшілік басқару жүйесін 19-ғасырда Орынбор, Омбы, Ташкент үш генерал-губернаторлығына бағынатын облыстарға, облыстар уезге, одан болысқа, болыстар ауылға бөлінетін жүйемен басқарды. Оған дейін болған аға сұлтан басқаратын сыртқы округтар, Батыста Бөкей Ордасы, Каспий бойының біраз жерлері Закаспий облысына т.б. әкімшілік құрылымдары болды. Жоғарыда аталған үш әкімшілік орталықтардың екеуі Орынбор, Омбы Ресей құрамына кетсе, Ташкент өзбектерге қарап кетті. Ал, енді ішкі әкімшілік орталықтардан Семей, Орал, Верный қалаларының маңызы жоғары болды.Бірақ осы үш облыс орталықтарының Семеймен бой таластыратындары болған жоқ. Ал, Петропавл (Қызылжар), Қостанай, Көкшетау, Ақмола, Павлодар, Өскемен, Ақмешіт, Шымкент, Әулиеата, Ақтөбе, Гурьев (Үйшік) т.б. шағын ғана уезд орталықтары болды.

20 ғасырдың табалдырығын аттағанда қазақ жеріндегі қалалардың ішінде Семейдің шоқтығы бәрінен биік тұрды.

Соңғы кездері Семей қаласының мәртебесін қайта қарау туралы мәселелер жиі көтеріле бастады. Өйткені Семей ерекше мемлекеттік маңызы бар қалалардың алдыңғы легінде тұр. Кезінде Алаш көсемдерінің бірі М.Дулатов: «Семей – бір елдің миы мен ақыл-ойының жемісі» деп тегін айтпаған. Облыстық мәртебесінен айырғанымен, Республикалық қала мәртебесін алуға толық мүмкіндігі бар. Жақында Парламент мәжілісінің депутаты «Ақ жол» партиясының төрағасы А.Перуашевтың премьер-министрге депутаттық сауал жолдауы бүкіл қазақстандықтардан үлкен қолдау тапты. Осы мәселені Семейден түскен Н.Сабильянов  т.б. депутаттар көтеріп, сауал қоюға жарамағаны жерлестерінің ренішін туғызғаны анық. Республикалық мәртебесі бар қалалар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент ірі мегаполис болғандықтан, шарты толып тұр. Одан кейін Түркістан діни орталық, Семей рухани орталық деп осы бестіктің қатарында аталып келді. Киелі Түркістан қаласы облыс мәртебесін алып, қала құрылысы қарқынмен қолға алынуы оң шешім болды. Оған бүкіл қазақстандықтар риза болып отыр.

Қазақстан Одақ құрамында болған кезде 19 әкімшілік облыстарға бөлінді. Одан қайран Димекеңнің кең ойлап, кең пішетін кемеңгерлігіне тәнті боласың. Оған сол жылдары жаңадан құрылған Маңғыстау (Ақтау), Жезқазған, Талдықорған, Торғай (Арқалық) облыстары жатады. Егемендік алғаннан кейін әкімшілік құрылымдарды ықшамдау кезінде Маңыстау облысы сақталды да, Жезқазған, Торғай, Талдықорған облыстарымен бірге Семей облысы да таратылды. Ол жағдай сол кездегі экономикалық қиыншылықтардан туған шығар. Кейінірек Талдықорған қаласына Алматы облысының орталығы мәртебесі қайта берілді. Жезқазған мен Арқалық қалаларын айтпай-ақ қояйын. Қазіргі Ақмола облысының орталығы Көкшетау мен Алматы облысының орталығы Талдықорған қалаларының екеуінің халқын қоссаң да, бір Семей қаласының халқына жетпейді. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Қазақ АКСР-нің бірінші орталығы, яғни астанасы Орынбор қаласы болды деп аталады.

Ендігі негізгі тақырыпқа ойысайық. Қаламыздың қазақтың рухани орталығы болғаны туралы дәлелді ойлар жетіп артылады. Жалпы алғанда оқырмандарымыздың бұл жағынан хабарларының көп екендігі ешқандай талас тудыра қоймас. Солай болса да ең басты-бастыларына қысқаша тоқтала кетейік. Қаламыздың қай көшелеріне барсаңыз, онда Абайдың, Шәкәрім мен Мұхтардың т.б. қазақтың маңдай алды тұлғаларының басқан ізі жатыр. Қазақтың зиялы қауымының Семей топырағын баспағандары кемде-кем, ақын-жазушыларымыз бен өнер саңлақтары, ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің басым бөлігінің тағдырлары осы қаламен байланысты. Семейде оқып білім алған С.Дөнентаев, Қ.Сәтбаев, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, Ш.Айманов, Ә.Марғұлан т.б. жоғарыда аты-жөндері толық айтылмаған барша алашорда қайраткерлерімен Абайдың ақын мектебінен тәлім-тәрбие алған ақын-жырауларды, Парижде тұңғыш ән шырқаған қазақтың атақты әншісі Әміренің, актриса Ә.Өмірзақова мен Бибігүлдердің Отаны емес пе? Семей топырағында атақты Қажымұқан да өнерін көрсеткен. Семей – қазақ театр өнерінің отаны. Ең алғаш М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» спектаклі осы жерде сахналанған. Семей – қазақ футболының отаны, «Ярыш» футбол командасында жасөспірім студент М.Әуезов ойнаған болатын. Семей қаласы туралы айтқанда, тек жергілікті қазақ халқымен шектелмей, көп ұлтты интернационалдық қала болғандығын айтпауға болмайды. Осында саяси сенімсіз деп танылған, жер аударылған орыстың ұлы жазушысы Ф.М.Достоевский мен т.б. ақын-жазушылар мен қоғам қайтраткерлері, туыстас татар халқының кәсіпкерлері мен көпестерінің және жергілікті халықтардың діни сауатын ашуда үлкен орын алатын медреселердің халықты имандылыққа тәрбиелеуде зор үлес қосқандары ерекше маңызға ие және олардың қолтаңбалары жатыр.

1864-1881 жылдары қазақ жерінің бір бөлігі Қытайға өтіп кеткенімен, сол жақта тұратын қазақтың найман, керей тайпаларының үлкен бір бөлігі Семеймен байланыста болды. Шәуешек, Жеменей, Сарысүмбе, Буыршын т.б. қалаларда және Қобда аймағында сауда (Моңғолия) қоныс тепкен қазақтар рухани жағынан да, сауда-экономикалық жағынан да осы қаламен тығыз қарым-қатынас жасап отырды. Осындай сыртқы байланыс жасауда уездік мәртебесі бар қала Зайсан мен Бақты бақылау өткізу пунктері арқылы жүзеге асырылып отырды.

Кеңестер Одағының Семейге әкелген ең ауыр қасіреті ядролық сынақ полигонына айналуы дер едік.

Ядролық полигон жайында ресми мәліметтерге сүйеніп, шолу жасасақ: 1940 жылдың екінші жартысынан бастап Қазақстан территориясының 1/3-і ядролық қаруды сынайтын зертханаға айналды. 1947 жылы тамызда КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен Семей облысының аумағында шартты түрде «2-оқу полигонын» құру туралы шешім қабылданды. Оған 18 млн. га. жер бөлінді. Онда 456 ядролық сұмдық жарылыс жасалғаны белгілі. Шын мәнінде бұл Қазақстанға қарсы жарияланбаған соғысқа ұқсас болатын. 1949 жылы 29-тамызда алғаш рет жер бетінде ашық жарылыс болды. Адамзат баласына үлкен қасірет әкелетін бұл зұлматты жоюда, ауыздықтауда қазіргі елбасымыз, еліміздің бірінші президенті Н.Ә.Назарбаевтың ядролық полигонды жабу туралы жарлыққа қол қоюының тарихи маңызы өте зор болды. Не көрмеген Семей, бұл қасіретті де басынан өткерді. Антиядролық Невада-Семей қозғалысы халықаралық сипат алды. Бұл қозғалысты қолдап 42 елдің парламентарийлерінен тұратын делегация бүкіл дүниежүзілік сынаққа қарсы ашық хат жариялады. Енді Семей қаласының орнауы 1718 жылы Семипалатинск бекінісінің салынуымен ресми түрде аталады. Жалпы алғанда бізде Ресей мемлекетінің бодандығында болған жылдары салынған қала-бекіністердің уақытымен аталуы дәстүрге айналған. Мәселен, Верный бекінісі 1854 жылы салынды. Сол Верный бекінісі Семейден Сергиополь (Аякөз1831 жылы) арқылы Жетісуға бет алған казак-орыстар Қапал бекінісі (1847) приставтығынан оңтүстікке қарай өтіп, 1854 жылы Верный бекінісі орнығыпты. Сол Алматы қаласының мың жылдығы аталып өтті. Бұл тұста қазақ тарихшы-ғалымдарының қосқан сүбелі үлестерін ерекше атау керек.

Семейге (Семипалатинск) келсек, бұл дата нақты тарихи дерек деуге келмес. Ендеше Семипалатинск орнықпай тұрғанда жергілікті қазақтар Семейтау деген атауды қайдан алды? Қазақта тау жоталарының осындай тіркестермен Шыңғыстау, Көкентау, Шұбартау, Көкшетау, Ақтау, Ұлытау, Қалбатау, Кішкенетау (Зайсанда Сауыр тауының сілемі), Қаратау, Алатау т.с.с өте көп жер-су атаулары кездеседі. Семейлік тарихшы-ғалым т.ғ.к. А.Исин осы атауға байланысты өз пікірін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп жазыпты. Онда Семей атауын Сүме (түркі-моңғол) тілдерінде қолданыллатын сөздермен байланыстырады. Қазіргі Қытай жеріндегі қазақтар Сарысүмбе қаласының орыс тілді карталарда Шара-Сумэ деп аталуында сабақтастық бар сияқты. Бұл мәселе де шешімін табатын шығар.

Семейдің туристік қала болуына мол мүмкіндіктері бар. Семей – Бөрілі – Жидебай қорығынан Қоңыр әулие үңгіріне дейінгі маршрутының келешегі өте үлкен. Қазақстандағы ең ірі өзені Ертіс бойымен Семей – Курчатов – Павлодарға, Шығыста Өскемен бағытындағы Бұқтарма (Көгілдір шығанақ) Зайсан көліне дейін де маусымдық су жолы туризмін  қолға алуға болады. Оны келешектің жоспары деп қарасақ та қолға алынса игерілетін шаруа. Жапондар Хиросима мен Нагасакиді әлемнің әр түкпірінен келген туристерге жарнамалап қойды. Курчатов-Дегелең бағыты да су жолымен де, темір жолмен де, автомобиль жолымен де әбден көрсетуге тұратын маршрут бола алады. Қаланың ішінде қаншама тарихи үйлер, ғимараттар бар. Егер реставрациялауды жедел қолға алса, қаланың ажары ашыла түсер еді. Кезінде Семейдің ең әдемі көрсең көзің тоятын бұрынғы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының ғимараты қандай күйде тұр?

Семей Қазақстандағы жеңіл және тамақ өнеркәсібінің аса ірі орталығы болды. Қалада Кеңес үкіметі кезінде 4 (ЖОО) институттар мен жиырмаға жуық арнаулы оқу орындары (техникумдар) жастарға білім берді. Республикада Алматы мен Қарағандыдан үшінші білім ордасы көп орналасқан Семейді студенттер қаласы деп атайтын. Қазақстанның 19 облыс орталықтарының ешбірінде Қарағанды мен Семейдегідей оқу орындары болған жоқ. Әрине, астанамыз Алматыны қоспағанда.

Әдетте, қалалардың кіре берістегі бөлігі адамға сондай әсер беретіні рас. Ал, Семейге Алматы трассасынан кіре бергеніңде жолдың екі шетінен қалың зираттар қарсы алғанда жолаушының көңіліне кері әсер етеді. Мұндай жағдайды Семей – Қайнар бағыты тас жолында да көресіз. Әйтеуір Семей – Павлодар бағыттағы қалың зираттарды қарағай ормандары жасырып тұрғандай әсер береді. Оған да шүкір дейміз. Семей облысының таратылғанына (1997 ж) биыл аттай 23 жыл болыпты. Енді қаланың мәртебесін статусын қайта қарайтын уақыты келді. Облыс мәртебесі берілмесе де, ерекше маңызы бар қала болғандықтан республикалық қала мәртебесі берілуі тиіс.Қазақ темірді қызғанда соқ демей ме,бұл заң ұлы ақын Абайдың туғанына 175 жылдығын атап өту қарсаңында қабылданса нұр үстіне нұр болады.Оған біздің мемлекетіміздің құзыры да,экономикалық мүмкіндігі де жетеді.Бұл бір ғана мақаланың авторы менің ғана емес,барша Семей жұртшылығының,одан қалса барлық қазақтардың,қазақстандықтардың ойын білдіреді және оны барлығы қолдайды деп сенемін.Осы бастамаларымыз қолдау тауып,орындалған жағдайда қарт Семей қайта түлеп,туристерді өзіне тартатын донор қала болатынына,әлеуетінің ашыла түсетініне кәміл сенеміз.Мемлекет басшысы президент Қ.К.Тоқаевтан Семейге республикалық қала мәртебесін беру туралы халқымыздың көтерген мәселелеріне қолдау білдіреді деген үмітіміз бар. 

М.Жеңсеханов

ардагер-ұстаз, Зайсан ауданының құрметті азаматы               

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar