USD474.83EUR515.38RUB5.5

ОҚУДАН БҰРЫН ОҚУҒА ҚҰРАЛ КЕРЕК

25 тамыз 2022, 15:21
Санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы да басталады. Әрбір ата-ана балаларымен бірге дайындықты бастап та кетті. Шыны керек, оқу құралдарының құны аспандап тұр. Көпшіліктің айтуынша, тапқан табыс шай-пұлынан аспайтындары рас. Шаңырағында төрт-бес баласы бар отбасылар үшін, «былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» керімен екі оттың ортасында тұрған жайы бар.
ОҚУДАН БҰРЫН ОҚУҒА ҚҰРАЛ КЕРЕК

Қыркүйек қарсаңында саудасы қызған дүкендер, бағаны тіптен шарықтатып жіберген. Азық-түлік бағасы қымбаттады деп аптығып едік,  оқу құралының қымбаттағанын естіп халық  сабылып кетті. Көтерме саудагерлер әдетте, шығындарды жабу және пайда табу үшін тауарға 20% көлемінде үстеме баға қосады. Бір бағаның үстіне-бір бағаны қосып, алыпсатарлар да мүмкіндікті қалт жібермей әлек. Қалаға қарапайым халық ауыл-аймақтардан қалталары қампиып келетінін біліп, ауыздарын аңқитып үш есе қосып өткізіп жібереді.  Қаламыздың орталығында орналасқан базардың іші де, сырты да көздің жауын алатын, балалардың барлығын қызықтыратын оқу құралдарына толып тұр. Бала қалаған затын сұраған кезде,  бірден сатып әпергің-ақ келеді. Алайда, айды аспанға шығарған сандар екінің бірінің қалтасын көтере бермейді. Қаржысы жетпеген жандардың балалары бір форманы кезек-кезек немесе былтырғысын киіп күнкөреді. Әрине, жылына жаңа формаға қаражат қайдан табылсын. Жыл сайын мектеп формаларына өзгерістер еніп, жаңа форма үлгілері шығуда. Оның дизайны мен түсін таңдайтын мектеп басшылығы барлық оқушыларына киюге міндеттейді. Ал әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың шама-шарқы мұндай өзгерістерге жете бермейді. Бұл мәселе билік басындағылардың қаперіне кіре ме екен өзі? Биылғы жылы олай  болмайды-ау. Себебі,  жуық арада Білім министрлігі мектеп формасына қатысты шешім қабылдаған болатын. “Ата-аналардың, мұғалімдердің, мектеп әкімшіліктерінің, Білім басқармасы басшыларының пікірлерін тыңдап, көбі мектеп формасын жақтайды деген қорытындыға келдім. Бірақ, мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірлерін саралап, барлық жағдайды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке  тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киіммен де келуге мүмкіндік беретін шешім қабылдадық. Бұл шешім тек қана келесі оқу жылы үшін қабылданды”,- деді А.Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Осы орайда, мектеп формасы - тек  оқушылардың ғана киімі емес, ол сол елдің мәдениеті мен дәстүрін де айшықтайтын көрініс  болу керек деп ойлаймын. Мәселен, шетмемлекетке көз салсақ...

Британдық мектеп формасының стилі классикаға негізделген. Ортаңғы сынып оқушылары батыс стиліндегі ортодоксалды форма киеді. Ер балалар классикалық костюм мен галстук тағып, былғары бәтеңке киеді, қыздар да батыс стилінде киінеді. Ал, Америка Құрама Штатында оқушылар үшін киім таңдауда шектеу жоқ. Олар мектеп формасын кию, кимеуді өздері шешеді. Сонымен қатар Жапон оқушылары үшін мектеп формасы тек мектептің символы ғана емес, заманауи сәннің ағымы болып саналады. Тіпті, мектеп таңдаудың факторы болып та табылады. Сол себепті, мектеп формасын матрос костюмі деп атайды. Сондай-ақ, мектеп формасына анименің элементтерін қолданады.

Біздің елде ше? Осыдан біраз жыл бұрын мектеп формасы ұғымы пайда болып, еліміздің түкпірлерінде бірдей форма кие бастады. Алғашында  ата-аналары мен балалары мектеп формасын өздері таңдайтын. Бастысы ақ кеудеше мен қара белдемше болса болғаны. Мұны әркім түрліше қабылдады. Оқушылар арасында бай мен кедей топтарына бөлінуді шығарды. Есесіне оқушылар әлеуметтік дәрежесін пайдаланып, қымбат бағалы киімдер кие бастады. Осындай оқиғалардан кейін соңғы жылдары бірдей үлгідегі форма кигізу бекітілген болатын. Менің ойымша, осы шешім орынды сияқты.  Неге десеңіз  бірыңғай форма әлеуметтік теңсіздікті жасыруға септігін тигізеді. Оны кию арқылы, жасыратыны жоқ шамасы жоқ отбасыдан шыққан балалар қалталы азаматтардың баласымен тең дәрежеде сөйлесе алады. Бала болғаннан кейін, мазақ пен күлкіге айналыра мақтану қалыпты деп санауы мүмкін. Дегенмен, осы тақырып төңірегінде  қаншама баланың рухани даму процесіне кері әсер етеді. Әсіресе, бастауыш сыныпты бітіріп, орта мектепке ауысқан оқушылар арасында әлеуметтік жағдайға немесе қызығушылығына байланысты топқа бөліну пайда болады. Кейде бұған бірыңғай мектеп формасының, ішкі тәртіптің, бақылаудың болмауы да себеп . Бір сыныпта біреудің әлпештеген жалғыз баласы да, көпбалалы отбасынан шыққан балалар да, толық емес отбасында тәрбиеленген ұл-қыз немесе жетім балалар да бірге оқиды. Соған сәйкес, оқу құрал-жабдықтарының түр-түсі мен сапасы, мектеп оқушыларының киіну стилі, өзін-өзі ұстауы, тіпті оқу үлгерімі де  әртүрлі болуы мүмкін. Кейде ойлаймын, ақ фартук пен ақ бандикігімізді қайта жаңғыртып жаңартсақ құба-құп болар ма еді? Әке-шешелеріміз киген киімді неге кимеске? Бағасы да арзан, қолжетімді..

Мақалама тұздық болсын деп, қаламызға қарасты, халық көп шоғырланған  «Ақшың», «Жансая», «Қазына» сияқты сауда орталықтарына мектеп тауарларының бағасын білуге барып қайттым. Биылғы оқу жылында, қаламыздың барлық мектептерінде қою көк форма бекітілген. Форманың түсіне таласып, бірдеңеден құр қалғандай жанталасып жатқандардың үстінен түстім.  Бір оқушыны мектепке дайындау үшін сатып алынатын киім-кешек пен оқу-құралдарының  ең төмен бағасын есептеуді жөн санадым.

Байқауымша, әсіресе киім-кешек  бағасы әкесінің құнын сұрайды. Мектеп формасының өзі 15-16 мың теңге тұрады. Ақ жейденің  ақшасы 5 мың теңге. Біреу ғана алып қойсаңыз жарайды ғой. Аптасына екі-үш мәрте ауыстыратынын  қосыңыз. Баланың үстін түгендеп бітем  дегенше, әмияндағы ақшаның түбі көрінеді. Ол - ол ма, сауда орталығындағы үлкенді-кішілі сөмкелер 8-12 мың теңге аралығында. Шалбарлардың  ең арзаны – 5-7 мың теңге. Балалар желеті, пуловер мен жемпір орташа бағамен алғанда  7-8 мың теңге. Спорттық костюмдер 10 000-нан 20000  теңгеге дейін барады.

Салыстырмалы түрде, қыз балаларға арналған киімдер, ұл балаға қарағанда қымбаттырақ. Мектеп формалар 19- 26 мың теңгені құрайды. Тастармен көмкеріліп, жылтырлармен тігілгені тіптен қымбат.  Ақ жейде – 6-7 мың, көйлек – 10 мың, юбка мен шалбар – 12-15 мың, жилет – 8 мың, ал жәкет – 10-13 мың теңге. Сөмкелер - 8-15 мың, қыздардың туфлиі 7 мың, спорттық аяқкиім 10-12 мың теңгені құрайды.

Мектеп жыры мұнымен аяқталсын ба? Киім-кешектен өзге де құрал-жабдықтары жетерлік. Орталықтарда баға әртүрлі. Қаламсаптар  50-150 теңгеден,  он екі беттік дәптер –  80 теңгеден жоғары, жай қарындаш – 45-50 теңге, бояулар – 800-1500 теңге,  Фломастер – 600-1500 теңге. Сызғыш, өшіргіш, пенал, қылқалам жинағы, ұштағыш –  3000 теңге. Бір баланы толықтай мектеп оқу жылына дайындаймын дегенге, орташа есеппен бір жалақыңыз да жетпейді. Балаңызды мектепке дайындау үшін сізге кем дегенде жүз мың теңге қажет.

Облыста аз қамтылған және көпбалалы отбасылар аз емес. Жаңа оқу жылында көмек қолын созып, оқуға керек заттарын алып, тарататын жаны жомарт жандарымыз да бар. Бірақ, ол адамдар мен мемлекеттен бөлінетін керек құралдар ата-ананың қалтасынан қаржы шығармай қоймайды. Әсіресе, ата-аналар мемлекет беретін форманың өзін емес, ақшасын алғысы келетінін  жасырмайды. Себебі, ата-ана үкіметтің бөлген ақшасына киім алып беретін әкімдіктегілерге мүлдем сенбейді. Өйткені, олардың балаларға алған киімдері біріншіден сапасыз, екіншіден көлемі сай келмейді,- дейді.

 Жаңа оқу жылы басталмай жатып, білімге емес, киімге көп көңіл бөліп кеткендейміз бе? Қорытындылай келе,  тауар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін тиістілер бағаны бақылауға  алса игі.  Ескі форманы сақтап қалған жөн, өзгертудің қажеті жоқ еді. Осы кезде форманың да бағасы тұрақталып, халықтың қалтасына ауыртпалық түспес еді.

Мөлдір ҚАСЫМБАЕВА, қала тұрғыны: – Мектепте  5-сыныпқа баратын ұлыма тек күзгі мектеп формаларын алуға 60 мыңнан  жоғары теңге қаржы жұмсадым. Енді, сөмке мен спорттық киімдерді, оқу құралдарын алуым керек. Мен анау-мынау дүкендерден емес, базардан ең арзанын алдым. Базар бағасының өзі шарықтап тұр. Отбасында отағасының ғана жұмысы бар. Сонда көп балалы отбасылардың балалары қайтпек?

Айгүл САУМЕТОВА, қала тұрғыны: – Мен үй шаруасында отырған анамын, 4 балам  бар. Жыл сайын мектеп формасын сатып алып береміз. Қазіргі киімдердің сапасы нашар, келесі жылға жарамайды. Үш балам  № 26 орта мектепте оқиды. Олардың мектеп формасын алуға 120 мың теңге, яғни, әрбір ұл-қызымның киіміне 40 мың теңгеден жұмсадым. Ақшаны үнемдеу үшін, ең арзанын алуға мәжбүр болдым. Бізге мектеп формасы сатылып жатқан арнайы орыннан алыңыздар,- деп айтқан еді мектеп тарапынан. Алайда, бұл жердегі бағалар көңіліме қонбады. Өте қымбат.

Әйгерім ҚАСЫМҚЫЗЫ, қала тұрғыны: – Мен қызымды Абай атындағы №31 жалпы орта мектебінің ұзартылған тобына жаздыру үшін барғанымда апайлар мектеп формасын алуым керектігін айтты. Содан қызыма форма іздестірдім. Нақтырақ айтсам, жакетін 4000 мың теңгеге, юбкасын 5500 теңгеге сатып алдым. Арада 1 ай өткен соң ата-аналардың әлеуметтік желіде мектеп формалардың бағасы туралы жазғанын оқып, қымбаттағанына көзім жетті. Әрқайсысына 1000 теңгеден қосылған. Кәсіпкерлер ата-аналардың қалтасын қағып аяқастынан тез байығысы келген шығар. Бұл әрекеттерін ұят деп санаймын.

Мәншүк МАМЕТОВА, қала тұрғыны: - Менің екі балам мектепте оқиды. Бағалары өте қымбат. Әзірге құрал-жабдықтарын ғана алдым. Соның өзіне, 30 мың қаржы жұмсадым. Мектепке арналған киім-кешек, оқу құралдардың базардағы бағаға қарағанда, «Жұмабек» дүкенінде арзанырақ екен. Әлі алмай жатқан ата-аналарға  тұрақты  баға ретінде кеңес айтамын.

Манат МАРАТ, қала тұрғыны: - Иә, бірсыпыра киімдерін ғана алдық. Мектеп оқушысы болғаннан кейін былғанып қалуы мүмкін. Сондықтан, ауыстырып киетін киімдерін алдағы уақытта киім бағалары түскен кезде алып беремін. Құзырлы мекемелер мектеп формасын әр мектеп бойынша емес, Қазақстан бойынша бірыңғай етіп, барлық сауда нүктелерінде бірыңғай бағамен шығаруды қолға алса құба-құп болар еді. Екі ұлыма екі жүз мыңнан артық қаржы жұмсадым.

Сымбат ҚАЙРАТҚЫЗЫ

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

24 шілде 2024, 18:41
19 шілде 2024, 23:40
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar