USD524.65EUR552.19RUB5.14

БІЗ КІМДЕРДІ ЕЛІКТЕП ЖҮРМІЗ?

18 тамыз 2022, 14:29
Бүгінгі күні жастар тәрбиесі жайлы айтылып та, жазылып та жауыр болған тақырыптар қаншама. Бірақ нәтижесі кері кетіп жатқандай көрінеді. Әлдебір БАҚ-дағы мақалаларда болмаса әлеуметтік желіде жастарымыз еліктеушіліктің соңында жүр деген жазбалар да бірінен соң бірі жарияланып жатыр емес пе?
БІЗ КІМДЕРДІ ЕЛІКТЕП ЖҮРМІЗ?

Осы орайда «Бала тәрбиесі - бесіктен» деген сөз еріксіз ойға оралардай көрінеді маған. Демек, отбасындағы тәлім-тәрбиенің бала өміріндегі кезеңдерге әсері көп дейміз бұл жағдайда. Алайда, кімде-кім болмасын баласын жаман болсын деп бағып-қақпайтыны анық қой. Қазір кәмілеттік жасқа толған жасөспірімдерді былай қойғанда, балабақша қабырғасында жүрген бүлдіршіндердің өзі ненің не екенін білетіндей дәрежеде. Өйткені, отбасындағы берілетін тәрбиеден бөлек, ұялы телефондарды қолға алып, соның ішінен шыға алмай қалатыны тағы бар. Ал, онда балалардың санасын улап жатқан түрлі-түсті бейне роликтер жетерлік. Анығын айтқанда «Тик-ток» әлеуметтік желісіндегі түрлі бейне роликтер баланы ерте есейтіп жібермесе, жақсы жағынан көмектесе қоймасы анық. Ондағы түрлі билер, пранк (қорқыту, үркіту, алдау, өтірік жылап, өтірік күлу, айғай) сынды толып жатқан эмоциялы көрсетілімдер балаңызды бір-ақ күнде әртіс қылып жіберетіні сөзсіз.

Күнделікті күйбең тірліктің қамымен таңның атысымен жұмысқа кетіп, кеш бата оралатын ата-аналар үшін бала тәрбиесінің тасада қалып қоятыны шындық. Шаршап келіп, үй тірлігімен айналысып кететін әйел адамдар қай уақытта балаға көңіл бөліп үлгереді. Ал, отбасын асырау керек деп күні-түні жұмыста жүрген ер адамдар ше? Олардың балаға көңіл бөліп, еркелетіп, баламен бірге ойнап, уақыт өткізуге шамасы бар ма? Барлығы тек сұрақ жүзінде қалмақ. Демек, балаңызды қадағалап, тәлім-тәрбиесіне аса мән беру үшін онымен бір немесе екі сағат уақыт әңгімелесу жеткіліксіз. Сіз оның нені ұнатып, нені ұнатпайтынын, не қалайтынын, сізбен қайда барғысы келетінін де біле алмайсыз. Осылайша уақыт зымырап өте шығады. Балаңыз мектеп жасына жетіп, өзінің ортасы пайда болады. Ал, жасөспірім шаққа келгенде тіптен бағынбай кетуі де мүмкін ғой.

Мұның барлығын айтып жатқаным, мақалада жеткізбек ойымды нақтылап алайын дедім. Енді басты мәселеге тоқталсақ. Жастардың еліктеушілігі бүгінгі таңда артып бара жатқандай. Ол анау айтқандай ананы кигім келеді, мынаған ұқсағым келеді дегенмен шектеле қоятын дүние емес. Тіпті, бір адамды өзіне кумир (үлгі) санап, сол тәрізді өмір сүргісі келетіндер де жетіп артылады. Кешегі біздер арман қылған, ұлты үшін жанын берген жас боздақтар Ләззат пен Қайрат сынды, болмаса үлкен бір тұлғаға айналған ақын-жазушыларға емес, қазіргі жастар интернет желісінде жұлдызға айналған адамдарға көбірек еліктейді. Және солардың жүрген ізімен жүргісі келеді. Ал, интернетте толған шетелдік жұлдыздар. Қалғанын өзіңіз саралай беріңіз.

Еліктеу дегенге «есіріп» кететін кей жастарымыз өзінің тәлім-тәрбиесін де шетке ысырып, ерсі қылықтарымен көзге түсіп жатады. Интернетке кіріп алып, ондағы видеоларды түсіріп, өздерінше бір басқа әлем құрып алады. Ал, оның болашағына пайда емес зиян тигізерін ойласын ба. Қазіргі таңда осы желілік тәрбие басым болып бара жатқандай. Ата-анасының емес, желідегі жетекшілерінің ақылына көбірек жүгінетін жастарымызға шектеу қояр уақыт та келген сыңайлы. Бұл шағын ғана мақалаға тұтас ойды қамти алмасам да, айтар ойымның мағынасын жеткізе алдым деп ойлаймын. Сондықтан әлеуметтік желіге балаңыз әуес болмасын десеңіз, барлығын өзіңізден бастаған жөн болар, қымбатты ата-аналар.

Гүлім  Заманбекқызы

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar