USD474.83EUR515.38RUB5.5

Әскердегі әлем

18 тамыз 2022, 12:09
Бүгінде әскерге борышын өтеуге барып, өлім құшып жатқандардың саны азаймай тұр. Бейбіт күнде сарбаздардың себепсіз көз жұмуы көңілге күдік ұялатпай қоймайды. Кеңес дәуірінде қалыптасқан қатыгез жүйе әлі құламаған-ау, сірә! Негізі Қазақстанға өлім жазасын қоюдың да қажеті жоқ шамасы. Осылай бірін-бірі өлтіріп-ақ таусылып бітетін болды шынын айтқанда. Отыз жылда жемқорлық жайламаған сала қалды ма? Бұл жерде шіріген шикілік бар.
Әскердегі әлем

Қорғаныс министрлігіндегі  жауаптылар қатаң тәртіп пен әлімжеттікті шатастырып алса керек. Отаным деген ұлды қинап өлтіріп жатса, басқасына не шара! Өз аяғымен кетіп, табытпен оралғандардың саны бәсеңсімей елде тыныштық орналмас. Бір сарбаз  қаза тапса, өзіне-өзі қол салды деген жалған диагноз қоя салу әдетке айналды. Түпкілікті не түрткі екендігін неге қазбаламайды? Кінәлілердің атын атап, түсін түстеп ақиқатты ақтаруға не кедергі? Зерттеу жүргізеді деп құр сөзбен, құрғақ мәліметпен  шектеледі. Зерттеуден кейін, кімнің кінәлі екендігін жазып, неге соттамасқа? Мұның барлығы қазіргі қоғамда орын алып жатқан күрделі оқиғалардың бір көрінісі. Кім әскерге баласын өлімші болып сабалып, болмаса өлім құшып қайтсын деп жібереді. Зар жылаған ата-ана мен, қайғы жұтқан әулеттердің барлығы осы озбырлықтың ақиқаты айтылса деп отыр ғой. Енді не кедергі?

Аналарымыз  баласын соғысқа жібергендей жанын шүберекке түйіп, келерінде соғыстан келгендей  арнайы күтіп алып жатыр. Көше басынан шулатып, көлік  сигналымен  тосып  алуы  алғашында ерсі  деп сын айтқан еді білгіштер. Енді, мынадай жағдайлардан кейін, жас сарбаздың аман-есен Отанына оралу тойын жасауы артық емес шығар сірә.

Жалпы, соңғы айларда әскердегі өлім саны  көбейді. Жаңалықтар легін аша қалсаңыз: Маңғыстау, Жамбыл, Ақтаудағы оқыс жағдайлардан көз ашпайсыз. Ең бірінші өзіміздің өңірдегі жағдайды талқыласам. Облысымызда әскери борышын өтеп жүріп, өзіне қол салған сарбаздың ата-анасы әділдік іздеп жүр. Олардың айтуынша, 20 жастағы жігіттің мәйіті әскери қоймадан табылған. Бұл іске қатысы бар деген күдікпен бір адам қамауға алынған. Қалған екі күдікті әлі бостандықта жүр дейді. Қапияда баласынан көз жазып қалған ата-ана олар енді жазадан сытылып кете ме деп алаңдайды. Сарбаздың себепсіз қаза болғанына 4 айдан асса да,  әділ шешім әлі жоқ. Жабулы қазан, жабулы күйінде қала берді. Жас сарбаздарды ұрып-соғып, мәжбүр-легендердің жазаланған кезі өте аз кездеседі. Жиілеп кеткен жұмбақ өлімдер заңгерлерді де алаңдатып отыр. Халықтың назары түскені қаралып, түспегені тыс қалып жатқан заман болды ғой. Қайтыс болған сарбаздың  отбасына  500 АЕК көлемінде  көмек беріледі деген мәліметті естіп, жағамды ұстадым. Бұл орайда, әскери борышын өтеуге келіп, артынша қайтыс болған маңғыстаулық жас сарбаз Әлібек Қалбайдың оқиғасы қоғамда көп талқыланған мәселеге айналды. Тегінде, ақшадан адам өмірі қымбат екендігін бағаласа игі еді.

Кейде әкім мен депутат, министрлердің балалары неге ел алдындағы борышын өтеуге баруы міндеттелмеген деген ой келеді осы маған. Сонда байдың баласы бала, қарапайым халықтың баласы адам емес пе? Әскерге барғандардың жағдайын  бақылайтын  арнайы камера орнатып бақылау жүргізсе, мұндай келеңсіз жағдайлар болмас па еді.

Өткен демалыста Маңғыстау облысында ұлттық ұланның екі сарбазы өзіне қол жұмсады деген ақпарат әлеуметтік желіні әлек етті. Отыз екі жастағы  әскери бөлімнің  аға сержанты өз үйінің дәретханасында асылып қалған. Екіншісі, жиырма сегіз  жастағы жауынгер қару-жарақ қоймасында белбеуге буынған. Арада ұзақ уақыт өтіп кеткендігіне байланысты, сарбаздарды аман алып қалу мүмкін болмаған. Тергеу ісі тоқтатылып, көпке созбай  жауып тастаса да таңғалмайтын болдық қой.  Өйткені, үстірт қарап істі жаба салу  қазір үйреншікті әдет болды ғой.

Статистикаға көз жүгіртсек, соңғы 2011-2021 жылдар аралығында 220 әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсаған. Сонда жыл сайын орта есеппен 22 отбасы қара жамылып отырған. Ал, әскери прокуратура жалпы тіркелген суицидтің 90 пайызында еш қылмыстық сипат жоқ деп шешім шығарыпты. Бірақ Халықаралық қауіпсіздік магистрі, запастағы майор Эмин Джаббаров бар әлімжеттік пен былық саладағы мамандардың өздерінен басталып тұрғанын айтады.

Жалпы, бұл  дүниеде үлкен күнәні жасауына сарбазға не себепші деген сұраққа ойланатындар бар ма? Шыны керек, жауынгерлердің қандай күйде күн кешіп жатқандығын біле алмаймыз. Мәселен, жаңадан келген жас буынның  намысына тиетін лақап ат тағу, таңатпай ұйқыдан ояту, еш себепсіз жер-жебіріне жету, бірнеше күн тамақ татырмау қалыпты саналады.  Әскерге барып келгендерден  осы тақырып төңірегінен сауалнама  жүргізіп көрген едім.  Айтуынша, «Қарауылда қателік жіберсең, ұйықтап қалсаң, кешіксең қинайтын көрінеді. Противогаз кигізіп, тұншықтырады тағысын тағы. Үлкендер міндетті түрде ақша сұрайды. Адам басына 3-5 мың теңгеден ақша алады (күн-түн демей туыстарына түлі номерлерден хабарласып, ақша сұрағандарды да құлағымыз шалып қалған еді). Демек бұл жасырын дүние емес. Сарбаздарды денесіне көгерген із түспейтін жерден ұрады (әлімжеттіктің басы осында жатыр емес пе?).  Әлсіздері сынға шыдамай, сынады. Соның кесірінен өзіне қол жұмсайды. Тексеруге келерде алдын алып, жасампаздық кейпіне ене қалады. Күндегі ботқаның орнына, жеміс-жидек пен сүт өнімдерін беріп сақтағандарын сандығынан шығарады. Қиналып жүрген сарбаздар  ондай кезде бір рахаттана тойып қалады,-деп еске алады кейіпкеріміз.

Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясындағы әскери қызметшілер арасында өлім-жітімнің жиілеуіне байланысты арнайы комиссия құруды тапсырған болатын. Комиссия құрамы мен қандай нәтижелі іс атқаратыны алдағы уақытта белгілі бола жатар. Қорғаныс министрлігі әскердегі өлім-жітімді болдырмау мен тәрбие жұмысы жүйесін жетілдіруге бағытталған «Өмірді сақта» атты ведомствоаралық бағдарлама дайындау бойынша жұмыстың басталғанын хабарлаған еді. Тек хабарлап қана қоймай, іспен көрсеткені керек бізге. Сонда сарбаздар өлімі азайып, баласын іздеп боталап жылаған аналарымыздың көз жасы құрғайтын ба еді. Қайтейік қоғам ба, адам ба бұзылған оны да білмедік.

Сарбаздардың өлімі көбейгенінен салаға жауапты басшылар салақ болмай, сабақ алып алдағы уақытта реформаны дұрыс жүргізеді деп ойлаймыз. Мұндай жағдайдан кейін баласын әскер қатарына жібергісі келмейтіндер сөзсіз көбейеді. Сайып келгенде, бұл қорғаныс саласына деген сенімге де селкеу түсіреді емес пе? Әскерге барғысы келмей жүрген жастарға сын айтқан Руслан Жақсылықов жағдаятты жақсылыққа жеткізсе етті. Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйіні қазақ армиясын шынықтыру үшін қашанда қатаң тәртіп керек-ақ. Біреудің қанын мойынға жүктегенше, өзіңнің өміріннің жайын күйттеген дұрыс болар. Елімізді қорғау үшін Отан алдындағы борышын өтеуге кетті деп сенген сарбаздарымыздың өзін қорғауға қауқары жетпей жатса, біз кімнен үміт күтпекпіз. Өрімдей жас балалардың өлім құшып, артындағы ата-анасына ауыр салмақ салуына не себеп расында. Әрине, сұрақ бар, жауап жоқ үнемі. Алдағы уақытта осы әскердегі әлімжеттік қолға алынып, арнайы заң тұрғысынан қаралса деген үміт қой бізде де. Қалғаны уақыт еншісінде.

Сымбат ЖАЙСАНБЕКОВА  

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

24 шілде 2024, 18:41
19 шілде 2024, 23:40
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar