Облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Орынбеков ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында биылғы суға шомылу маусымы қалай өтіп жатқанын айтып берді.
«Жаз шыққалы бері Абай облысында судағы қауіпсіздік шараларын сақтамаған 18 адам батып кетті. Оның ішінде 3 бала бар. Ал Шығыс Қазақстанда 6 адам суға батқан. Екі облыста құтқарылған адам саны – 11-ді құрайды», - деді ол.
Абай мен Шығыс Қазақстан облыстарында су жағалауында орналасқан 57 демалыс базасы бар. (ШҚО - 49, Абай облысы - 8). Барлық базаларда судың түбін тексеру және тазалау жұмыстары жүргізілген.
Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалып, 6 коммуналдық жағажай құрылды.
ТЖД мамандары 98 қоғамдық құтқарушыны оқытып, дайындады. Жағалауларға 343 тыйым салу белгісі орнатылды. Демалыс орындарында заң бұзушылық жасаған 770 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы (ортақ су пайдалану ережелерін бұзу) - 221 адам, 440-бабы (алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйде болу) - 531 азамат, 582-бабы (кемелерді пайдалану ережелерін бұзу) бойынша - 17 адам жазаланды.