USD468.98EUR493.74RUB7.59

«ЕСКІ» ШЫҚПАЙ «ЕСІК» АШЫЛМАС... Жаңа шенділер күзде атқа қона ма?

22 шілде 2022, 15:18
Сонымен ел үміт артқан Екінші Республиканың құқылық негізі – Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ендігі міндет кезінде талай «жамап, жасқаған» Ата Заңымыздың халық билігін іс жүзінде қамтамасыз етуіне жетісу болып табылады. Қазақстандықтар өздері сенім артып отырған екінші Президентінен көп үміт күтеді. Мемлекет басшысы да ел-жұртының отыз жылдық күтуден әбден жалыққанын көрмей, білмей отырған жоқ. Бірақ, қоғамды өрмекшінің торындай буып, әбден тамырланып алған «ескі, есірік» дүниенің оңайлықпен жол бере қоятын түрі көрінбейді. Шамасы, тағы да біраз шыдауға тура келетіндей. Әлеуметтік желі кезінде дөкейлер бетімен жіберіп, заңды белінен басқандардың әлі де жүгенсіз әрекеттерден тыйылмай отырғанын әшкерелеуде.
«ЕСКІ» ШЫҚПАЙ «ЕСІК» АШЫЛМАС... Жаңа шенділер күзде атқа қона ма?

Бұл не көрмеген қазақ?!.. Амал қайсы, тағы да біраз шыдауымыз керек секілді. Алайда, шыдамның да шегі бар: халық Жаңа Қазақстанды құру жолындағы өзгерістерді біртіндеп болса да нақты сезіне бастауы тиіс. Мәслен, жер қойнауының қазба байлықтарынан өзіміз болмасақ та балаларымыз бен немерелерімізге нәпақа тиеріне сенімді болғымыз келеді. Бұл да, бірақ әзірге қол жетпес армандай болып тұр. Тіпті, жайылымдық пен шабындық жерлер көзден бұл-бұл ұшса, басқа не шара?! Оқу мен еңбектің, адалдық пен әділдіктіктің бағасы артып, білімді маман мен білікті басшының бағы жанғанын қашан көреміз! Әділдік орнамай, яғни халық қазынасының қызығын 162 бай-манап қана «сапырып ішіп» отырған мемлекетте отаншылдық сезімінің орнығуы екіталай!

Қоғамды билеп-төстеп, көпе-көрінеу теспей сорған арамдық пен ұрлық аздай, жаһандық қауіптер мен дағдарыстардың салдарынан әлеуметтік-экономикалық ахуалдың оңалып, халықтың әл-ауқатының жақсаруы созылып барады. Бұл жайбасарлық үшін республика Үкіметі жауапты екені даусыз. Жақында, дәлірегі 14 шілдеде Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың Министрлер кабинетінің кеңейтілген мәжілісінде,  оның қызметіне «қалтыраған» үш деген баға қойғаны да соның дәлелі. Бұл арада «үштіктің» Үкімет жұмысына қанағаттанғандық емесі де түсінікті. Себебі,  Президентіміз «екі» қойған күнде биліктің бұл «бұтағын кесуден» басқа амал қалмас еді. Алайда, күзге қарай, ол уақыт та келіп те қалды, кадрлық ауыс-түйістердің болатыны ескертілді. Жаһандық дағдарыс ушыға түскен кезеңде Үкіметтің «шаңын» бір қағып-сілкіп алу керек-ақ!

Ал, турасына көшсек, көпшілігі «ескі» биліктің «көзіндей» және көре-көре жұртты әбден жалықтырған шенеуніктерден құралған бұл Үкіметті халық алғашқы күннен жақтыра қойған жоқ. Өйткені, «ескі-құсқы» басшылықтың  алдында құрдай жорғалаған, соның айтқанын орындап, былық-шылыққа оңбай былғанғандардың өз беттерінше өзгеруі, мүмкін бе ?! Тіпті, соған ниет қылған күнде де оларды бұрынғы сыбайластары мен жарылқаушылары-ақ компромат «құрығынан» босата қоймас еді. Оның үстіне уақытында қолынан «дәм татқан», тіпті «асаған шәкірттердің»   табынған тақсырына қарсы тұруының тауқыметі көп. Қазір қарап отырсам,  кезінде «сүттің қаймағын» қалқып, шайқақ қаққандардың, ішіп-жегенінен кекірік атқандардың өз күнәларын ұмытып, коррупцияға қарсы айтқан «уағыздарын» да тыңдаппыз-ау!

Сұрақ көп, оған қазіргі «ескі-жаңа» Үкіметтің жауап бере қоюы мүмкін емес. Басқасын былай қойғанда, әлеуметтік-экономикалық салаларда өткір мәселелердің әбден қордаланып қалуына  да тікелей солар, жеке басқа табынған заманның тізгін қағарларының кінәлі екені белгілі. Таңдайға тимеген таза ауыз су, қомағай байшігештер бауырына басып, қарапайым халыққа бұйырмаған қайран жер... тіпті талан-таражға түскен кеден мен салық қаржысы «ұрылардың» қалталарына құйылып жатыпты. Қазір қолындағы билікті пайдаланып, қонышынан басқан кейбіреудің «жыланды жеті кессе де, кесірткелік қауқары барын» көріп отырмыз. Олар жаз бойы қоң жинап, қыста арам майын бойына сіңіріп, алаңсыз ұйқыға басатын аюға ұқсайды. Алайда, орманның тағысы тынымсыз тырбанып, тірнектеп тапқан нәпақасын талғажау етеді ғой.

Ал, жаңағыдай ұрлықпен «семіргендердің» құлқынын тығындай қоятын түрлері көрінбейді. Ондайлардың көпшілігі өз қатарынан бейне бір ақылы мен білімінің арқасында озып, байлыққа еңбегімен жеткендей әлі де болса дарақы күй кешуде. Тоқтамақ түгілі, бір уақ ындынын тыйып, тартынуды да ойларына алмайды-ау, жазғандар! Өйткені,  «алтынның» адам ағзасына аса зиянды, яғни алжастыратын ерекше апиын екені жаңағылардың санасына ешқашан жетпейді. Өздерінің «сырқат» екендерін мойындауларына байлықтың буы жанарларын жасқап, ақылдарын буып, ештеңені көрмейді де, сезбейді. Олар үшін қарапайым халықтың басына түскен ауыртпашылықты түсіну мүлде мүмкін емес. Сондықтан, аймақтық дағдарыстардың жаһандық тоқырауға (стагнация) ұласу қаупі күшейген кезде ақшаның құнсыздануын тұрақтандырып, азаматтардың табысын арттыру кезек күтпейтін шаруа.

Дегенмен, «ескіні» есіркеуімізді қоймасақ, тазару мен жаңару  жолындағы күрделі міндеттің, өкінішке қарай, орындалмайтыны даусыз. Үкіметтің мәжілісінде Президент сын найзасын кезеген саланың бірі – жол құрылысындағы берекесіздік пен парақорлық туралы жұртшылық бұрыннан айтып жүрген. Олай болса, Мемлекет басшысының «Казавтожол» және «Казахавтодор» кәсіпорындарын біріктіріп, республикада бірыңғай жол құрылысы компаниясын құруды тапсырғаны халық көкейінен шыққаны анық. Сол секілді, айталық, минералдық ресурстардың ашық геологиялық ақпарат жинақталған деректер банкінің әлі күнге дейін құрылмауын да түсіндіру қиын. Бұл үшін, тіпті қажетті қаржының да бөлінгеніне қарамастан осы аса маңызды талапты жүзеге асыру түрлі сылтаулармен сиырқұйымшақтанып кеткен. Мұның да себебін, тиісті министрлік басшысының түсіндіре алмасы белгілі.

Біліктіліктік жетіспеуін немесе қасақана кедергі жасауды көрсететін жоғарыдағыдай мысалдарды еліміздегі басқа министрліктердің де кереғар қызметінен келтіруге әбден болады. Бұл жайында да Мемлекет басшысының сөзінде атап-атап көрсетілді. Мәселен, біздегі қант жетіспеушілігінің оған жауапты лауазымды тұлғалардың кінәсі екенін дәлелдеп жату артық. Кезінде жеті бірдей қант зауыты іске қосылды делінгенімен,  оның төртеуі ғана өз  қуатының 31 пайызы мөлшерінде ғана жұмыс жасап тұрса не деуге болады? Соңғы төрт жылда қант қызылшасының көлемі де оның үштен бір мөлшеріне дейін азайып кетіпті. Сондықтан Үкіметке және салалық министрлікке қант өндірісін дамытуға арналған салалық жоба жасап, оны жүзге асырудың тапсырылуы да заңды.

Айта берсек, шалағайлық пен жауапсыздықтан, әсіресе кейбіреудің ашқарақтығынан халықтың тұрмыс дәрежесінің жүдеу-жадау екені байқалады. Мәселен, нақты табыс Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында республикалық көрсеткіштен төмен. Оның деңгейі Қызылорда облысында, тіпті азайып кеткен. Себебі, өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашу жұмысы да қанағаттанғысыз жүргізілуде. Әсіресе, ауыл шауашылығындағы, денсаулық сақтау мен әлеуметтік-медициналық сақтандыру, сондай-ақ цифрландыру, ақша-несие салаларында, бюджет деңгейлері арасында қаржыны әділетті бөлуде проблема шашетектен. Республиканың төрт өңірінен басқасы мемлекеттік дотация есебінен күн көріп, орталыққа алақан жайып отыр екен. Ал, жекелеген ескі кадрлар мен кейбір депутаттардың жаттанды «әләуләйі мен хәләуләйін» тыңдай отырып, осы бізді кімдер басқарып келген деп жағамызды ұстаймыз. Жоқ, жаңағылардың, тегінде күшік кезінде таланғандар секілді, өзгермек түгілі өз көлеңкесінен қорқатынын көргенде солай деуге тура келеді.

Өткеннің олқылықтары мен кедергілерінің жойылмай отыруының бір себебі – «ескі» кадрлардың енжар қызметі, екіұшты шешімдері екенімен келіссек керек. «Кісіге біліміне қарай болыстық қыл; татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады» дейді Хәкім Абай. Сондықтан «арамшөпті» дер кезінде тамырымен отап тастамаса, «адалдың» бой жазып, өркен жая алмасы мәлім. Солай екенін де ел-жұрт көріп,  біліп отыр. Бұл жайдан билік тізгінін қолына алған күннен бастап «еститін мемлекет» құруды мақсат еткен республика Президентінің жақсы хабардар екеніне осы жолы тағы да көзіміз жете түсті. Үкіметтің аталған мәжілісінде  Мемлекет басшысы тарапынан айтылған сын-ескертпелер соның дәлелі. Ендеше, кезінде «бизнестің белгілі бір адамдармен немесе құрылымдармен» жең ұшынан жалғаспаса, жұмыс жасай алмасын мойындай отырып та, сол «дерттен» әлі де болса айыға алмай отырғандардан тазару керек-ақ. 

Ұлы Абай айтқан «ісі білмес, кісісі білердің», яғни тамыр-таныстықтың  арқасында билікке қолдары жеткен «ескі» кадрлармен осы күзден қалдырмай «қоштасу» қажет. Олай жасамайынша, қазіргі ауыртпашылықтарға таңдануға да болмайды. «Ескі» шықпай, жаңаға «есік» ашылмасы даусыз. Ал, елімізде іскер әрі елжанды азаматтар баршылық: «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап, Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап... Өзі алмайды, қыранға алдырмайды, Күні бойы шабады бос салақтап» немесе «Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да, Оған да үкі, тұмар тағылса да» (Абай). Күз де алыс емес, «ескінің» орнына «жаңаның» жарылқанып, Екінші республика құру талабын және халықтың мұң-мұқтажын түсінетін  кадрлар Жаңа Қазақстан кемесінің желкенін көтереді деп күтуге әбден қақымыз бар.

 Болат ЖҮНІСБЕКОВ, жазушы 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

01 желтоқсан 2022, 16:07
01 желтоқсан 2022, 15:37
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2022
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar