
Абайдың аудармасы орысша тексте мағынасы жағынан түпнұсқаға жақын болғанымен, көркемдік шеберлігі жағынан әлдеқайда артық екені айқын көрініп түр. Өлеңде айналадағы табиғат, жан-жануар тіршілігінен, адам өмірінен төрт қайғылы көріністі алып, қатар қойып, мұңды сарынның барған сайын үдей түсуі арқылы, ғашық жардың опасыздығына қапаланған көңіл күйін неғұрлым әсерлі көрсетуге ұмтылғандық байқалады. Абай өз өлеңінде осы бейнелеу тәсілін өте шебер қолданады. Ол құлап жатқан қайыңды жанды бейне кейпінде алып: «Жапырағы сарғайып, өлімсіреп, Байғұстың кім тыңдайды жылағанын?» - деп сипаттайды. Кеудесіне оқ тиіп, қансырап жатқан қызыл киікті суреттегенде де: «Кімге батар ол байғұс тартқан күйік?» - дейді. Осындай қайғылы сурет-көріністер аяныш сезімін туғызу үшін ғана емес, өмірге құштарлықты өнеге ету үшін берілгені анық. Оны күн шуақта сынық қанат көбелектің қалт-құлт етіп жатқанын баяндай келіп Абайдың: «Одан ғибрат алар жан бір бөлекті», - деген сөзінен-ақ жақсы аңғаруға болады. Осылардан кейін ғашық жардан опасыздық көрген өлеңдегі лирикалық қаһарманның өз уайым-қасіреті, өзінің жүрегінің мұңы алғашқы қайғылы сарындарға үндесе шығады: «Жылы жұрек суынды, жара түсті, Шықпаған шыбын жанмен күн өткіздік...» - дейді Абай. Орыс ақынының өлеңі осымен аяқталады. Соңғы түйінді ой — ғашық жардың уәде бұзғандығы, баянсыз махаббаттың азабы. Абай онымен тынбай, тағы бір шумақ өлеңді тыңнан қосып, өмір, дүние жайлы кең көлемде ой толғайды, адамның опасыздығын «жеп жүр ғой біреуінің біреу етін» деп, қоғамдық қарым-қатынас түрғысын көрсетеді. Өлеңді: «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда, Көбінің сырты бүтін, іші - түтін...» - деп түйіндейді. Сөйтіп, Абай өлеңнің ғибраттылық мәніне үлкен әлеуметтік пікірді үстемелеп, қазақ қоғамының өмірінен алынған қорытынды-түйін жасайды. Туынды 11 буынды қара өлең ұйқасы өрнегімен кестеленген. Алғашқы рет 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны ИбраҺим Құнанбайұлының өлеңі» атты жинақта жарияланған. Бұл өлеңге композитор С. Мұхаметжанов романс жазған.