
1919 жылы Қызылжардағы «Бостандық туы» газетінде редактор болады, 1922 жылы Ташкентте Қазақ-қырғыз институтында сабақ береді, Москвада Күншығыс баспасында аудармашы болады.1928 жылы В.Я.Брюсов атындағы көркем әдебиет институтында оқиды, Бурабайда техникумда, Қызылжарда кеңес-партия мектебінде сабақ береді. 1929 жылы жазықсыз жала жабылып, түрмеге қамалады, содан Карелияға жер аударылады. М.Горькийдің және оның әйелі Е.Пешкованың араласуымен 1936 жылы айдаудан босап шыққанымен, қайта ушыққан репрессия тырнағына ілініп, жазықсыздан жазықсыз 1938 жылы 19 наурызда атылып кетеді. Өзі ғана емес, ағалары Мүсілім, Қаһарман, інісі Мұқаметжан да репрессия отына шалынады. Әкесі Бекен 1934 жылы, анасы Гүлсім 1943 жылы дүние салған.
Мағжанның қара өлең ұйқасымен жазылған «Алтын хакім Абайға» өлеңі бар. Салғанжерден жас талапкер ақын Абайды қарадан хан шыққан хакім, оның сөзі мың жылда да дәмі кетпес деп бағалайды, Абай өлеңдеріндегі кейбір оралымдарды құбылта пайдаланады, «тыныш ұйқыта қабіріңде, уайым жеме», «қор болды қайран сөзім босқа деме» деген жолдардың төркіні белгілі, ұлы ақын сөзі мәңгі жасайтынына ерекше сенім бар. Абай барған мәңігілік тақырыптарға Мағжан да барған, өз талантына, өз заманына лайық жаңаша көркемдік игіліктер жасаған. Әсіресе Мағжан қазақ әдебиетінде Абайдан кейінгі дәуірде табиғат, махаббат, философия лирикасының ең үздік үлгілерін тудырды.