«Малдың жайын баққан біледі» дегендей, аталарымыз төрт түліктің өнімділігін арттыруда кейін ғылыми тұрғыда да қолдау тапқан озық тәжірибелерді ғажап игерген. Мысалы, қыс айларында табын-табын жылқыны иіріп бақпаған. Еркіндік беріп, соңынан қосымен еріп жүрген. «Сиырдың сүті тілінде» деген. Кеңес заманында ата кәсіптің заманауи, ғылыми-өндірістік жетістіктермен, озық технологиялармен толықтырылу сатысы болды. Соның айғағындай, еліміз КСРО құрамында ауыл шаруашылығы саласы бойынша Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынды тұрақты иеленді. Ауылдық аймақтар ерекшеліктеріне сай келетін құнды мал тұқымдары шығарылды. Мал шаруашылығын механикаландыру, қол еңбегін жеңілдету, ауыл еңбеккерлеріне тиісті әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар жасау, ауыл мен қала арасында тығыз өндірістік қарым-қатынасты қалыптастыру бағыттарында көптеген игі іс-шаралар атқарылды. Сүтті ірі қара, құс, шошқа шаруашылықтары бойынша ірі өндірістік кешендер салынды. Жайылымдық, суармалы жерлер мал азығы қорына негізделген мал шаруашылығы кеңінен өріс алды, мал басы қарқынды өсті. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың көркі жадырай түсті. Қоғам дамиды, талғамдар өзгереді, кейінгі кездегі көптеген эксперименттік тәжірибелер де әсер етті ме, мемлекеттік ауыл шаруашылығы құрылымдарынан береке кете бастады. Өндірген өнімдердің сапалық көрсеткіштері төмендеді, өңдеу кәсіпорындарына жеткенше ысырапқа ұшырады. Сондықтан да жаhандық экономиканың үдерісіне сай ауыл реформасының қажеттілігі туындады. Совхоздар жекешелендіріліп, ауыл тұрғындарына, мал-мүлік келешек жеке шаруашылықтарын ұйымдастыру үшін тегін берілді, ірілі-ұсақты жеке шаруашылық құрылымдары пайда болды, оларға толықтай еркіндік тиді. Бұл ауқымды іс-шаралар нәтижесінде біршама келеңсіздіктерге тосқауыл қойылды, мал өнімдері нарығында бәсекелестікке жол ашылды. Мемлекет тарапынан ауылда нарықтық қатынастың қалыптасу кезеңі деп, көптеген көмектер мен қолдаулар жасалды, бұрынғы мемлекеттік шаруашылықтар қарызы жойылды, салықтық, несиелік көмектер түрлері қарастырылды. Мал шаруашылығын субсидиялау тетіктері жасалып, қаржы көлемі жыл сайын артты. Мал шаруашылығы өнімділігін жақсарту мақсатында шет елдерден асыл тұқымды мал бастары тасымалданды. Жер кодексі, ауыл шаруашылық кооперативтер, асыл тұқымды мал шаруашылықтары туралы заңдар қабылданды. Түйіп айтқанда, мал шаруашылығы саласының нарықтық экономикаға бейімделуіне қажетті жағдайлар жасалды. Ішкі азық түлік нарығы мал өнімдерімен айтарлықтай толықты, өнім өндірушілер мен тұтынушылар үшін тиімді байланыстылық жүйесі қалыптасты. БҰҰ-ның әлемде халық санының артуына байланысты кейбір аймақтарда азық-түлік тапшылығы болады деген болжамына сай, ауыл шаруашылығы өндірісі келешекте экономиканың басты қозғаушы күшіне айналмақ. Жүргізілген ішінара сараптау жұмыстары елімізде мал өнімдерінің басым бөлігінің маусымдық сипаттағы, экстенсивті өндірісімен ерекшеленетін шағын, жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары еншісінде екендігін көрсетеді. Айтарлықтай тиімді шалғай жайылымдық, суармалы жерлер негізіндегі мал шаруашылығы өрістемей тұр. Бос жатқан жерлер көлемі артуда. 189 млн га жайылымдықтың жартысына жуығы пайдаланылмайды. Басты проблемаларды ретімен айтар болсақ, олар: тиімді шаруашылық жүргізу және жеткілікті, құнарлы мал азығы қорын жасау үлгілерінің қалыптаспауы; субсидиялау жүйесінің жетімсіздігі; аймақтар бойынша өсіруге оңтайлы мал тұқымдары мен түрлерінің нақтыланбауы. Мен ғылыми-өндірістік еңбек жолымда жоғарыда аталған проблемалардың шешімін іздеуді мақсат еттім. Шаруашылық құрылымдарының және шалғай жайылымдарды игеруге тиімді шаруашылық жүргізу үлгілерін анықтау мақсатында үш жылдық ғылыми бағдарлама аясында Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Сауалдама қорытындылары бойынша, қатысушылардың 12 %-ы отбасы шаруашылықтарының өндірісін кеңейтіп, негізгі күнкөріс көзіне айналдыруға болады десе, 40%-ы бұл кәсіппен айналысуға құлықты емес екенін, ал жартысына жуығы отбасы сұранысын қанағаттандыруға ғана ниетті екенін айтты. Мұндай көзқарастың қалыптасуына не себеп? Оған ауыл тұрғындарының 52,6%-ы өнімдерді сату мүмкіндігі мен бағасының төмендігін, 50,6%-ы мал азығы қымбаттығын айтып жауап берді. Жоғарыда айтылған үш өңірдің әрқайсындағы үш ауылдық округ бойынша қосалқы шаруашылықтар негізінде ауылшаруашылық кооперативінің үлгілерін жасауға және шағын балама энергия көздерін (күн, жел) пайдалану арқылы шалғай жайылымдықтарды игеру қанатқақты жобасына сараптамалар жасалды. Сонымен, орта есеппен бір ауылдық округ аумағында ауыл шаруашылығы кооперативінің қалыптасуы, оның материалдық-техникалық жабдықталуы үшін 250-350 млн теңге қаражат қажет. Өкінішке қарай, 2015 жылы толықтырулармен қайта қабылданған «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заң аясында елімізде атқарылған іс-шаралар, осы қаржы мәселесінің оңтайлы шешімін таппауынан, яғни кішігірім несиелік құрылымдарға сілтеме жасау салдарынан аяқсыз қалды. Сондықтан бұл күрмеуі қиын мәселені оңтайлы шешу жолы – аталған ауыл шаруашылығы кооперативтерін, бастапқыда мемлекет-жеке меншіктік әріптестігі негізінде құру. Атап айтқанда, мемлекет тиімді жағдайда несиелеу (қаржыландыру) мәселесін, кооператив мүшелері өндіріс, қызметтер тиімділігін қамтамасыз етуді міндетіне алса, кооператив қызметтері толықтай қалыптасып, несие қайтарылған соң мемлекет өз өкілеттігін тоқтатуына да болады. Аталған ауыл шаруашылығы кооперативтері ауылдың тірегіне айналып, экологиялық таза мал шаруашылығы өнімдері көлемінің артуына, ауылда жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ауыл тұрғындарының табыс деңгейінің көтерілуіне айтарлықтай ықпал етеді. Сондай-ақ ауылдан қалаға қоныс аудару легіне де тосқауыл болар еді. Бұрыннан өміршеңдігін дәлелдеген шалғай мал шаруашылығы өндірісін дамыту тәжірибесін нарықтық тетіктермен толықтырып, мемлекет-жекеменшіктік әріптестігі негізінде ірі шаруашылық құрылымдарын ұйымдастыру тиімді болатын сияқты. Дамыған шетелдерде ауылшаруашылық өнімдерінің басым бөлігін шығаратын ірі шаруашылық құрылымдары экономикалық тиімділігімен қоса, әлеуметтік-өндірістік инфрақұрылымдық жүйені қалыптастыру мүмкіндігімен де басымдыққа ие. Тұтынушылар үшін өнімнің қандай меншік иелігінде өндірілгені емес, сапасы мен бағасы маңызды емес пе?! Демек, шалғай жайылымдарды пайдалану негізінде мал өнімдері көлемі еселеп артып, нарықта шынайы бәсекелестік қалыптасып, олардың сапалық көрсеткіштері жақсарып, бағалары да тұрақтана бастайды деген сөз. Екінші кезекте сапалы мал азығы қорын қалыптастыру мәселесі тұр. Елімізде жайылымдық жерлердің басым бөлігін иеленіп жатқан Орталық Қазақстан өңірінің мал азығында қуатты, нәруызды және көмірсутектік компоненттер, минералдық заттардың жетіспеуі орта есеппен 20-25% екен. Осыған орай, бүгінде құнары жоғары, өзіндік құны төмен мал азығы өсімдіктері бойынша ғылыми ізденіс жұмыстарының маңызы өте жоғары болып отыр. Атап айтқанда, Жезқазған өңірінде ғана өсетін табиғи шайыр өсімдігінің құндылығын анықтауға арналған ғылыми-тәжірибелік ізденіс жұмыстары барысында одан дайындалған сүрлем, ұннан түйіршікті мал азықтары сауын малдар мен жас төлге бергенде тиімді екеніне көз жеткіздік. Сондай-ақ шетелдік екпе шпинат-румикс өсімдігі сүрлемі кең тараған жүгері сүрлемінен құнары бойынша еш қалыспайтынын және өзіндік құны айтарлықтай төмен болатынын да анықтадық. Жайылымдық жерлердің мал шаруашылығы өндірісіндегі тиімділігін арттыру мәселесі бойынша, Қарағанды облысы Шет ауданында Дүниежүзілік экологиялық қордың грантымен жүзеге асырылған «Қуаң жерлерді игеру» жобасы аясындағы іс-шаралар нәтижелерін айта кетейін. Бұл жұмыс барысында ауданның 11 ауылдық округінің, 1,3 млн га жайылымдық жері қамтылды. Гранттық қаржы есебінен, жер өңдейтін, тұқым егетін техникалар, тұқым тазалайтын, мал соятын модулді қондырғылар, зертхана құралдары, жел, күн күш-қызуы есебінен электр қуатын өндіретін станса сатып алынды. Мал азығына керек екпе шөп (еркек шөп) шығымы әр гектарынан 9 центнерге жетті. Өнімділігі жоғары жайылымдық жерлер аумағын ұлғайту, кіші балама энергия көздерін пайдалана отырып малды елді мекендерден сыртқа шығару, мал азығын дайындау көлемін арттыру, жайылымдық жерлерді ғылыми негізде ауыстыра пайдалану және басқа да шаралар арқылы айтарлықтай жетістікке қол жеткізілді. Төрт жылда жоба аумағындағы мал басы 1,5 есеге, ет өндірісі 2 есеге, мал азығы 2 есеге, ал оны сыртқа сату 7 есеге артты. Мал шаруашылығы саласын субсидиялау дамыған елдердің тәжірибесінде кеңінен қолданылады. Мысалы, дамыған Еуропа елдерінде оның көлемі экспорттық өнімдер өндіргенде еселеп артады екен. Елімізде де кейінгі кезде мал шаруашылығын субсидиялауға қомақты қаржы бөлініп келеді. Бірақ субсидиялау тетіктерінің тиімсіздігіне байланысты отандық өндірушілер тарапынан жиі арыз-шағымдар айтылады. Жасыратыны жоқ, субсидиялық көмекті мал баққаны үшін берілетін сыйақы деп қабылдайтын жағдайлар да жиі кездеседі. Менің түсінігімде, субсидиялаудың мақсаты – өндірушілердің негізсіз шығындарын жабу, яғни өндірілген өнімнің нормативтік өзіндік құны мен нарықта қалыптасқан баға арасындағы теңгерімді реттеу.
Бұл орайда оңтайлы тетіктерді іздестіргенде, мал өнімдерінің өзіндік құнының басым бөлігін (70%-ға дейін) мал азығын әзірлеу рационы құны құрайтыны еріксіз ойға оралады. Яғни мал шаруашылығы тиімділігінің басты индикаторы – мал азығы құны! Демек, субсидиялауға қарастырылған қаражаттың басым бөлігін жайылымдық, шабындық жерлердің құндылығын жақсартуға бағыттау өздігінен сұранып тұрған мәселе емес пе!? Бұлай болса, субсидиялық қаражаттың басым бөлігін мал өнімдерін өндірушілерге ақшалай емес, орталықтандырылған тәртіппен, атап айтқанда агротехникалық қызметтерді көрсету жолымен, аймақтарда шаруашылық құрылымдары орналасқан республикалық кәсіпорын құру негізінде атқарудың да маңызы зор. Қаржылай субсидиялау тек қана асыл тұқымды малдар сатып алуға және экспорттық өнімдер үшін сыйақы ретінде қарастырылғаны тиімді. Оның қайтарымы атқарылған ауқымына сай еселенген мал өнімдері көлемінің артуымен, ішкі нарықта мал өнімдері бағаларының тұрақтануымен ерекшеленеді.
Кезінде Қарағанды облысы, Шет ауданы Просторненский асыл тұқымды мал зауытында қазақтың ақбас тұқымды аналық, аталық малдары тірілей салмақтары мен төлдерінің тәуліктік салмақ қосу көрсеткіштері бойынша одақтың рекордтық кітабына тіркелген-ді. Ақбас шаруашылыққа пайдалы белгілері бойынша шетелдік етті ірі қара мал тұқымдары ангус, герефорд және басқаларынан қалыспайды, ал өміршеңдігі мен төзімділігі бойынша олардан басым. Отандық тәжірибе деректері сүтті ірі қара шаруашылығы есебінен ішкі нарықта ірі қара етіне сұранысты 80%-ға дейін қамтамасыз етуге болатынын көрсетеді. Сондықтан да соңғы кездерде мәрмәр ірі қара етіне сұраныстың артуына байланысты етті ірі қара шаруашылықтары негізінен сапасы жоғары ірі қара етін өндіруге мамандандырылып келеді және осы орайда қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малы ерекше құндылығымен сипатталады. Етті қой шаруашылығында қазақтың құйрықты қойларының алдына түсетін қой тұқымы әлемде жоқ. Құйрықты қой тұқымдары жыл бойы жайылымдық мал азығын пайдаланып, қыс айларында қармен сусындап жүре береді, құрғақ, шөл, шөлейт аймақтар жағдайларына жақсы бейімделген, өміршеңдігімен, өсімталдығымен, етінің салмағымен бағалы. Құйрықты қой тұқымдары халықтық сұрыптаудан пайда болған байырғы еділбай құйрықты қойынан бастау алады. Еділбай қойы ұзын мойынды, кең кеуделі, ұзын сирақты, салмақты, қара, қызғылт жүнді болып келеді. Өкінішке қарай, мұндай қойлар бүгінде сирек кездеседі. Елімізге соңғы кездерде тасымалданған шетелдік асыл тұқымды малдар аз емес. Алайда қажетті жем-шөптің жетіспеуі, бағудағы жайсыздықтар және табиғи ортаның ерекшелігіне байланысты шетелдік малдар түрлі ауруларға шалдығады, өнімділік көрсеткіштері күрт төмендейді, шаруашылықта пайдалану мерзімдері де айтарлықтай қысқарады. Қазақ атамыз, ертеде-ақ оны «мал жерсінбеді» деген. Сөз соңында айтарым, жоғарыда баяндалған іс-шараларды кешенді атқару мал шаруашылығын қарқынды дамытуға, ауылда жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауылда тұрғындардың тұрақтануына қажетті жағдай қалыптастырады.
Кәкімжан САРХАНОВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,
Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымы академиясының корреспондент мүшесі