
«Облыс орталығы мәртебесін алған Семей қаласында инфрақұрылым мәселесі өте өзекті. Жаңа ЖЭО салу өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында жүзеге аспақ. Қолданыстағы жылу орталықтарының әлеуеті қаланың оң жағалауын толық жылумен қамтамасыз етуге жетпейді. Облыс орталығының жаңа мәртебесінде қаланы дамыту мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін жаңа жылу көзінің құрылысын бастау қажет», - деп түсіндірді «Самұрық-Энерго» АҚ.
Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздемені дайындаушы ұйым анықталған. «2023 жылы 17 ақпанда 2022 жылғы желтоқсанда жарияланған конкурстың нәтижелері бойынша алты өнім берушінің ішінен»Стройиндустрия«ЖШС жеңімпаз ретінде анықталды», - деді басқарма өкілдері.
Естеріңізге салсақ, өткен жылдың қыркүйек айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына сапары аясында Семей қаласында заманауи жылу электр орталығын салу және инфрақұрылымды жаңарту мәселесін қарастыруды тапсырған болатын.
Ал облыс орталығында жаңа ЖЭО салу және қолданысқа беру мәселесі алдағы уақытта белгілі болмақ.