Адам үшін он екі мүшенің саулығынан артық ешнәрсе жоқ. Шыбын жаның көзіңе көрініп шарқ ұрған шақта ең алдымен дәрігер көмегіне зәру боласың. Ал, бұл қауымның адам баласы үшін еңбегі ерекше. Түн ұйқысын төрт бөліп, кез келген уақытта жаныңды арашалап қалатын да осылар. Рас, бұл дүниеде дәрігерден асқан қасиетті мамандық жоқ.
Шыны керек, абайсызда ауырып, жаныңызды шүберекке түйіп жатқан тұста бірінші Алланың, екінші адам жанының арашасы, ақ халатты абзал жандардың арқасында аман қалатынымыз рас. Сондықтан да халық денсаулығының қамқоршысы дәрігерлерді қалай дәріптесек те жарасады. Өткен жылы жаз айларының бірінде қатты сырқаттан дәрігерлерге жүгінуге тура келді. Жедел жәрдем бірден температурамның жоғары екенін байқап, жағдайымның қиындап бара жатқанын көрген соң ПЦР сынамасын алатын мамандар шақыртты, олар бізді «Диагностика» орталығында КТ-дан тексерілуімізді өтінді. Үйдегі үшеумізден де ковид вирусы табылғанын мәлімдеді. Тексеру кезінде менде 90 пайыз өкпе зақымданғанын көрсетті. Дереу қаламыздағы пульмонология орталығына жеткізілдім. Өлім мен өмірдің арпалысы сол жерде. Есім кіресілі-шығысылы, система қойылып, тәулігіне 24 сағат оттегі аппаратына байландым. Коронавирус дегенің - жай нәрсе емес, нағыз тажалдың дәл өзі. «Басы ауырмағанның балтыры сыздамайды» демекші, ауырмаған адам палатада болып жатқан сұмдықты білмейді, білмей-ақ та қойсын. Өз басым осы дерттен аман қалдырған Алла тағалаға шүкіршілік етемін. Одан соң емдеуші дәрігелер мен медбикелерге, қамқорлық көрсеткен туыстарыма, жанашырлық танытқан барша ағайынға үлкен рахмет айтамын.
Әсіресе, сол бір естен кетпес қиын сәттерде ауыртпалық жүгін қорықпай арқалаған алтын қолды дәрігерлерге алғысым ұшан-теңіз. Пульмонология орталығының директорының емдеу жөніндегі орынбасары Мақсат Социалұлына, бөлім меңгерушісі Ботакөз Кеңесбекқызына, сондай-ақ қаламыздағы жоғары санатты, танымал дәрігерлер Эльвира Қалқаманқызына, Райхан Қуанышбекқызына деген құрметім ерекше.
Әлбетте қаншама адамның жанын сақтап қалған мейірімді жандар барлық құрметке ие. Науқастанып келген мыңдаған адамдардың көңіліне демеу, жанына сүйеніш бола білген дәрігерлердің бір ауыз сөзі ауырып жатқан адамға дәріден де артық әсер етеді. Ендеше, осынау қиын сәтте ел амандығы үшін дамылсыз еңбек етіп жатқан, үміт жібін жалғайтын мамандық иелерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз!
ҮМІТ ЖІБІН ЖАЛҒАДЫ
Құлазумен күн өтіп, таңдар атып,
Жатқанымда ауруым жанға батып.
Мақсат пен Ботакөздей емі шипа,
Дәрігер бар жаныңда қандай бақыт.
Дәрігерлерім, жаны-жаз, күлкің-көктем,
Ақпейілің кең еді шіркін неткен.
Арашалап аурудан айықтырдың,
Шығарармын қалай мен бұл күнді естен.
Бар бақыт сендерге тіледім мен,
Жамандық көрмеңдер тек бұл өмірден.
Айналайын дәрігерлер, қабылдаңдар!
Шынайы сезімімді жүрегімнен.
Дүйсенбек Жақсыбаев,
Қазақстанның Құрметті журналисі