Осындай қиын да күрделі науқастың денсаулығына алаңдаған, күн-түн демей еңбек етіп, әр минуттың қымбат екенін алға тартып, бұл дерттің өзіне де жұғуы мүмкін екенін ұмытқан дәрігерлердің еңбегі орасан.
Дегенмен, медицина мамандары зерттеп, зерделей келе бұл вируспен күресу жолдарын қарастырды. Коронавирус індетінің өршуіне байланысты еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің өкімімен дәрігерлерден құралған арнайы мобильді топтар да құрылды. Осындай мобильді топтың қызметі мен міндеті туралы білу мақсатында Семей қалалық №7 емханасына барып халықтың ыңғайына қарай ұйымдастырылған қызмет түрін білдік.
-Біздің емхана Семей қаласының орталығында орналасқан. Қазіргі уақытта бізде 30 мыңнан артық тұрғын қарауымызда екені шындық. Оның ішінде біздің емхананың қызмет көрсетуінен алыс аумақтың тұрғындары да еніп отыр. Эпидемия жағдайында мобильді топ құруға қажеттілік туындады. Себебі, онлайн кеңес беру тиімді емес. Мұндай топ 2020 жылғы шілде айындағы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен құрылды. Осы бұйрық негізінде 5000 тіркелген тұрғыны бар емханаға бір мобильді топ жасақтау қарастырылған. Ал, бізде 30 мыңнан артық болғандықтан эпидемиялық жағдайдың өршуі мен түсуіне байланысты кейде осы топты көбейтеміз, кейде азайтамыз. Қазіргі таңда бізде төрт мобильді топ бар. Қалада ошақтарды оқшаулау орталығы құрылған. Онда қалалық денсаулық деңгейінде жетекшілік ететін, Ішкі істер басқармасының мамандары отырады. Кез келген лабораторияға тапсырылған оң тестердің нәтижесі осы орталық базасына түседі. Соның арқасында әрқайсымыз тіркелген тұрғындардың ішінде кімнің ауырып жатқанын білеміз. Яғни, осындай ақпаратты алғаннан кейін дайындықты бастаймыз. Біздің мобильді топ аталған мекен-жайға барып, бақылауына алады. Ол жерде дене қызуы, сатурациясы өлшенеді, күнделікті шағымдарын бәрін жазып, әрдайым медбикелер мен дәрігерлерге хабарласып отырады және бақылауға алады. Ентікпе болса, дене қызуы түспей қойса, жағдайы нашарлап кетсе бізде «Үйдегі стационар» қызметі бар. Біз өзімізде СК Фармация арқылы ГОМБП шеңберінде препараттармен бұл қызметті ұйымдастырдық. Бұл бағдарлама негізінде КВИ-дің жеңіл дәрежелі науқасын емдейміз. Яғни, «Үйдегі стационарға» өзіндік жеке дәрігерлер мен медбикелер бөлінген. Сол кісілер үйлеріне барып, аталған препараттармен емдеп, өзінің бақылауына алады. Бұл жеке курс, біреуге емделіп шығуына үш күн жетеді, ал басқаларға 5-7 күн керек болуы мүмкін. Осы қызметке бөлінген қызметкерлер науқас толықтай емделгенге шекті жүреді. Бақылаулық тексеру керек болса, мысалға КТ зерттеуі деген сияқты оны участкелік дәрігеріне айтады. Олар жолдама беріп, тиісті мекемеге жіберіледі.
Мобильді топ қызметтері тегін, яғни осы участкеге жататын тұрғындар қандай да бір ЖРВИ, КВИ-ге күдігі бар болып хабарласса ол науқасқа барып, қызмет көрсету, ПЦР тест алу, 14 күн бақылауға алудың бәрі тегін түрде жүргізіледі. 14 күннен кейін олар емделген науқастар болып есептеледі және әрі қарай оңалту орталығына баруға ұсыныс түседі. Яғни, бұл емделудің 2-ші этапына жатады. Қазіргі уақытта бұндай оңалту орталығы бізде Қарағайлыда және Тубдиспансерде бар. Онда қалпына келтіретін массаж, тыныс алу жаттығулары, физио емдеулер кіреді. Ол жаққа портал арқылы жолдама алынады. Қазіргі уақытта осы COVID-19-бен ауыратын науқастарға Денсаулық сақтау тарапынан барлық жағдай жасалған. Тек қана айтарым дәрігермен қарапайым сабақтастық болу керек, қанша жерден БАҚ өкілдері осы вирус туралы ақпарат беріп жатса да адамдар осындай ауруға шалдыққанда қатты дүрбелең шығарады, негізі бұндай дүрбелең тудырмау керек. Қазіргі уақытта 80% халық бұл аурумен ауырмаса бізде иммунитет қалыптаспайды. Және тағы бір айтарым мына оңалту емі бәріне арналмаған. Яғни, бұл қызметті алушылар сақтандырылған болу керек. МӘМС жүйесінде болмаса біз бұл көмек түрін көрсете алмаймыз. Толықтырарым барлық адам өзінің денсаулығына немқұрайлы қарамау керек. Өлім нәтижесінің көбі дер кезінде келмей, үйде өзіндік емделушілер, асқындырып алып келгесін әрине, қолдан келер шара жоқ. Жанымызға батады, бірақ басты проблема осы жауапкершіліктің болмауы - деді емхана меңгерушісі Гаухар Сағындыққызы.
-Біз, яғни мобильді топ COVID-19-бен оң нәтижесі бар науқастарға, пневмония және дене қызуы, ентікпесі бар науқастарға бардық. Мысалға науқасымызбен байланыста болған үйдегі бала-шаға түгелінен анализдер алдық. Біз «Үйдегі стационар» қызметін атқардық. Барлығына дәрігермен бірге ем тағайындадық. Біз медбикелермен бірге ол кісілердің екпесін салып, емін жүргіздік. Күнделікті хабарласып науқастарымыздың хал-жағдайын біліп отырдық. Үйдегі стационар медбикелері науқастарға күнделікті баратын, ем 5-10 күн аралығында жүргізіледі. Егер науқастың жағдайы нашарлаған жағдайда медбикеміз дәрігерге хабарласып, шақыртатын. Біз науқастармен қашықтықтан күнделікті байланыс жасап отырдық. Басқа емханаларда үйдегі стационар қызметі жоқ. Бұл қызмет тек бізде ғана. Және тағы да 5 жасқа дейінгі балаларға бөлек мобильді топ құрылған. Ол жерде педиатр медбикемен бірге барып науқастанған балалармен жұмыс жасайды.
Бастапқы уақытта оң нәтижесі бар науқастарға баруға медбикелеріміз қорқатын, қазіргі таңда міне, Жеке қорғаныс жүйесі бар арнайы формасын ұйымдастырып беріп, соның арқасында халыққа және өзіне ыңғайлы болу үшін медбикелер сол формада барады. Сонымен қатар біз тек емдеу курсын ғана жүргізбейміз, науқастармен контакт болмауын да қадағалаймыз. Сайып келгенде науқасымыздың ешқайда шықпауын, ешкімнің келмеуін де қадағалайды. Бұл үйдегі стационар қызметін біз науқасымыздың жағдайы одан әрмен ауырлап, ауруханаға жетпеу мақсатында ұйымдастырдық. Барлық науқастарымыз риза болды, алғыстарын жаудырды. Емделіп, жазылып кеткеніне, бар жан-тәнімізді салған еңбегіміздің ақталғанына біз де өте қуаныштымыз – деді «Үйдегі стационар» қызметін атқарған дәрігеріміз Альмира Мұратбекқызы.
-Мен осы емхананың қызметкерлері учаскелік дәрігерім Альмира Мұратбекқызына, мекеме басшысы Гаухар Сағындыққызына , медбике Назым Кабеваға, Ерсайынқызы Айгүлге, осы емхананың дәрігерлері мен медбикелеріне үлкен алғысымды білдіремін.
Қаңтар айында қатты дене қызуым көтеріліп ауырдым, дәрігерім менің жағдайыма қанық болып, сол жерде осы ПЦР анализін алды. Өкінішке қарай оң нәтижелі болып шықты. Жолдасымның жүрегі ауырады, екі рет ота жасатқан, иммунитеті төмен болғандықтан, сол кісі ауырмасын деп мен бөлек үйге кеттім, барлығынан оқшауландым. Менің жазылып кетуіме осы емхана қызметкерлері зор үлес қосты. Күнделікті менің дене қызуымды өлшеп, сатурациямды тексеріп, барлық екпелерім мен дәрілерімді уақытында қабылдатты. Яғни, өздері «Үйдегі стационар» қызметін ұйымдастырған. Мен сияқты ауырған науқастарды жағдайы әрі қарай нашарламай, ауруханаға жатып қалатындай дәрежеге жеткізбес үшін ұйымдастырылған қызмет. Бір жақсысы бізде таңдау болды, егер мұндай қызмет болмаса онда аурулары асқынған, жағдайлары нашар науқастармен бір жерде жатқаннан ауруымызды одан әрі ушықтырып аламын ба деп қорықтым. Күнделікті бақылаулары мен емдерінің арқасында 14 күнде толықтай жазылып шықтық. Мен алғысымды қалай жеткізерімді білмеймін, алғысым зор. Өздерінің денсаулығына алаңдамай, қорықпай, біздің қамымызды ойлап, бар жан-тәнін салып емдеген дәрігерлердікі үлкен еңбек. Бар жақсылықты тілеймін!– деп ризашылығын білдірді емделуші Марияш Айтышқызы.
Міне, халықтың қамы үшін «Үйдегі стационар» қызметін ұйымдастырып, өз жандарынан науқастарының өмірін биік қойған ақ халатты абзал жандарға деген алғысымыз шексіз.
Айжан ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ