Ал, жақында жарымен бірге қатты ауырып тұрған қала тұрғыны Бағлан Ғабдуллиннің бұл тұрғыда Шығыстың атқарушы билігіне қаратып айтқан наразылығын тыңдағанда, жергілікті басшылықтың дәрі жеткіліктігі жөнінде айтқаны шындықтан алшақ жатқандығын аңдағандай болдық.
Жергілікті атқарушы билік «Бізде бәрі керемет, жататын жер де баршылық, дәрі-дәрмектің бәрі дәріханаларда қалаулы тұр» деп айтқанының бәрі шындыққа жанаспайды. Не деп қысымға алып, шақыртса да айтайын, қалада іздеген дәріңді табу мүмкін емес. Қала адамдары жарайды, бірінен бірі сұрап, іздеген дәрісін атуып алып жатқан шығар. Ал, бірақ, алыстағы ауылдарда дәрі жоғы өз алдына, қалаға келіп азитрамицин, митрит, Д, С дәрумендері, регидрон, парацетамолды шарқ ұрып таба алмай кететіндер аз емес. Семейге қарасты Абыралы өңіріндегі Қайнар, Ақбұлақ ауылдарында дәрі тұрмақ дәріхана жоқ. Үш жүз шақырым жерден туған інім келіп, екі күн жүріп іздеген дәрілерін таба алмай кетті. 17 шілде күні ұлы Әли тағы да келіп тұрып, діңкесі құрып жөніне кетті. Енді, өзім шығып қала орталығы саналатын 343 квартал, 72 квартал аумағындағы дәріханаларға бардым. Тапсам беріп жіберейін деп. Бәрі бос тұр. Сонда қала билігі кімді алдап жүр? Президентті ме, халықты ма? Жағдай күн өткен сайын қиындап барады,-деп күйінеді Бағлан Ғабдуллин.
Қала тұрғынының дәрі тапшылығына байланысты айтқан сыны орынды. Бағлан Ғабдуллиннің айтуынша, ауырған жағдайда «Жедел жәрдем» шақырудың өзі – мұң. «Жедел жәрдем» шақыртуымен барған сырқаттың бірден орналаса қоюы да неғайбыл. Себебі, орын жеткіліксіз.
Осы «Жедел жәрдем» шақыру қаланың өзінде қиынға түсіп тұрғанда, алыстағы ауылдардағы ағайындар қайтіп отыр?.. Осыған орай жанына батқан жағдайға байланысты Абай ауданы, Қарауыл ауылында тұратын 83 жастағы, есімі елгі белгілі, қадірлі де қазыналы қарт, Абай ауданнының құрметті азаматы Манатай Балтақайұлы облыс әкімі Даниал Ахмеғтов пен Денсаулық сақтау министрі В. Цойдың атына жолдаған хатын біздің редакциямызға да жөнелтіп, жәрдем беруін сұрады.
«Абай ауданында жақсы жабдықталған мүмкіндігінше талапқа сай жұмыс жасап тұрған Орталық емхана бар. Қазір бүкіл әлемге лаң келтіріп отырған пандемия ауруы жүріп жатқан кезде, короновирус ауруы жағадан алса, кейбір әрекетсіздердің кесірінен әдейі істеп отыр ма, білмейміз Абай ауданының халқы қасіретін тартып отыр. Өйткені, ауданда қазір бұл аурудың белгілісі бар,белгісізі бар ауырғандар көбейіп кетті. Осы 4-5 күннің ішінде кәрі-жасы бар 10-шақты адам қайтыс болды. Орталық емхана карантинге жабылған. Осы пандемия ауруы болсын, басқада халық болғансың бұрыннан ауратыны бар халық деркезінде жедел-жәрдем көмегін ала алмайтын болды. Басты себебі аудандағы бұрын істеп тұрған "103" жедел-жәрдем жұмысы облыстық денсаулық сақтау басқармасына көшіп, солардың тікелей қарамағына берілген. Аудандық емханаға хабарлассақ «облысқа "103"-ке шығыңыз, солар шақыру қабылдап жібереді. Онсыз бара алмаймыз-дейді. Сонда бұл не әрекет? Қалай түсінуге болады? Ауырған адам көмексіз не болса, ол болсын деген ұғым туа ма? «103» арқылы «Жедлел жәрдем» келтіру де арманға айналды. Семей ме? Өскемен бе? Білмеймін, екі қаланың бірінен шақыртуға сай рұқсат етілуі керек екен. Яғни, алдымен, Семейге немесе Өскеменге өтініш беріп, олар мақұлдаған соң ғана «Жедел жәрдлемнің» біз сияқұты науқастарға келуіне болады. Бұл қайдан шыққан «жаңалық»? Неге бізге бірден шақыртқан дәрпігеріміз жылдам келмейді?!.
Дәлелді басқа жерден іздемей 11-шілде күні бұрыннан қан-қысым жоғары 81 жастағы зайбым, қан қысымы көтерілуі салдарынан таңертең ес-түссіз құлап, сағат 8:30-дан кешкі 6-ға дейін сұлық жатты, күні бойы звандап "103" ала алмадық.
Сіздерден сұрайтыным, осы мәселені Абай елінің халқы үшін дереу шешіп "103" жедел-жәрдем машиналарың иелігін жұмысын орталық емхана қарамағына қайтарып бергізіңіздер.
Сіздерден осы мәселені дереу шешеді деп сенемін.
Өтініш иесі: Манатай БАЛТАҚАЙҰЛЫ
Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылы».
Қалай десек те, жасы сексеннен асқан қарияның жанайқайы орынды. Жанына батқан жағдайға алаңдаған ақсақалдың жай-күйінен Абай аудандық әкімдігі бейхабар дей алмаймыз. Аталған мәселеге орай аудан әкімінің орынбасары Мейіржан Смағұловқа хабарласқанымызда қосымша провизорлық орындар қарастырылып, мобильдік топтар құрылғанын анықтағанымызбен, бұл мәслені шешу жергілікті әкімдіктің қолынан келмейтіндігін аңғардық. Дегенмен, провизорлық орындармен қамтамасыз ету 58 пайызға орындалған көрінеді.
Жалпы, «Жедел жәрдем» шақыру мәселесін шешу жайы қаланың ішінде сағаттап күттіріп жатқанда, аудандардағы ахуалдың оңалуы мобильдік топтардың жұмыс белсенділігіне көптен көп байланысты. Дегенмен, жақында Семейдегі «Мясокомбинат» ауруханасы аталып кеткен медициналық нысанның алдына келіп құлаған азаматшаның жағдай сол күйі жұмбақ көрініске айналған күйі қалып қойды.
Шілде айының үші күні орын алған осы оқыс жағдайға байланысты 5 шілде күні, түстен кейін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жазбаша түрде аурухананың бейнекамерасына түскен көрініске сүйене отырып, төмендегідей жайлардың анықталғанын жариялады. (Сөзбе-сөз толық келтіргенді жөн көрдік-авт):
«Азаматша өз қалауы бойынша қабылдау бөліміне келіп, коронавирусқа ПТР әдісімен талдау жасауды талап етеді. Осы уақытта қабылдау бөліміне сатурациясы төмен екі науқас түскендіктен, әйел адамға күте тұру қажеттілігі айтылған. Ал неге ол далада күтіп отыр? Бұл жер провизорлық госпиталь болғандықтан, расталған КВИ жоқ адамның вирусты жұқтыру қаупі жоғары.
20 минут күткеннен кейін өзі үйіне кетіп қалады. Анасының ауыр жағдайы туралы телефон арқылы хабарлаған қызының шағымынан кейін оның үйіне жедел жәрдем бригадасы жіберілді.
Үйде тексеру нәтижесінде АҚ, пульс, дене қызуы мен сатурациясы қалыпты жағдайда екені анықталды. Шұғыл емдеуге жатқызу қажеттілігі, сондай-ақ пневмония немесе коронавирустық инфекция белгілері болмаған.
Әйелге жедел немесе шұғыл емдеуді қажет етпейтін созылмалы холециститтің асқынуы диагнозы қойылған. Бүгінгі күні пациенттің жағдайы дәрігерлердің бақылауында. Науқастың қызы арқылы телефонмен байланысып отыр.⠀
Айта кету керек, стационарға барған кезде әйел жалғыз емес, жанында бірге келіп, бірге кеткен ер адам болған. Бұл сыртқы бейнебақылау камерасында жазылған жазбалармен расталады».
Шындығына көшсек, аурухана бейнекамерасындағы көрініс пен жазбаша жарияланған мәлімдеме көкейде көп сұрақ тудырған болатын. Себебі, әлеуметтік желіде тараған видеода аурухана алдында сұлқ жатқан әйелдің ар жағынан «Жедел жәрдем» көлігі менмұндалап тұрғанын күллің жұрт көрген. Қызығы сол, ресми ақпаратта «Жедел жәрдем» туралы мүлдем ештеңе айтылмайды және аурухана бейнежазбасына бұл көлік түспей қалған. Бір сөзбен айтқанда, ресми билік мәлімдегендей, өз аяғымен келген ана аурухана ішіне кіріп шықса, сыртқа барып жантайып жата кетуге не үшін мәжбүр болды? Сол сәтте іштен шығатын дәрігердің болмағаны да көкейге көп сауалды қоюлатқан күйі қала берді. Қызығы сол, жергілікті әкімдік ай басында болған осы оқиғаға содан бері әлі нақты түсініктеме берген жоқ. Бұл да «Жедел жәрдемге» қатысты көтерілген сәттен көлеңкеде қалып бара жатқан оқиғаның біріне айналып кеткенін семейліктердің өзі де сезбей қалды...
Ал ауырған жұртшылық шақыртқан күннен зар илеткен «Жедел жәрдемнен» бұрын іздеген дәрі-дәрмегін таба алмай жүр…
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ