USD524.65EUR552.19RUB5.14

Абай облысында қызылша ауруы бойынша жағдай тұрақты

05 сәуір 2023, 11:52
Бұл туралы Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Абай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тоқтабаева айтып берді
Абай облысында қызылша ауруы бойынша жағдай тұрақты

Абай облысында соңғы екі жылда қызылша ауруы тіркелмеген. 2023 жылы Абай облысы қызылшаның даму қаупі бойынша орташа тәуекел аймағында,- деп атап өтті.

Елімізде Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, қызылшаға қарсы балалар 1 жасында, содан кейін 6 жасында егіледі. 2023 жылдың екі айында бір жастағы 1607 балаға қызылшаға қарсы екпе салынды, бұл 15,8 пайызды құрайды. Ревакцинация алған 6 жастағы балалардың саны – 1891, бұл 19,7 пайызды құрайды.

Вакцина алмаған немесе осы инфекциямен ауырмаған адамдардың иммунитеті қалыптаспайды. Құрметті ата-аналар, облыс тұрғындары, егер сіздердің балаларыңыз бен жақындарыңыздың қызылшаға қарсы екпесі болмаса, міндетті түрде алуға кеңес береміз. Өйткені бұл ауруға қарсы нақты ем жоқ. Ауру асқынған жағдайда өлім-жітімге дейін алып келуі мүмкін. Бүгінгі таңда еліміздің басқа аймақтарынан, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерден инфекцияның таралу қаупі бар,- деді А. Тоқтабаева.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта әлемнің әр түрлі аймақтарында қызылшаның таралу қаупі бар. Өйткені COVID-19 қызылша вакцинациясымен қамтудың және ауруды бақылаудың төмендеуіне алып келген.

2022 жылы әлемде қызылшаның 155,5 мың жағдайы тіркелді. 2023 жылдың басында Тәжікстан, Украина, Қырғызстан және Ресей секілді алыс-жақын шетелдерде қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайдың асқынуы байқалады. Ресейдің Новосибирск, Омбы облыстары мен Алтай өлкесінде көп аурушаңдық тіркелді,- деді А.Тоқтабаева.

Ал Қазақстанда 2023 жылдың 31 наурызындағы жағдай бойынша қызылшаға күдікті 169 жағдай тіркеліп, оның ішінде 107-сі зертханада расталған. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 96 жағдай, жасөспірімдер арасында 1 жағдай және ересектер арасында 10 жағдай тіркелген.

Ауру балалардың 70 пайызы қызылшаға қарсы егілмеген. 107 жағдайдың    69-ы Алматы қаласында тіркелген, 12-сі Түркия (5), Египет (4), Тәжікстан (2) және Қырғызстан (1) елдерінен келген,- деп сөзін қорытындылаған Абай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары, ата-аналарды балаларына уақытылы вакцина салдырып, аурудың алдын алуға шақырды.

Semeynews.kz

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar