USD444.22EUR476.38RUB4.82

ДӘСТҮР – ҰЛТТЫҢ ДІҢГЕГІ

15 шілде 2021, 15:26
Қазақ – дәстүрді арда тұтқан текті халық. Нәрестенің шыр етіп дүние есігін ашқанынан-ақ жақсылық болсын деп ырымдап ер жетіп, келін түсіргенінен жалғасын таба берер тұрмыстық салттың қай түрі болмасын санамызда бұлжытпай орындалуы қазақтығымыздың бірден-бір алғышарты сынды. Ешқандай дала заңында бекітілмесе де қоғамдық тұрмыста қалыптасқан отбасылық қағидалар негізіндегі дәстүрдің ата-бабамыздың, халқымыздың өмір тынысында маңызы зор. Ол ұлттың тәрбиесіндегі басты көзіріміз десек те артық айтпаған болар едік

Уақыт алға жылжып, талай заманды артқа тастасақта қазақ атымен бірге жасасып келе жатқан салт-санаға қатысты ғұрыпты жаңашыл қоғам иелері озығынан тозығы көп деп айыптауы рухани санамыздың әлсіреп бара жатқандығынан деген тоқтамға келуге бүгінде негіз бар. Әуелгі кітап оқуды қойған, я мотивацияға құштар жастар өзін дамытпаққа талпыныс жасап келеді. Дамуды, баюды қалайды. Әйтседе, дамудың түп қазығы ұлт құндылығынан алыстарына қауіп жоқ емес. Әлгінде айтқан ақша табудың көп жолын үйретер кітап сынды жинақтарды көз майын тамыза оқығаннан, көп бетті болса да рухани азық кенішіне толы қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгерлерінің мол мұрасынан сусындаса ой көкжиегінің ұлғаярынан үміт болмақ еді. Бұл сөзімізге бірден-бір дәлел, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романындағы күллі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпы, әке мен ананың, бабалар аманатының тағылымының дәріптелуі.

Десек те, отбасында көрсетілер өнегенің ықпалы зор екені анық. Бүгінгі қарапайым қазақ отбасында күнделікті орындалуы тиіс дейтұғын әдет-ғұрыпта сирек. Асқа бата қайырудың өзі әулеттің үлкені бар үйде ғана жасалса, жас отбасында бісмілләсіз ас асайтындығы өтірік емес.

Әлгінде, қоғамдық тамақтану орнында бір қызық оқиғаға куә болдым. Ай жүзді келген әдемі жеңгеміз бен батыр тұлғалы ағамыз екі баласымен көрші үстелде тапсырыс күтіп отыр екен. Байқасам, қазақ екен екеуіде. Жұбайы кассаға бармақ болып кеткені сол-ақ еді, кіші баласы орындықтан шалқасынан құлады. Айғай салып жылаған даусына шыдамастан менде бұрылып қарадым. Сөйтсем мен ғана емес барлығының назары сол үстелге бұрылыпты. Бізді қойшы, әкесінің өзі не істерін білмей қалғаны байқалады. Содан, не керек қасындағы үстелде отырған жасы үлкендеу апамыз:

-Әй, балам, ұшықтап жібер, - деп ақылын айтты. Жас әке болғаннан ба, қалада өскен әке болғаннан ба  сол сөзді естіген күйі баланы айналшықтап абдырап қалды. Анығын айтқанда, ұшықтаудың не екенін түсінбеді-ау деймін. Шыдамаған апамыз орнынан тұрып:

-Былай-былай істейсің, – деп жөнін көрсетті. Әлгі ағамыз ұялғаннан-ау қолын қайда қоярын білмей алақанын тырмалап тұрып қалады.

Осы оқиғадан кейін күлерімді не күлмесімді білмедім. Қара шаңырақта, ата-апаның қолында өскен болса жұртқа айтқызбай-ақ өз баласын көтеріп алып, ұшықтар ма еді дерсің. Осы орайда бір сөз ойға оралады. Бүгінгі бүлдіршіндер, ертеңгі елдің болашағы деп жиі айтамыз. Ал, сол бүлдіршінді тәрбиелеп отырған жас ана мен әкенің ұлтымыз үшін қастерлі дүниелерден ада болып не білмеуі келешегіміздің кемел болуына күмән келтіреді.

Ұлт болып қалыптасуымыздың тірегі мен қазығы отбасы құндылығы саналған аталар салған сара жол мен ұлттық ұстанымда жатыр. «Отан отбасынан басталады» деген сөзде  тектен-текке айтылмаса керек-ті. Кіші отанында алар тәлім көбейіп,  өмірлік мәні бар тағылымға айналса нұр үстіне нұр болар еді.

Шұғыла СҰЛТАНМАХМУДОВА

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar