USD491.7EUR531.28RUB5.07

Жарығым, жаның таза, қуатым ең...

20 желтоқсан 2019, 17:23
Сағынышқа толы сарғайған сағым күндер зымырап өтіп жатыр. Уақыт тізгінін ешкім де ұстап тұра алмайды. Бір жыл болды, қызым, тоқтағалы тынысың. Динарам-ау, көз алдымнан бір сәтке де бейнең кетпейді. Кеудем шерге толды, арманда кеткен ботам-ау, қайғыңа қалай шыдармыз?!
Жарығым, жаның таза, қуатым ең...

Жазмышқа кім бар дейсің қарсы келген,
Өмір менен өмірді көрші көрген.
Ажалға ара тұрған бір пенде жоқ,
Ол жақтан ойда жоқта елші келген.
Болды ғой сенің биік сан арманың,
Құлыным, сақтап сені қала алмадым.
Уыты асау сұм ажал шарпып өтті,
Айықпас дерт сыйлапты бар ма амалың?

Небәрі алты ай ауырып, ауыр науқасыңды білдірмей жүріп көтердің ғой, қызым-ау. Сенің ғұмырыңды сәл де болса ұзарту үшін қолда бардың бәрін берер едім, асылым. «Дертіне дауа берші» деп Алладан көмек сұрадық. Бірақ Аллаға да жақсы адам керек екен, шипа берудің орнына қызымды алып тынды. Өмірдің заңы осы, амалсыздан мойындайсың, барға қанағат етіп, «тәуба» дейсің.

Динарам біреуге қарындас, біреуге қадірлі дос, отбасына таптырмайтын қыз болған, пана да, сая да болған. Аңқылдаған ақжарқын, күлсе жүрегі көрінетін адал жан еді. Аяулы алақаны бар, төгіліп тұрған мейірімі бар аяулы еді. Мектепте де алдыңғы қатарлы оқушының бірі болдың. Мектеп бітірген куәлігіңде екі-ақ «төрт» деген бағаң бар. Оның біреуі сызу, екіншісі астрономия пәндері еді. Қалған пәндерден кілеі «бестік» баға лаушы едің. Мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене араластың. Сынып жетекшісі Роза Филиповна Тренкеншу «менің оң қолым» деп отырушы еді. Спортпен де шұғылдандың. Мектеп бітіргеннен кейін Семей Медициналық Академиясында, Алматы қаласындағы М.Тынышбаев атындағы «Көлік және коммуникация» Академиясында оқыдың. Еңбек жолын екінші алған біліміңмен қазақ теміржолында бастадың. Қоғамдағы өзгерістерге байланысты «Ақ Орда» мейрамханасында администратор қызметіне ауыстың. Әріптестерің, достарың сенің адамгершілік қасиеттеріңді, сен туралы жақсы пікірін айтып, құлазып тұрған көңілімді бір көтеріп тастайды.

«Құдай бір айналдырса, шыр айналдырады» деген сөз бар ғой.  Динарамыздың еміне шипа таба алмай жүргенімізде алтын асықтай күйеу балам Ғабит Жылқайдарұлы өмірден озды.

Жігіттің жампозы, ақкөңіл, ақылына сымбаты сай Ғабиттың адамгершілігі, адамға жасаған жақсылығы ерен еді. Бір басына жетрлік жақсы қасиеттері көп еді. Құдай көп көрді ме, көз тиді ме, өмірің қысқа болды ғой, Ғабитім. Қылшылдап тұрған 40 жасында мына фәни жалған дүниені тәрк етіп жүре берді. Ғабит қайтыс болғанда іште қалған сәбиің Рааданды  көріп, көңілімізге медеу қыламыз.

Бұйрығына алла бағындық,
Қапыда қара жамылдық.
Динарамызды аңсадық,
Ғабитымызды сағындық.
Шошынған жүрек тоқтай гөр,
Қалғанын аман сақтай гөр!

Динарамның достары көп болды. Қай жерде болмасын үлкенді-кішілі достары алдынан шығатын. «Осы сенің танымайтын адамың жоқ екен» деп мен өзім де таңғалушы едім.

Қабағын шытпайтын, үнемі алдымнан күліп шығушы еді алтыным. Дүниеге, байлыққа еш қызықпайтын. «Менің байлығым - жиендерім» деп отырып, Жанасылдың, Інжудің, Раянаның бал-бұл жанған қызықтарын айтатын. Темірлан, Анеля, Ерасылдың қамқоршысы, ақылшысы, тірегі болатын. Жиендері де өзін ерекше жақсы көретін. Темірлан атты жиені кішірек кезінде «мен коттедж салып, Ляляммен тұрамын» дейтін. Осының бәрі айта қалсын дегендей...

Мына бес күндік жалған дүниеде беретінін бере алмай, сыбағасын ала алмай, өмірден ерте оздың. Қайғының қара бұлты сейілмей тұр. Адамға өз баласының қазасын арқалағаннан артық азап жоқ шығар.

Қызым-ау, қиналып жүрміз келмесіңе сене алмай! Қияр ма адам қара жерге баласын, амал бар ма тағдыр солай шешкен соң? Күн мен түн араласып кеткендей... Аллаға жетер ме біздің зарлы үніміз?!

Оңашада жанардан жас тыймадым,
Қазаға да, жоқ деуге де қимадым.
Қайғырғанмен амал қанша, ардағым,
Бақилықта жолдас болсын иманың.
Береке, бақыт берсін қалғанға...Қош! Қош! Қош!

Еске алушы: анасы Венера Иманғалиқызы

Бейнең тұр өшпей санада...

Өмір бізді сенен айырды, ардақты апайымыз Динара. Сен біз үшін ең қымбатты, аяулы жансың. Сондықтан да болар сені «жоқ» дегенге әлі сене алар емеспіз. Біздің есімізде жылағанның жасын тыйып, сүрінгенге демеу, түңілгенге жарық сәуле бола білген апайымыз ретінде қалдың.

Қуанышымызды бөлісіп, қиналғанда қолұшын беріп, қаймыққан сәттерімізде жігерлендіріп жіберетін едің. Ләлә! Жүрек қан жылап, көңіл құлазығанмен сана шіркін сені жоғалтқанына сенгісі келмейді. Сенбейміз де! Себебі біз үшін сен үнемі ойымыздасың, түсіміздесің, ең бастысы жүрегіміздесің.

Бейнең тұр өшпей санада,
Үнің тұр кетпей құлақта.
Жыл өтті міне арада,
Сен жоқсың, әпке, бірақта.
Сағыныш жасы жанардан,
Тырсылдап ағып тынбайды.
Өзіңді іздеп жоғалған,
Өкініп жүрек сыздайды.

Асыл апайымыздың атқарған жұмысы, жасаған жақсы істері, жомарттығы мен қайырымдылығы, туыстарға, достарға деген махаббаты, өмірге деген құштарлығы өлшеусіз еді. Апайымыз өмірден өткенімен оның жарқын бейнесі, бізге көрсеткен үлгі-өнегесі жадымызда мәңгі сақталатыны сөзсіз.

Өкінеміз, Динарам, амал жоқ өткеніңе,
Мәңгілік қонысына кеткеніңе.
Басымызға түсті апайым, үлкен қайғы,
Ешқанда жұбату сөз табылмайды.
Ардақтыдан айырылған туыстардың,
Зарына жойқын құйын татымайды.
Аңқылдаған ақкөйлегім, адалым!
Жер бесігіңде жұлдызың мәңгі жарық болсын.

Еске алушылар: сіңілілері, күйеу баласы, жиендері

Аяулы жан досымыз, Динаражан...

2018 жылдың 13 желтоқсаны. Сармановтар әулеті үшін азалы, қаралы күн болды. Анасының, сіңілілерінің, туған-туыстарының жүрегі жараланды. Жанұясының тірегі, сүйеніші, қамқоршысы Сарманова Динара Маратқызы 48 жасқа толар шағында мәңгілікке көз жұмды.

«Досымыз, сыныптасымыз дүниеден өтті» деген қаралы хабар төбемізден жай түсіргендей әсер етті. Осы уақытқа дейін араласқан, сыйласқан дос-жолдастарымыз аз болған жоқ қой. Бірақ солардың арасында Динараның орны ерекше болатын. Динара үйге кіргенде айналасына шуағын шаша келетін. Баладай пәк, даладай кең мінезімен, өмірге ғашықтығымен ортаны баурап алатын еді. Өзгеге ұқсамайтын мақпал мінезі, ерекше біткен түр-тұлғасымен, өмірдегі пендешілікке жаны жабырқап, жақсылыққа жаны қуана білетін досымыздың әсем бейнесі енді көз алдымызда сағым болып қалды дегенге сенгіміз келмейді.

Динарамыз ешкімнің сыртынан тон пішпейтін. Қысылғанға қамқоршы пана болу, құрбы-құрдастарымен, замандастарымен сыйластықта жүру оның ең үлкен адамгершілік қасиеттері еді. Жатты да жатырқамас мінезі бар, бауырмал еді. Жаны жайсаң адамдардың етек-жеңі кең келіп, айналасына әрдайым жақсылық етем деп құлшынады. Динара Маратқызы жаны таза, ниеті ақ жан еді. Алайда адамгершілігі мол адам көзден ғайып болса да, көңілден кетпек емес.

Ұлы Аристотельдің «Өмірдің мәні неде?» деп өзіне-өзі сұрау салып, бұған «Ол дегенің – басқалар үшін қызмет етіп, жақсылық жасау!» деп анықтама берген. Осы сөздер Динара Маратқызы сынды аруларымызға арналып айтылғандай.

Сарманова Динара Маратқызы 1971 жылы 4 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданында дүниеге келген. Киров атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, оқуды өте жақсы оқыды. Оқытушымыз Тұрсын Құмарқызы «Динара ұстаздарының бірінші көмекшісі, мектептегі оқу-тәрбие жұмысының өз дәрежесінде болуына ықпал етіп, оқушылардың сабақтан қалмауына, ішкі тәртібіне, тазалығына, мектеп ішіндегі қоғамдық жұмыстарға қатысатын, өте белсенді оқушы болды» деп есіне алады.  Динара мектеп қабырғасынан спортты жанына серік етіп, волейбол, баскетболмен айналысты. Ұйымдастырушылық қабілеті өте жақсы болды.

Мектеп бітіргеннен кейін Семей медициналық академиясында оқыды. Еңбек жолын Қазақ теміржолынан бастады. Сол жылдары қоғамдық жүйе өзгерді де, Динара «Ақ Орда» мейрамханасына администратор қызметіне кірісті. Қай істі қолға алса да, оған үлкен жауапкершілікпен келетін. Жүрегі таза, қолы таза адам еді.

Динара Маратқызының достарға, әріптестерге, туған-туыстарына, сыныптастарына жасаған жақсылықтарының барлығы – қамшының сабындай қысқа ғұмырында өзіне ұмытылмастай еңбек етіп қойып кеткен ескерткіші.

Қызмет барысында өзін ұқыпты, сауатты, тыңғылықты орындаушы ретінде көрсете білген жан. Ұжымда құрметке ие, мінезі жағынан тіл табысқыш болатын. Бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз жан еді. Қанағатшыл, жақындарына да, жат адамдарға да, жұрттың бәріне жақсылық жасап, ізгілігін көрсеткен жан. Парасатты адам көзден ғайып болса да, көңілден кетпек емес.

Динара Маратқызының қазасы жақындарының ғана емес оны білетін барша жақындарының қабырғасын қайыстырды. Өлді деуге ауыз бармайды, кетті деуге көңіл қимайды.Өкінішке орай солай болып тұр. Қабірің таусылмайтын нұрға толсын, жан дос!

Бір топ сыныптастары, достары

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar