USD483.23EUR534.74RUB5.12

«Ұлы Абайдың атына лайық облыс болып өркендесін»

15 маусым 2022, 14:49
Аймұхамбет Бейсембеков, Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы, ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі композитор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
«Ұлы Абайдың атына лайық облыс болып өркендесін»

- Аймұхамбет аға, сіз айтары бар ақсақалдың бірісіз. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, әлеуметтік желіде Сіздің сатираңызға тәнті қауым баршылық. Айтуға оңай сынды, бірақ өлең сөзбен қиыстырып жеткізу қиынның қиыны.  Сыншы ретінде қаламыз бен облысымызға да айтарыңыз бар шығар, көзқарастарыңызбен бөлісе отырсаңыз. 

- Рахмет, халқымыз 25 жыл армандаған тілегімізді орындаған Президентке дән разы, құттықтаймын, ұзағынан болсын! Ұлы Абайдың атына лайық облыс болып өркендеп, мәдениетіміз, әдебиетіміз, экономикамыз  дамып, халқымыздың жағдайы көркейіп, қаламыздлағы жұмыссыздар мен панасыздар үй алып, жұмыспен қамтылып, халықтың тұрмысы көтеріліп, қуанышқа бөленсін. Сол қуанышты айта отырып, жасырары жоқ, жетім баланың күйін кешіп, Өскеменнің бөлген қаражатына қарап келдік. Сол себепті   жұмыссыздық сияқты мәселелер ырықсыз кетті. Облыс жабыларда Семейде 400 мыңдай халық болған, одан кейін 270 мыңға түсіп қалды, қазір 330 мың көлемінде. Енді  облыстың ашылуына байланысты үлкен үміт артамыз. Оның үстіне  «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, Нұрлан бауырымыз келді, халықтың үмітін ақтап, осы облыстың жаңаша бейнесін  жасайтын мәрт азамат болсын деп тілейміз.

- Қазір көкейде жүрген мәселені қозғап, жақсы ұсыныстар беру маңызды. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демекші,  халықтың үні естілуі керек. Осы жағынан келгенде, нақты ұсынысыңыз болса, айта отырсаңыз.

-  Мен мәдениет, өнер саласында жүрсем де, ұстаздықтан қол үзген емеспін. 1976 жылы Семейдің Мұқан Төлебаев атындағы училищесіне ұстаз болып келдім. Кейін филармония басшысы бола тұра, Семейдің пединститутында музыка кафедрасында және Төлебаев училищесінде ұстаздықтан қол үзбей, жұмысымды жалғастырдым.  Семей ХІХ ғасырдың ортасынан бүкіл қазақ елінде мәдениет, өнер, ғылым жаңалықтарының шырағын жақты. Тек бірнешеуін ғана атайын, Қазақстанда тұңғыш теміржол, телефон торабы,  баспа ісі, газет, журнал, спорт, футбол Семейде бастауын алды, тұңғыш театр   Әйгерімнің отауында Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегімен» ашылып, қазақ театрының негізін салды. Айта берсең, тізе берсең көп, Қазақстанда педагогтарды дайындайтын тұңғыш оқу орны да осы жерде ашылды. Қазақ қоғамының қаймақтары оқыған Мұғалімдер семинариясын айтып отырмын. Кеңестік дәуірде Семейде 4-5 институт 18 шақты техникум болды, осылардың бәрі қысқартылып, жабылып қалды. Педагогикалық институтты техинститутқа қосқаны қай сасқаны дерсіз. Семейдегі Педагогикалық институттың жабылуы – саясаттың шатысқандығының нақты көрінісі. Енді жеке облыс болдық, қазір қоғамға ең қажетті мамандар – дәрігерлер мен мұғалімдер. Мектептер ашылып жатса да, мұғалімдер жетіспейді. Сондықтан білім саласы дамуына қатысты жаңа әкімге айтпақ ұсынысым – осы Семейдің Педагогика институтын қайтадан ашып,  өзінің бұрынғы қалпына келтіру.

- Екінші ұсынысыңызға ауысайық...

-  Облысымыздың мәдениет пен өнер саласы сол Кеңес одағында салынған ғимараттарда жұмыс істеп жатыр. Үш театр 1 театрда отыр. Филармонияға биыл ғана жаңа ғимарат берсе де, оның өзі филармонияға арналмаған бұрын кинотеатр болған ғимарат. Залдарының акустикасы оркестр, симфонияға сәйкес зал емес. Сондықтан да біздің қаламызда Алматы, Астанадағы концерттік залдар сияқты өнер сарайын салса, ол сарайда филармония болса, шетелден гастрольмен келетін атақты музыканттардың концерттерін өткізу үшін қолайлы болатын еді. Өйткені,  қазір 50-60 жыл өтіп кеткен 490 ғана орны бар қалалық Мәдениет сарайы ескірді, өте кішкентай, ондай залдар ауылдарда да бар.  Абай атындағы облыс атағы бар әрі Семей Мәдениет пен өнердің, өркениеттің орталығы болғаннан кейін мәдениет саласы өркендесе дейміз. Сол үшін облыстық мәдениет басқармасын құрған кезде онда кәсіби мамандар өздері басқарса, гүлденетін болады. Коммунистік партиясынан қалған әдетпен партиялық басқару үлгісі қала берсе, онда алға басу да жоқ. Семей филармониясын талантты, елге танымал Айбек есімді мықты азамат басқарып отыр. Өнер академиясын бітірген азаматтар жеткілікті қазір. Солар басқарса, мәдениет те гүлденбекші. Әр салада өзінің кәсіби мамандары отырса, дамудың бірден-бір сара жолы ғой. Реті келген соң айтайын, тіл мемлекеттің тұғырында болу керек. Қай сала болсын, мемлекеттік тіл басты орында тұру керек. Мен Еуропаның талай елдерін араладым, мәселен, Испанияға да, Францияға да бармасаң, испан тілін, не француз тілін білмесең, жұмыс жоқ.

- Бізде әкімшілікте оқу-ағарту сияқты өте маңызды саланы мемтілді жете білмейтін орыс азаматшасы басқарып отыр екен.

- Иә, міне, қанша жыл болды, бір ауыз қазақша сөйлемейтін адамның Семей қаласының оқу-ағарту саласын басқарып отырғаны тілдің қандай дәрежеде екенін көрсетіп тұрған болар. Әкім осы мәселеге қатты қарау керек. Облыстың Білім бас-қармасы қай ұлт болмасын таза мемлекеттік тілде сөйлеуін талап етуі керек. Басқармада мемлекеттік тілді өз ана тіліндей білетін адам отыру керек.  Мәселен, кеше ғана сайланған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өзінің бірінші жиналысында бұл мәселені ескертіп өтті. «Біз орысша сөйлемейміз, қазақ тілінде ғана сөйлейміз»,-депті сабаз. Мен де Нұрлан бауырыма жиналысты «тек мемлекеттік тілде өткіз» деп хат жазған едім.

- Тіпті асханадағы, саудадағы қызмет көрсетулер, сол сияқты қоғамдық көліктегі кондукторлардың қазақ тіліне деген көзқарасы дұрыс емес. Олардан тілді талап ететін уақыт жеткен сияқты.

- Сондықтан жаңа әкімнен күтерім, мемлекеттік тілді қолға алып, өз ұлтжандылығын көрсетсе екен.

- Бәрекелді! Сонымен, сіз айтқан ұсыныстар: біріншісі - пединститут ашылса дедіңіз,   екіншісі – өнер саласында жақсы бір концерттік зал салынса дедіңіз. Сондай-ақ, өнер саласын кәсіби мамандар басқарсын, партиялық басқарудан бас тарту керек. Төртіншісі, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуді ұсындыңыз. Бәрі де маңызды мәселелер. Халықтың көңілінен шығамын деген басшы бұларға қатты назар аударуы керек. Ел тұрғындарының 75%-ын қазақ құрайды, соған қарамастан орысша тәрбиеден әбден зардап шеккендер қарасы азаяр емес. Себебі, екінің бірі аралас мектептер.

- Ары бармай-ақ қояйық, көрші Ресейде орыс тілін білмесең, министр, депутат тұрмақ, көше сыпыруға да алмайды. Қазіргі жағдайға байланысты қаншама жүздеген адам елімізге келіп, өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Соларға қазақ тілін міндетті түрде білу керек деген талап қою керек.

- Тегінде бұл талап оларға оң жағынан әсер етеді. Қазақ тілін білгеннен кейін, қазақ халқының ұлттық мәдениетімен танысады, Өзбекстан сияқты көрші елдерге де еш кедергісіз бара алады.

- Сондықтан біздің еліміздің басты саясаты ұлттық идеологияны қолға алу керек. Осыған облыс әкімі көңіл аударуы тиіс деп білемін.

- Келіп пікір білдіргеніңізге көп рахмет! Сіз нағыз ұлт жанашыры, кешегі Алаш арыстарының тұяғы деп бағалауға лайық азаматсыз.  

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

5 сағатқа жетпей
27 қыркүйек 2024, 10:07
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar