USD426.47EUR504.04RUB5.76

Л. ҚАДЫРОВА: «МҰРАҒАТ ІСІ – МЕН ҮШІН ҚАСТЕРЛІ МАМАНДЫҚ»

03 наурыз 2021, 16:03
Қысқаша анықтама: Қадырова Лаура Қабдылғазықызы 1974 жылы 4 шілде күні Семей облысы, Абай ауданы Саржал ауылында дүниеге келген. Шәкәрім атындағы Семей университетінің түлегі. 2007 жылдың ақпан айынан Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында қызмет етіп келеді. Алаштың рухани астанасы атанған қаламыздың тарихи мәртебесі қандай екені баршамызға белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Семей қаласын «Қазақстанның тарихи орталығы» деп жариялағаны да талай жайды аңғартқандай. Дегенмен, тарихы тереңде жатқан қаламыздың өткені мен бүгініне көз салсақ, ерекшеліктерін әйгілеп беретін мекеме – ШҚО цифрландыру және архивтер басқармасы «Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы» дер едік. Осы мекеменің ғылыми анықтамалық ақпараттар және құжаттарды пайдалану бөлімінің басшысы Лаура Қабдылғазықызмен мереке қарсаңында тілдесудің сәті түскен еді.
Л. ҚАДЫРОВА: «МҰРАҒАТ ІСІ – МЕН ҮШІН ҚАСТЕРЛІ МАМАНДЫҚ»

-Сырт көзге қыр-сыры қызықтырып тұратын мұрағат ісінің ерекшелігі қандай?

-Жалпы архивші, яғни, мұрағаттану мамандығы мен үшін өте қызықты және ерекше. Олай дейтінім, ата-бабаларымыздан қалған құнды деректердің сақталып, кейінгі ұрпаққа мирас болып қалуы үшін аянбай еңбек етіп, маңдай терімен ғасырдан ғасырға жетуіне бар қажыр-қайратын жұмсайтын мамандық иелері – архившілер. «Тарихты адамдар жасайды, ал архивтер оны сақтайды» - деген сөз бекер айтылмаса керек. Бұл мамандықты таңдаған адам, өлке тарихына қызығатын, өз ісіне мығым, әр құжат үшін жанын беруге дайын болуы тиіс.  Жалпы архивте жасаған еңбек өтілім 14 жыл. Архив саласындағы жылдарымда, өзім еңбек етіп келе жатқан Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында сақталған ҚР Ұлттық архив қорының тарихи құнды құжаттарын зерттеп-зерделеп, республикалық «Қазақстан мұрағаттары» журналына, «Егемен Қазақстан» газетіне, «Ертіс өңірі» газеттерінде мақалаларым, тақырыптық басылымдарым жарық көріп жүргенін оқырман қауым жақсы біледі  деп ойлаймын.

-Осы орайда бұл саладағы еңбектеріңіз жайында айта кеткеніңіздің артықшылығы болмас...

-Рахмет, дегенмен, мақтанғандығым емес, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 25 жылдығына арналған «Ядролық отқа қарсы» кітапшасын, Қайым Мұхамедхановтың 100 жылдығына арналған «Тау Тұлға» кітапшасын, «Мұхтар Әуезов және архив» кітапшасын, «Алаштың алыптары» фотоқұжаттық альбомын, «Семей қаласының 1968-2017 жылдардағы құрметті азаматтары» кітабын, сондай-ақ, «Восточное отделение Алаш Орды», «Город Алашорда», «И помнит мир спасенный...», «Дәуір сақтаушылары – Хранители веков» кітаптарын басылымға даярладым.

2009 жылы жұмыс барысында архив құжаттарын зерттеу кезінде Ұлы ғұлама ақын, аудармашы, жазушы, философ, дара тұлға, жерлесіміз Шәкәрім Құдайбердіұлының бұрын-соңды жарыққа шықпаған Шыңғыстау жотасында, тау шатқалында тұрған үшінші фото суретін тауып алдым.

2010 жылы Шығыс Қазақстан облысы архив қызметкерлері арасында өткен көркемөнерпаздар байқауының лауреаты атандым.

Архив саласында жасаған қызметімде жоғары нәтижелерге қол жеткізгенім болар бірнеше рет Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары және Шығыс Қазақстан облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хаттарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталдым.

Мемлекеттік билік органдарының, басқа да мүдделі ұйымдардың, мекемелердің, кәсіпорындардың  бастамасы бойынша ҚЗТҚО құжаттары туралы ақпарат беру жүзеге асырылады. Архив қорында сақталған, әлі де халық арасына таралмаған, аса құнды тарихи құжаттарды зерттеп, Халықаралық, республикалық, облыстық ғылыми конференцияларға қатысып, баяндама ұсыну, қаламыздың мәдени орындарында өтіп жатқан түрлі шараларға үзбей қатысу, баяндама жасау, менің басты міндетім болып табылады. Себебі, бұл болашақ ұрпаққа қалатын игі істер екенін атап айтқым келеді. Биыл осы салада еңбек етіп келе жатқаныма 14 жыл толды. Осы атқарған еңбек жылдары көптеген тарихи құжаттарды зерттеп-зерделеу барысында құнды деректерге кездестім.

Атап айтқанда?..

Аса құнды, маңызды құжаттардың бірі – Алашорда үкіметінің, Алаш қайраткерлерінің жеке іс-қағаздары. Семей өңірінен шыққан Кеңес одағы батырларының құжаттары, 1917 жылдан бері сақталынған газет қорларын атап айтар едім.  Сонымен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлының Шыңғыстау жотасында түскен фотосуретінің түпнұсқасының біздің архивте сақталуы – біз үшін үлкен қуаныш.

Биыл ата-бабамыздың аңсаған тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Осы тәуелсіздік жылдары еліміз көптеген жетістіктерге жеткені мәлім. Бұл тарихи оқиғаларға  архив қорында сақталған құжаттар дәлел. Осы жылы Президентіміздің Жарлығымен 22 желтоқсан күні архившілердің кәсіби мерекесі болып аталды. Сонымен қатар «Архив ісінің үздігі» төсбелгісі біздің Тәуелсіз Қазақстанымызда алғашқы рет бекітілді. Бұл мен үшін, барлық архившілер үшін үлкен бақыт.

Сұхбатыңызға рахмет. Ісіңіз ілгерілей берсін!

Сұхбаттасқан С. Кәріпбаев

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

14 сәуір 2021, 11:43
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2021
Әрленім және құрастыру
SemStar