USD484.37EUR531.06RUB5.05

«БІЗДІҢ АУДАНДА ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА МҮМКІНДІК МОЛ»

17 ақпан 2021, 12:28
Катонқарағай- Шығыс өңірдің ажарын ашқан Алтай өлкесімен қанаттаса жатқан ерекше ауданы. Бұл ауданның Ресеймен де, Қытаймен де шектесетінін ескерсек, еліміз үшін маңызы қаншалықты екенін айтпасақ та түсінікті. Қысында қар қалың түсіп, жол қатынасы қиындағанымен, ерінбей барған адам оның табиғатының жылдың төрт мезгілінде де тартып тұратынын айқын сезінеді екен.
«БІЗДІҢ АУДАНДА ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА МҮМКІНДІК МОЛ»

 Жақында Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханұлы сияқты ірі жазушылар шығармаларына арқау еткен өлкеге арнайы барып қайтудың реті келді. Сапар аясында аудан басшысы қызметіне кіріскеніне ай толмаған жас әкім Ділдар Қалиқанұлымен жүздесудің де сәті түсті. Айтуынша, өзі туған топырақта түлеп өскендіктен, Катонқарағайдың тыныс-тіршілігін бір кісідей жетік біледі. Тек елге қызмет жолындағы ойына алған мақсатынан айнымай, жастық жігерін жұмсай білуден аянбаған жөн. Жаңа әкіммен әңгіме барысынан ауданның төрт құбыласын түгел ету үшін  әлі де талай тер төгетін мәселелер де баршылық екені байқалды. Ал, шын мәнінде қасиетін ұғына білген адамға Катонқарағай табиғатының берері мол.

-Ділдар Қалиқанұлы, қос елдің шекаралық шебінде орналасқан ауданның ары қарайғы болашағын қалыптастыру жайы туралы ойыңызды білсек...

-Негізі өткен 2020 жылы көптеген істер жүзеге асырылды. «Өңірлерді дамыту», «Ауыл –ел бесігі», «Жол картасы», «Нұрлы жер» сияқты мемлекеттік бағдарламалар аясында жоспарланған шаруалар орындалып жатыр. Халық үшін маңызы зор әлеуметтік нысандар жөндеуден өткізуге баса назар аударып отырмыз. Атап айтқанда аудан орталығы – Үлкен Нарында орналасқан аудандық аурухана ғимаратын 430 млн. теңге қаражатқа толықтай жаңартып жатырмыз. Хирургия, перзентхана бөлімдері жабдықталып, жылу жүйесі ауыстырылды. Аманшылық болса, сәуір айында толықтай аяқтайтын боламыз. Катонқарағай ауылының тұрғындары бір спорт ғимаратының ауадай қажеттілігін айтып, мәселе көтеріп жүретін. Заман талабына сай, жанында жүзу бассейні бар, жаңа спорт кешенін пайдалануға бердік. Осындай ауқымды шаруалар рет-ретімен орындалып жатқан жайы бар. 10 екі пәтерлі үй салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар тағы да 17 екі пәтерлі баспана құрылысы басталмақ. Тағы бір баспана құрылысының жұмыстары алдағы көктемнен бастап жалғасатын болады. Ауданда 48 елдімекен, 36 мектеп бар. Білім ошақтары да бүгінгі күн талабына сай жаңартылғанын айтып өткен артық болмас.

- Ауылдарды ауыз сумен қамту жайы қалай?

-Негізі ауылдардың дені сумен қамтылған. Дегенмен, кей ауылдарда әлі де мәселе бар. Катонқарағай ауылы таулы жерде орналасқандықтан, жоғары бөлігін де ауыз су құбырының баруы, судың жеткізілуі қиындап тұр. Жергілікті халық өз ауласынан бұрғылап, шығарып алған су көзімен отыр. Бұл мәселе бойынша сметалық-сараптамалық құжаттамалар дайындалған. Облыстық деңгейде көтеріп, облыстық бюджет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілсе, мәселе толығымен шешілетін болады. Ал, өзге ауылдарда бұл сала бойынша жұмыстар атқарылған. Жоғарыда айтқан, 48 ауылдың дені шағын ауылдар, соның ішінде 3 елдімекендегі жан саны 50-ге жетпейді. Сондықтан, мемлекеттің экономикалық талабына сай ол 3 ауыл көршілес ауылдық округтер құрамына енгізілген. Егер келешекте ол жерде тұрғын саны 50-ден асатын болса, әрине, қайтадан жеке ауыл болуына мүмкіндіктері бар.  

- Осы тұста ауданда халық санының азайғаны байқалатын сияқты ма?..

- Иә, оны жасыруға болмайды. Кезінде аудан бойынша 54 мектеп болса, қазіргі жалпы саны-36. Ауданнан әртүрлі себептерге байланысты халықтың көшіп кеткені де оңай тиіп тұрған жоқ. Кезінде аудан бойынша, халық саны 44 мың болса, қазір 20 мыңнан астам шамада. Бұл Үлкен Нарын мен Катонқарағай аудандарының біріктірілуінен кейін орын алған 20 жыл ішіндегі жағдай. Халық санының екі есеге азаюы біз үшін үлкен мәселе болып отыр. Урбанизация процесінің кері әсерін осы мысалдардан көруге болады. Тұрғындардың бәрі облыс орталығына көшіп жатқан жоқ, тек көрші орналасқан Ресейге қоныс аударушылардың қарасы көп екені байқалады. Дегенмен, қол қусырып қарап отыруға болмайды, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ауданның туризмді дамыту бағытын қолға алсақ, экономикалық оң өзгерістерге мүмкіндік туады деп айта аламын. Бұрын халықты туған жерге оралуға немесе тұрақтауға шақырғанымда, көбіне жол қатынасы проблемасы, интернет жоқтығы айтылатын. Қазір бұл мәселелер артта қалды, облыс орталығымен жол қатынасы жақсарғандығын айта кеткен жөн. Бұрын Өскеменге жету үшін 4 сағаттай жүрсек, қазір 3 сағат ішінде жетуге болады.

-Катонқарағай өңірінің табиғаты әсіресе, жаз айларында ерекше тартады. Осы орайда туризм саласын жандандырудың мүмкіндіктері бар ма?

-Біздің де беткеұстап, үміт күтеріміз – табиғаты. Туризмді дамытуға жол ашықтығын атап өткім келеді. Табиғи ғана емес, тарихи ерекшеліктерге де бай аудан. Біздің дәуірге дейін ІҮ ғасырда пайда болған Берел қорғанынан табылған көптеген жәдігерлер бар, гейзерлік суымен әйгілі «Рахманов қайнары» бар. Сосын Шығыс өңірдің беткеұстар тағы бір ерекшелігі саналатын бұғы шаруашылығымен айналысатын ауылдар бар. Катонқарағай ұлттық паркінде де тамашалап келетін ғажайыптар бар. Серуендеушілер үшін тағы бір таптырмайтын нүктеміз – «Австриялықтар асуы» деуге болады. Оны Бірінші Дүниежүзілік соғыс тұтқыны болған австриялықтар салған. Биіктігі 3 мың метрден асатын сол асу арқылы салынған жолмен көршілес Күршім ауданына түсуге болады. Ал, ол жерде жазда барып жүріп өтсеңіз, табиғатына тамсана қараумен боласыз. Осындай кереметтерді тамашалап келген турист келесі жылы да келуге ынталанып тұратынына күмәніміз жоқ. Одан өзге Катонқарағай қымызы, балы деген табиғи таза өнімдерге деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Жалпы, туризмді дамыту бағытында облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының  тапсырмасымен қолға алған бірқатар жобаларымыз бар. Саралай келіп, жан-жақты жұмысымызды жандандыратын болсақ, Катонқарағай ауданының болашағы зор болатыны анық.

-Онда қолға алған ісіңізге сәттілік тілейміз! Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Сәтжан Қасымжанұлы,

Шығыс Қазақстан облысы

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

03 қазан 2024, 10:50
27 қыркүйек 2024, 10:07
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar