USD483.23EUR534.74RUB5.12

Мекемтас Мырзахметұлы: Абай мені кедей қылды…

24 маусым 2020, 11:14
Қазақ қоғамы бір жылдары отарлық езгіге тап келді. Кеңестік идеология ел мен жерді, ұлт пен рухты таптауға күш салды. Алаш жұртының жадын жалған нанымдармен жаулап, байтағымызға бөтен ұрандарды енгізді. Қазақ мінезінен ауытқыды. Керуен кері айналды, ақсақ түйе алға шықты. Сол бұрқасынның ішінде адаспай жол тапқан және жеке ұстанымынан танбаған генийлер (данышпандар) ғұмыр кешті. Олар білімімен, білігімен халқын қызғыштай қорғап бақты. Біліммен мыңды жықты, мыңның ақыл-ойын маздатып кеудесіне шырақ жақты. Миллион адам бір жолға түссе, олар бір өзі жаңа жолға бұрылды. Ұстанған бағытынан танбады, көргенінен жаңылмады. Басын бәйгеге тікті. Дүниеден баз кешкен дәруішке ұқсады. «Кертартпа», «ұлтшыл», «ескішіл» атанды. Ақыры бұлт артынан күн шығып, алып тұлғаларымызбен қайта қауышар сәт те туды. Мекемтас Мырзахметұлы сол саңлақтардың сойынан. Алмағайып заманда ғалымның тіс-тырнағымен қорғаған Шығыстық таным, Шығыстық мағына әуендері қазаққа қайта оралып, бүгінде жастар санасын сәулелі ойларға бұру үстінде. Әйгілі Абайтанушы, іргелі де ірі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы ақсақалмен сұхбаттасқан едік.
Мекемтас Мырзахметұлы: Абай мені кедей қылды…

АБАЙДЫҢ «ТОЛЫҚ АДАМ» ІЛІМІН ЗЕРДЕЛЕГЕН ЖАН КЕРІ КЕТПЕЙДІ

– Мекемтас аға, білім дегеніміз не?

– Білім – екеу. Біреуі тәжірибе арқылы жинақталады. Екіншіден, дүниеде ғылым­ның бәрі жасалып қойған, даяр тұр, осыны санамен ашып алу қажет. Мәселен, «жер күнді айналады» дегенде, бәрі қарсы шықты. Мұнан кейін «бүкіл әлемдік тартылыс заңы» ашылды. Осындай үлкен заңдар көп. Тек адамның миы бұларға толық жетпей отыр. Ілім деген болады. Білім –қарапайым ұғым, ал ілім мұнан жоғары тұрады. Ілім – ойлаумен алынған бүкіл қозғалыстың заңдылықтары. Ал тікелей барып, оны ашып пайдалансақ, білім болады. Екінші білімі – осы.

– Парасатты адам деп кімді айтамыз?

– Бұл ілім әл-Фарабиден басталады. Фараби парасатты адамның он екі қасиеті жөнінде айтады. Оның ішінде ақылды, әділетті, нәпсіні тыю қасиеттері бар.

– Жүректі кірлетпеудің бірден-бір жолы қандай?

– Өте бай болып кететін адам едім. Абай мені кедей қылды. Неге? Абайдың толық адамын зерделеген соң қолым ештеңеге бармады. Өзбекстанда төрт жыл ректор болып қызмет еттім. Ақша деген қапшықпен келіп тұрды, ала алмадым. Ішімде бірдеңе жібермейді. Кейін Қазақ Ұлттық университетіне академик Серік Қирабаев дәріс оқуға қызметке шақырды. Сонда жатақханада жаттым. Бір ағай бар еді, бір күні сол аға маған: «Ақымақ, – деді, –ректор деген үлкен жұмыс, дүние деген өзіңде жетіп тұр, не бітіремін деп келдің мұнда?» – деді. Мен: «Дүние қумаймын, дүние қусам мұнда келмес едім», – дедім. Келген себебім, ғылымда бір нәрсе жасағым келді. Адамға қанағат керек. Қанағат пен ұят болса, алынбайсың. Ерте кезде, Афрасияб заманында, ахи дегендер болған. Ахи деген – жомарт деген сөз. Бірінші – олар бірігіп қаржы табады. Өз заңдары бар. Ақшаны өзімізге жұмсағанда тек отбасымызға жұмсаймыз, қалғанының бәрін халыққа береміз дейді. Осы қасиетінен бұлардың даңқы алысқа кетеді. Кейіннен Тұран даласында бұл үлкен ілімге айналды.

Абайдың толық адамын зерделеп, сол бойынша жұмыс істесе, адам кері кетпейді. Ондағы үш-ақ нәрсе: ақыл, ақыл деген жай ақыл емес, Алланың бойында сегіз түрлі зәтия сипаттары болады, соның ішінде құдірет пен ғылым сипаттары бар. Абай осы құдірет пен ғылымды ақыл деп алады. Онан соң жүрек пен қанағатты алды. Осы үшеуі қосылғанда толық адам болады.

– Түркі поэзиясы кімнен басталады?

– Түркі поэзиясы халықтың өзінен басталады. Біздің қазақ ақындары басқа Түркі халықтарының ақындарымен салыстыр­ғанда жоғары тұрады. Себебі біздің балалар­дың жыры басым шығады. Түріктерді, әзербайжан, өзбектерді оқи­мын, олар мәтуәжіннен шыға алмай қойды. Яғни арабтың өлең құрылысынан аса алмады. Олардың принципінде бір дауысты дыбысқа екі дауыссыз дыбыс тең келеді. Мұның он тоғыз түрі бар. Содан ары қарай балалап кетеді. Ал бізде негізгі екпін буынға түседі.

– «Қазақ қалай орыстандырылды» кітабыңыз ерекше ұнайды.

– Алғаш осы еңбекті басылымдарға апарғанда ешқайсы баспай қойды. Бір күні Шерханға апардым. Ол екеуміз туысқанбыз. Шерхан, Баукең – бәріміз бір атаның баласымыз. Ол да қауіпті екенін айтып баспады. Солай жүргенде, қазір Астанада тұратын бір жазушы бар, бүгінгі ең талғампаз жазушының бірі.

– Төлен Әбдік?

– Иә, сол кісі «Қазақ әдебиеті» газетіне редактор болып келіп қалды. Онда ол жерде Дидахмет Әшімхан жұмыс істейтін. Жазбамды көріп, Дидахмет разы болып: «Қалай да бастырамыз», – деді. «Төлен Әбдікке беріп кетіңіз, бірақ бас деп айтпаңыз, оқыңыз деп айтыңыз», – деді. Сонда редакторға кірдім, жақсы әңгімелестік, онда бұл жазбам жетпіс бес бет еді. «Оқып, пікір айтыңыз», – дедім. «Бір аптадан соң кел», – деді. Бір аптадан соң келіп едім, оқып қойыпты. «Мекемтас, біздің идеология не болып кетті?» – деді бірден. «Идеология кетер жеріне кеткен. Бізде идеология жоқ, ұлттық санамызды қойыртпақ еткеннен өзге идеология жоқ», – дедім. «Көрдім, бұлар бізге істейтін нәрселерін істепті», – деді. Газетке басатынын айтты. Таң қалдым. Артынша Дидахметті шақырып: «Мынаны бірден дүркіретпестен айына бір рет басып, төрт нөмірде бітір», – деді. Дидахмет қуанып кетті. «Қазақ әдебиеті» газетіне шығысымен-ақ қазақтардың көзқарасы жақсы жағына өзгере бастады. Себебі бізге Ресей ешқашан дос болған жоқ, дос болмайды да.

…БІЗДІ ДЕ ЕЗІП-ЖАНШЫМАҚ БОЛҒАН

– Өкінішіңіз бар ма?

– Өкініш көп. Осынша ит тірлікті көрдім. Әкем үш жасымда қамалды. Ол кісі ұста еді. Ашаршылықты көзбен көрдім. Біздің үй мен Түлкібас станциясы үш шақырымдық жер. Мені анам онда көтеріп апаратын. Жолда адамдар ыңыранып жатыр. Өте көп. Базардан нан алып қайтып келе жатқанда бір үлкен, денесі ірі, қарны шығып кеткен кісі жерде жатты. Қарай бергенімде шешем көзімді жауып қалды. Бәрібір қарап үлгердім, сол бейне әлі күнге көз алдымда тұр… Сөйтсем, өзіміздің Талқанбай деген туысқанымыз екен. Шалқасынан жатып қайтыс болған. Адам ашыққанда қарны іседі екен, көйлекті жыртып жіберіпті.

– Құс атып, балық аулауға болмайтын ба еді?..

– Тіпті сол балық аулауға рұқсат етпеді. Ауласаң, атып салатын. Құс атуға болмайтын, мұны атеистік көзқарас дейтін. Сол кездегі соғыс министрі Ворашилов XVI сьезде сөйлеген сөзінде: «Біз ашаршылықты саналы түрде қолдан жасадық», – деп кінәларын мойындады. Қырғын басталғанда отбасында он жеті адам едік. Ақырында үш-ақ адам қалдық. «Халық жауы» деп атылған ағаларымызды да көзбен көрдім. Шешем: «Халық жауы» дегенді мүлде айтпа», – дейтін. Сол кезде зәреміз зәр түбіне кетті. Біз қорқақ болсақ, оның себебі осында. Қазіргі Америкадағы бүліктің басы неден басталды? Ол жерде қаптаған үндістер болатын. Үндістерді жоймаса, жердің егесі бір күні бас көтеретін еді. Осы жайды болдырмау үшін он екі миллион үндісті атып өлтірді. Мұнан соң жұмыс істейтін адам қажет болды. Адамдарды Африкадан ала бастады. Оларды үркітіп, қорқытып, бас көтермейтін етті. Содан жергілікті ақтар қараларды өлтіруді әдетке айналдырды. Заң да бұларды жаншып келді. Міне, бүгін сол африкалықтар қайта бас көтеріп отыр. Бізді де осылай езіп-жаншымақ болған. Жалпы, адам білім жинаған сайын көп дүниені ерте көреді, ерте сезіп қояды. Содан соң уайымға батады. Батайын деп батпайсың. Кей түндері ұйықтай алмаймын.

ТАЛАНТ ТӘҢІРДЕН БЕРІЛЕДІ

– Батыс әдебиетін ұнатасыз ба?

– КазПИ-дің қабырғасына келгенде, мен оқымаған бірде-бір кітап қалмауы керек деп кірдім. Күніне бір романнан оқып отыруды жоспарладым. Басым суға толып, бұл білімім ештеңеге аспай қалды. Сол шақта КазПИ-де аспирантурада Асқар Сүлейменов пен Зейнолла Серікқалиев оқитын. Асқар Созақта өсті де, тығыз орналасқан қазақтардың арасында тілге пісті. Шешесі сөйлегенде есіңнен тандыратын шешен адам еді. Ғажап сұлу-тын. Жиырма бесінде бір ұл, бір қызымен жесір қалды. Сонда Асқар қалжыңдап: «Жаман күйеуіңді қайтесің, біреуге тиіп алмайсың ба?» – дейтін. Анасы: «Сен екеуің болсаңдар болды, маған сол жетеді», – дейтін. Иманды адам еді. Асқар ол кезде ішімдікті татып алмайтын. Кейін Жазушылар одағына барып бұзылды.

Зейнолла Серікқалиев – текті сыншы еді. Көркем шығарманың табиғатын жақсы білетін. Бір нәрсеге өкініп кетті. Өмірінің соңында: «Бәрі жабылып «Көшпенділерді» жамандатты. Мұны арым көтере алмады», – деді. «Аман болсаң, қайта дұрыстап жазасың, бұл түзелетін қате», – дедім. «Кетіп қаламын ғой», – деді түнеріп… Ақыры кетіп қалды.

– Талантты адам деп кімді айтамыз?

– Әрине, талант Тәңірден беріледі. Мұнан соң екі жолмен болады. Бірінші, нәсілден. Екінші, еңбек пен ізденуден.

– Лев Толстой қандай жазушы?

– Толстой – текті жазушы. Түріктерге қарсы соғысқа қатысқан. Көп оқыды, христиан дінін терістеді. Мұсылман болып көз жұмды.

– Нақты дәлел бар ма?

– Ясная Полянада бір аптадай отырдым. Небір хаттарын ақтардым. Толстой құранды мойындаған, мұсылмандық таныммен кетті.

– Герадоттың «Тарих» еңбегінде скифтерді Геракл мен жылан әйелдің жұбынан тарағаны жөнінде жазады.

– Бұл – аңыз. Еуропада бізді кемсіту ауруы бар. Ал өздері он бесінші ғасырда ғана ояна бастады.

– Сұлулыққа құмарсыз ба?

– Сұлулыққа құмар болдым және тани білдім. Мұны бізге Ғабит Мүсірепов үйретті. Бірде жазушымен кездесу өтті. Сонда тұрып: «Қыздардың бойынан сұлулық табыңдар», – деді. Осы оқиға сұлулыққа деген көзқарасымызды өзгертті.

– Ғылым жолында зайыбыңыз біршама септігін тигізген сынды.

– Кемпірім әнді Розадай тамылжыта айтатын. «Әнші бол» дедім, болмай қойды. Бір күні: «Оқимын деп қоймайсың, мен деректірмін, (онда үлкен мектептің деректірі еді) менің ақшам балаларға жетеді, егер оқимын десең, күндізгі мерзімде оқы», – деп рұқсатын берді.

– Кереғарлықты көп көргендейсіз…

– Елуінші жылы осында екінші курста едім. Кенесары жайлы талас болды. Кенесарыны прогресске қарсы күрескен халық жауы ретінде айыптады. Біз мұғалімдерге сұрақ қоямыз: «Олар біздің жерімізді тартып алса, өзіміздің жерімізді қорғау прогресске қарсылық па?». «Аузыңды ашпа» дейтін. Қалай ашпаймыз? «Ашсаңдар аша беріңдер, бірақ бір күні құрдымға кетесіңдер» дейтін. Мағжанның өлеңдерін жатқа оқитын бір жігіт бар еді. Арамызда жасырын құпия қызметкерлер жүреді екен. Сол баланы жиырма бес жылға қаматып жіберді..

БІЗДІҢ ТАРИХ ӘЛІ ЖАЗЫЛҒАН ЖОҚ

– Қазақтың текті халық екеніне бір ғана дәлел айтсаңыз.

– Қазақтың қаны таза. Бабаларымыз жылқы өсірді, айғырды өз үйіріне салса бұйығып тұрады, ал биені басқа үйірден әкелсе – дүркіреп кетеді. Міне, бабаларымыз осыдан қан тазалығын сақтауды үйренген. Жеті атадан аспай қыз алса, өлім жазасына кесу үкімі орнады. Мәселен, Қалқаман мен Мамыр бес атадан қосылатын. Бүгінде Өзбекстанның жиырма екі пайызы осы қанды сақтамаудан ауруға шалдығып отыр.

– Қазақтың шынайы тарихы жазылды ма?

– Бір нәрсені түсінуіміз керек, біз қазір жалған ғылымды оқытамыз. Бүгінгі тарих – жалған тарих. Біздің тарих әлі жазылған жоқ. Бастамалар бар. Құрылымды түрде кірісуіміз керек. Қазіргі ғылым Еуропадан келген материалистік, атеистік негізде. Ұлттық-Шығыстық педагогика жасауымыз керек. Тарихымыздың тамыры көрші Қытайдан терең. Желілі ұйқас деген дүние жазып жатырмын. Баяғыда Алып Ер тұңға өлгенде батырға арналған жоқтау «аааб» болып келеді. Бұл ұйқасты Әуезов мәтуәжін деп қателесті. Арабтардан келген ұйқас деп білді. Бірақ бұл ол жақтан келмеген. Мұны Түркінің өзі жасаған. Бұл біздің қанымыздағы ұйқас. Осы ұйқастың үш мың жылдық тарихын жазып жатырмын. Бір ұйқас арқылы бүкіл Түркі халықтарының түбі қайдан басталатынын дәлелдеп беремін. Ешкім мұны терістей алмайды.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Әңгімелескен Батырхан СӘРСЕНХАН

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

5 сағатқа жетпей
27 қыркүйек 2024, 10:07
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar