USD488.11EUR530.09RUB5.01

Тәуелсіз ел болашағы – ұлттық құндылық тамырында

20 желтоқсан 2019, 16:50
Қазақ – ұлт болып ұйысқалы бері үлкен ақылын өнеге тұтып, кемел ойлы шежіре кеуде қарияларымыздың сөзіне жүгініп, өсиетін мұра қылып, тыңдап өскен халық.
Тәуелсіз ел болашағы –  ұлттық құндылық тамырында

Өзімізді «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп санайтын елдің баласы санайтындықтан өңірімізге ерен еңбегімен танылған, этнограф, тарихшы, ҚР білім беру ісінің үздігі, қазақ рухының биік болуына бар ғұмырын арнап келе жатқан абыз ақсақал Молдабек Жанболатұлымен Тәуелсіздік күні қарсаңында әңгімелескен едік. 

- Ел тізгінін өздеріңіз сияқты абыз-ақсақалдардың ұстап келгені тарихтан белгілі. Тәуелсіздік мерекесі қасаңындағы әңгімемізді дуалы ауыз қария, өзіңіздің баталы тілегіңізбен бастасақ деп отырмын.

- Тәуелсіздік деген, шынында, өте үлкен дүние ғой. Күнделікті тіршіліктің күйбеңімен мән бермей, кейде өтіп жатқан тіршілік сияқты қараймыз. Ақылмен, оймен екшеп қарасақ, Тәуелсіздік – халқымыздың бақыты. Біз бала болсақ та, сонау Кеңес өкіметінің заманында оқыдық, тәрбие алдық. Ол кезең – тар қыспақта айтатын ойын күмілжіп айта алмайтын, еріндік жоқ кез еді ғой. Бақылау қатты, жаза одан да қатты. Осындайды ойлаған кезде қазіргі халықтың ауа жайылып кететінін көргенде «біз Тәуелсіздіктің бағасын білмей тұрмыз-ау» деп қаламын. Қазір республикалық баспасөздерден, телеарналардан қарап отырсам,  халқымыздың тарихын, «қазақ деген кім еді, қайдан шықты, қайдан пайда болды?» деген ойларды қазып жатыр. Заманында ұлы Абай қазақтың тегі туралы айтқан ғой. Міне, бүгін ғалымдар осының бәріне ой жүгіртіп, архивпен, тарихпен жұмыс жасап жатыр. Осы тұрғыдан келгенде, біз өзіміздің өткен тарихымызды білуіміз керек, оны ұрпаққа жеткізуіміз керек. Өйткені біздің түсінігіміз бойынша өткені жоқтың – келешегі де жоқ, бұлдыр. Өткенін ойлап, ұқпаған адам – болашақты да ойлай алмайды. Елімізде Тәуелсіздікке байланысты жасалып жатқан шаралар, шаруалар өте көп. Осыны әрбір адам белсене қабылдап, бұрынғы түсініктің бәрінен арылып, жаңаша ойлап, жаңаша өмір сүрудің дәрежесіне шығуы керек. Міне, осы тұрғыдан келсек, істелініп жатқан шаруалармен бірген көңіл алаңдатар жағдайлар да аз емес. Жақында мен әлемдік «Қазақстанның киелі жерлері» туралы өткен республикалық конгреске қатыстым. Қазақстанның қасиетті, киелі тарихи орындарының картасы жасалынған екен. Әрбір облыста қандай қасиетті киелі орындар бар, тарихи мәні бар жерлер бар бәрін картаға түсірген. Осыны көріп отырып мен ренішке қалдым. Семей мен Шығыс өңірі бұрынғы екі  үлкен облыс. Екі облыстың тарихы – бүкіл қазақтың тарихы, өйткені қалмақ, қытай, жоңғарменен шайқастардың бәрі осы жерде өткен. Соған байланысты елімізде «Алаш» өкіметі, «Алаш» партиясы құрылған жер – Семей. Бұл картада Шығыс Қазақстан облысыныдағы 26 ғана тарихи жер көрсетіліпті. Ал мұны басқа облыстармен салыстыру бәсекелестік емес, дегенмен басқа облыстарда да тарихи жерлер көп-ақ. Өскемен-Семей жеріндегі ескерткіш орындары өте көп. Ал бұлар картаға енбей қалған. Мұның өзі – тарихымызға жете мән беріп, оны ұрпаққа жеткізе алмай отырмыз деген сөз.

- Картада көрсетілмей қалған біраз киелі жердің тізімін өзіңіз қосымша жазып көрсетіп қойыпсыз. Тек қана Абай ауданының өзінде көптеген киелі орындар бар екен. Қарап отырсақ, тізімге ілінбей қалғаны қаншама. Осыны жасаған, назарға алған кімдер? Өздеріңіз сияқты ел-жер тарихына қанық адамдармен ақылдаспай жасалған болып тұр ғой.

- Әңгіме сонда. Киелі жерлерді іріктеп, тізімдеу осыдан үш жыл бұрын болған. Біз республикаға, облысқа тарихи орындар тізімін бергенбіз. Бұның бәрін қамтымаған, кіргізбеген, бағаламаған, ұқпаған. Туған өлкенің, адамның тарихымен қоса, табиғатының тарихы, сұлулығы бар ғой. Мысалы, Архат жерінде Қопа деген көл бар.  Оның ар жағында «Үш келіншек» деген тау бар. Аңызға қарағанда жау шапқан уақытта қолында балалары бар үш келіншек қашып шығады. Біреуінің қолында – құндақтаулы баласы, біреуінің арқасында – бесігі, біреуінің қолында – көтерген жүгі бар, жау келіп қалғанда құдайдан «бізді жаудың қолында қор қылма» дегенді тілеп, сол уақытта Алла олардың тілегін қабыл етіп, тас қылып қатырып тастаған екен дейді. Бұл аңыз ғой. Аңыз да болса халықтың басынан өткен тағдыры еді. Міне, осындай нәрселер өте көп. Мен үш ауданда, Абай, Ақсуат, Жаңа Семей аудандарында,қызмет жасадым. Осы үш ауданның өзінде қаншама көп тарихи жерлер бар. Біз жастарға сенеміз, олардың бақытына қуанамыз. Олар күн атқан сайын техниканың тілін меңгеріп келе жатыр, соған қуанамыз. Бірақ өткен тарихқа селқос қарағанына ренжиміз.

Адам өзінің кім екенін білмесе, отаншылдық, патриоттық сезім қайдан шығады? Сондықтан бұл мәселені әкімшілік ұйымдар, тарихи ескерткіштерді зерттейтін орындар, баспасөз беттері бар – бәріміз халықтық пікір туғызуымыз керек. Кезінде әрбір аудандарда «Тарихи орындарды қорғау» деген қоғам болған. Бұл қоғам бойынша арнайы анықтама жасайтын. Ал бұл картаға сонау жылдары тізімге енген біраз жерлер ғана кірген. Кеңес дәуірінде би-батырларды, ауқаттыларды ардақтаған жоқ, балгер-бақсыны мүлде әжуа қылды. Шындығына келгенде, оның бәрі халықтың байлығы, қасиетті мұралары еді. Ол уақытта тарихи жорықтар, жеңістерді туралы ұғымды ұрпаққа жеткізе алмадық деп қазір мен қиналамын. Енді ешкім шектеп жатқан жоқ. Мүмкіндігінше осы мәселелер көтерілсе деп ойлаймын.

- Кеңес дәуірінде көптеген дүниені айтуға, жазуға, сақтап қалуға, насихаттауға кедергілер көп болды. Ал енді Тәуелсіз ел болғанда айтарыңды айтып, жазарыңды жазып, қалдыратын мұраны насихаттауға ешкім қарсылық білдіріп жатқан жоқ. Дегенмен идеология саласында жұмыс жасап жатқан адамдардың көзі қарақты ұлттық құндылықтарды сақтауға жанашырлық көзқарасы болуы керек. Бұл мәселеде өздеріңіздей сөзі биік азаматтардың өткір пікір керек-ақ. Осы жөнінде ойыңыз қандай?

- Алаш өкіметі нағыз халықтық өкімет еді. Алаш арыстары халықтың нағыз шанашыр патриоттары еді. Бүгінде Семейді «Алаш қаласы» деп оқыс айтып қалғанмен, осы жерде алашшыл бір белгі бар ма? «Мынау Әлихан Бөкейханұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы тұрған, жүрген жері, басқан ізі еді» деп құрметтеп, тағзым етуіміз керек қой. Бізде бірде-бір ғимарат, олардың рухын ардақтайтын қасиетті орын жоқ. Мұның өзі өте қиналатын нәрсе. Біздің көзіміз кетсе, оны білетін де адам қалмайды. Мен педучилищеде оқыдым. Ол оқу орны өзі – бір үлкен тарих, бір музей. Мұндай жерлерді ардақтап құрметтесек, адамда намыс, патриоттық сезім оянады. Міне, біз осы дәрежеге жете алмай жатырмыз. Былай қарасақ, Семейде бәрі бар сияқты, мәселен Абай музейі, өлкетану музейі  бұлардың бәрі өзінің күшінен артық жұмыс істеп отыр. Олай дейтінім мысалы, Абай музейінде Шәкәрім туралы, Мұхтар туралы сөз болады. Ал олардың әрбіреуі бір-бір тұлға. Семейде Шәкәрәмге арналған бір музей, Мұхтарға арналған бір музей жасауға болады ғой. Алаш арыстарының тұрған үйлерін тым болмаса сақтап қойсақ болашақ ұрпаққа мұра ғой. Біз көп мәселеде Кеңңес дәуәіріндегі көзқарастан арыла алмай келеміз. Мысалы Өскеменде этнографиялық музей бар. Тұрған жері талай гектар жерді алады. Қаншама адамдар жұмыс істейді. Сонда қазақтың бүкіл болмысы жыртық шапан, ақсақ кемпір соқыр шал, ескі киім сияқты дәріптелгендей. Қазақ – өзінің ұлттық мінез қалпы, тіршілігі бар ерекше халық. Қазақтың таза  табиғи болмысын бере алатын дүниеден айырылып барамыз. Міне, осындай ойларымызы айтсақ дейміз, олқылықтың бәрі түзелсе дейміз.

- Сіз барлық саналы ғұмырыңызды бала тәрбиелеу ісіне, білім беруге, рухани дүниелерді жастар бойына сіңіруге арнап келесіз. Ол қызметіңізді ел біледі, бағалайды. Осы жолда өзіңіздің жазған еңбектеріңіз бар. Соның бірі – «Таным. Талғам. Тағзым» деп аталады. Тақырыптың өзі айтып тұрғандай, келелі ойларды қозғаған еңбек дер едік. Осы еңбекте қозғалған «Талғам» дүниесі жайлы ойыңызды айтсаңыз, аға.

- Әрбір адамда белгілі бір мөлшерде нені жақсы, нені жаман деп түсінетін талғам болмаса, қандай адамшылық болады? Ішкен  ас, киген киім, сөйлеген сөздің белгілі бір шегі болуы керек. Қазір қай каналды ашып да «жұлдыз санап» жүрген балалар. Әншілердің өзі ел тыңдайтын ән айтпайтын болды, жеңіл сөз, жеңіл әуенге әуес болып алды. Сахнаға, мінбеге шыққан әр адам өзін тәрбиешімін деп түсінуі керек. Елдің талғамын өсіруді, ненің жақсы екенін көрсетуді өзіне міндет етуі керек. Сахнаға шығудың миссиясы тек өлең айтып шығу емес, көрерменге сұлулық сыйлау, ойландыруды мақсат етуі керек. Әнмен, бимен, қимыл-әрекетпен үлгі бола алса деймін.  Міне, осы мінез-қалып болмаған, талғамсыздыққа кетіп барамыз. Қыз тәрбиесіне байланысты мәселелерде талай сөз де айтылды, талай мақала да жазылды. Қыздардың шаштарын қоя беріп жүруі ерсі болып саналады. Қазақта шаш қоя беру – үлкен қайғының, жақынынан айырылған адамның әрекеті. Ал осы қазір сәнге айналыпты. Ол да талғамның жоқтығынан. Шетелдің мәдениетіне еліктеген түрлері. Өзіміздің ұлттық талғам, нақыш, бояу, болмысымыз бар емес пе? Осыны ұрпақ санасына күнде айтып, сіңіре алмауымыз неліктен? Базбіреулер тілді шұбарлап немесе ана тілінде сөйлемей, басқа тілді әлдеқандай жетістік санайды. Білімді адамдар тілді қойыртпақтап сөйлемейді.

 - М.Әуезовтің «Ел болам десең бесігіңді түзе» дегеніндей, бесіктен берілген тәрбие адамның бүкіл ғұмырына іргетас болып қаланары хақ. Жастайынан алынбаған білім, тәрбие болашаққа кесірін тигізіп жатады. Ұл-қызымызды уыстан шығарып алмай, кеткен олқылықтарды толтыратын кез келді. Әрбір ата-ана өзінің баласының тәрбиесіне жауапты болып, ұлт ретінде болмысымызды қалай сақтап қаламыз деген сұраққа ойлануы керек сияқты. Осы жөнінде пікіріңізді айтсаңыз.

- Мен көп жылдар бойы партия қызметтерінде істедім. Бірақ оқу-тәрбие жұмыстарынан қол үзген жоқпын. Мамандығым – мұғалім. Мұғалімдіктен қасиетті мамандық жоқ деп есептеймін. Тәрбие жұмысына қайта оралуда Жапон халқының ұлттық педагогикасына арналған әдебиеттерді оқыдым. Біздің ұлттың тәрибесінде сақталатын ізгі тәрбие бастаулары Жапон ұлтында да бар. Отан соғысынан кейінгі жеңілістен кейін олар «жабық есік» саясатын жасаған екен. Ешкімді кіргізбей, ешқайда бармай, өзінің ұлттық қасиетін сақтап, ұлтын дамытуды мұрат еткен екен. Ең үлкен тәрбиені отбасынан бастаған.

Біздің қазақта «жағына қарай сөйлеуге, жасына қарай төрлеуге» деген ұстаным бар. Осыны ескермегендіктен әркімнің кеудесі жоғары, қазақы тіршілікке бағынбағанның кеселі. Айта берсек, мұндай мәселе көп. Айналып келгенде, біз бір нәрсені ғана түсінуіміз керек. Әркім ауа жайылып ақыл таба алмайды. Бір жүйеге келу керек. Ол жүйенің негізгі арқауы ұлттық түсінікте, ұлттық дүниетанымда болса, ұлттық тағылымға сай болса сол уақытта ол баянды болар еді.

Тәуелсіздіктің қадірін біліп, ұрпақты болашаққа әлемдік дәрежедегі ұлт есебінде мәңгілік ел болатындай мүмкіншілік туып отыр. Біз бұл бағытты бағалай білуіміз керек.

Молдабек Жанболатұлы, шежіре кеудеңізден тараған кемел ойларыңыз саналы  жастың зердесіне жетеді деген ойдамыз. Кемел ойларызбен бөліскеніңіз үшін рахмет!

Әңгімелескен: Үміт ШӘРІПОВА

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar