USD446.49EUR475.38RUB4.79

Құсбегілік- бекзат өнер

27 ақпан 2020, 10:11
Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шаралар жер-жерде өткізіле бастағаны белгілі. Жақында Қарауылтөбе басында «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты құсбегі-саятшылардың республикалық байқауы өтті. Абай еліне алғаш табаны тиіп, ақын еліне сәлем бере келген Қазақстан журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, ұлт қайраткері, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері , Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы Қыран Федерациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызымен болған әңгімемізді ұсынамыз.
Құсбегілік- бекзат өнер

- Семей жеріне хош келдіңіз. Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай игілікті шаралар басталып кеткені аян. Соның бірі – өзіңіз бастатқан «Қыран» федерациясының ұйымдастыруымен өткен Қансонар саятшылық-құсбегілік жарысы. Сол игі істің басы-қасында өзіңіз болдыңыз. Семей өңіріне жасаған алғашқы сапардан алған әсеріңіз жайлы айтып берсеңіз.

- Әрине, бұл жер – киелі өңір. «Аруақты жерден ат үркеді» дейді ғой. Абай – қазақтың ғана Абайы емес, бүкіл әлемнің Абайы. Ұлы тұлғаның 175 жылдық мерейтойы тойланатын тұста, осының бастауында саятшылық-құсбегілік «Қансонарда бүркітші шығады аңға» республикалық турнирдің өтуінің өзі Абай атамыз құс салып қазақтың саятшылық өнерінің басы-қасында  жүргенін көрсетеді. Құсбегілік мәдениеттің басында Абай тұр.

Осы өңірде мұндай үлкен шараны ұйымдастыру – біз үшін үлкен мәртебе. Оның үстіне біздің тәуелсіз мемлекетіміздің көкбайрағында қанатын кең жайған қыранды әспеттеп, Абайдың тойының қарсаңында үлкен шараның ұйымдастырылуы ұлы тұлғаға деген құрмет және тұлғаның артынан қалдырып кеткен  мұрасы – құсбегілікті, Абайдың арманы тоғысқан үлкен дүниені Абай жерінде бастау – біз үшін қуаныш, үлкен бақыт. Мысалы, кешегі осы өңірде Шәкәрім бабамыз, хәкім Абай жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазысын ертіп, салбуырынға шығып, сол жігіттердің айналасында қаншама ақындардың, әншілердің шабытын ашып, осы өңірде құс салуы бүгінгі дүбірлі тоймен жалғасқанда Абай, Шәкәрім бабамыз аруағы бір аунап түсіп жатқан шығар деп ойлаймын.

- Қыран федерациясының бүгінгі жай-күйі, атқарып жатқан істері, алдына қойған мақсаттары қандай? Бұл өнер республикамыз бойынша қаншалықты қанат жая алды?

- Әрине, бұл – бабалардың қалдырып кеткен асыл ізі ғой, ал біз – сол өнерді жалғастырушымыз. Өйткені, зерттеушілеріміз жалпы ағаларымыздың айтуына қарағанда 2000 жылдық тарихы бар деп жүр. Таңбалы тастағы қыран-бүркіттің бейнесі, содан кейін ертеде Қазақстанға келіп саяатшылықты көріп, ұлы бабаларымыздан қалған ұлы мұраны қызықтаған саяхатшыларға және зерттеуге келген зерттеушілердің жазбасына қарағанда, құсбегілік тарихы қазақтың 3000 жыл бұрын дамығанын көрсетеді. Өйткені кезінде, тайпалар заманы, көшпенділер кезеңінде ру тайпалары бір-біріне сыйлық ретінде ақсұңқар құс, бүркіт сыйлаған. Қыран бүркітті құрметтеп, босағасынан кетірмеген.

80-жылдардың ішінде Алматы облысында Жалайыр Шора атындағы тұңғыш рет бүркітшілер мектебі құрылды. Сол мектептің бастауында  белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы тұрды. Сол кісілердің соңынан біз де жас кезімізде сол мектептің іргетасын қалуға атсалыстық. Содан бастап сол мектеп шаңырағын құлатпай  келеміз, бірақ аталарымыз бақилық болып кетті. Жалайыр Шора құсбегілік мектебінің бас директоры ретінде және 2005 жылы белгілі өнері иесі әнші Нұрлан Өнербай бауырымыз бас болып, «Қыран» федерациялық қоғамдық қорын құрдық. Сол кезде үлкен азамат Қайрат Сатыбалды деген бауырымыз ұлттық спорт түрлері қауымдастығын құрып, қазақтың көкпарын, бәйгесін соның ішінде осы құсбегіліктің бастауын бастады. Қазір оны белгілі қоғам қайраткері, өнер иесі, мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан бауырымыз басқаша бір өрнекпен басқарып келеді. Құсбегілер қатары 200-ге жуық деп айтсам болады, барлық өңірлерде құсбегілер көбейіп келеді. Олардың 80-90 пайызы – жастар.

«Қыран» федерациясы көптеген шаруалардың басын қайырды. Елсияр Баймұхаметұлы Қанағатов бауырымыз екеуіміз тұңғыш рет құсбегілік туралы ереже жазып, ұлттық спортқа кіргіздік. Осыдан кейін мемлекет тарапынан, спорт комитетінің тарапынан қаржы бөлініп, облыстық спорт басқармалары осы істі қолға алып, жандандырып келеді. Облыстардың барлығында дерлік ұлттық спорт мектебінің қасынан саятшылық бөлім ашылды. Сол бөлімде жеті жастан бастап он сегіз жасқа дейінгі балалар тәрбиеленіп, сабақ алып, тәжірибеден өтеді.

Алматы облысындағы Еңбекші қазақ ауданында 2000 гектар жеріміз бар. Сол тәжірибені Жалайыр Шора мектебінің аумағында өткіземіз. «Қыран» Федерациясының қолдауымен 2006 жылы «Қазақ құсбегілері» деген тұңғыш кітап жарық көрді. 2014 жылы Бекболат бауырымыз өзі бас болып, Халықаралық құсбегілер фестивалін тұңғыш рет өткізді. Оған 9 елден құсбегілер қатысты. Құсбегілер жөнінде теориялық-практикалық конференция өткізілді. Сол кезде Моңғолиядағы қазақтар, Қытайдағы қазақтар құсбегілік өнер жайында біраз мағлұматтар жинап, ғылыми-практикалық конференция материалдары жеке кітап болып шықты. Содан бері жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мектептерде, колледждерде, академияларда оқытатын мамандар жоқтың қасы. Осы мақсатпен қазір екі кітап дайындалып жатыр. Бұл кітаптар шығатын болса, бұл осы салаға қосылған үлкен үлес деп ойлаймын. Өйткені, өз мамандығым журналист болған соң, біраз зерттеулер жүргізіп, қазақтың тек қана құсбегілік емес, атбегілік және қазақтың құмай тазысы жөнінде материалдар жинадым. Еңбек жинақ болып шықса, бабаларымыздың барлық тәжірибелері осында жинақталып тұр деуге болады.  

- Ұлттық спорт құрамына енгеннен кейін, бұл спорт түріне жұрт тарапынан қызығушылық танытатыны сөзсіз. Құсбегілік-саятшылық өнер бабаларымыздан келе жатқан өнер болып саналғанмен, қазіргі жаһандану заманында кейбір өнер тасасында қалуы байқалғандай. Осы тұрғыда туындаған мәселелер бар ма?

 - Әр нәрсенің бастауы бар да, оның нәтижеге жетуі бар. Осы істі бастағанымызға, менің қатысқаныма 30 жылдан асты. Енді содан бері байқайтыным қазақтың өзінің ұлттық өнеріне, осындай ұлттық құндылықтарға әрі жете көңіл бөлінбей келе жатыр. Қазір қанша жаһандану заманы болса да, заман өзгеріп жатса да, халықтың өзінің туындылары, өзінің ерекшеліктері сақталу керек деп ойлаймын. Егер осы ұлттық спорт түрі ретінде жеке заң қабылданып, көкбайрағымызда тұрған қыранның ерекше мәртебесі болуы керек. Кейбір елдерде мемлекеттік рәмізде тұрған отрибуттарға және мемлекеттік рәмізге  кіргенге ерекше мәртебе беріліп жатыр. Ал енді көк туымызда тұрған қазақтың болмыс-бітімі барлық танымы осы тұрған қыранға ерекше мән берілмей, ол мәселе шешілмейді деп ойлаймын. Қозғалыста пойызда, ұшақта қыранды алып жүру – өте күрделі мәселе. Өйткені мұны қалай алып жүру ережесі жазылмаған. Мысалы, бұрын қабылданған заңдарда «құстарды торда алып жүру керек» – деп жазылған. Ал енді қараңыз, қанаты жайылған кезде екі жарым, үш метрге кететін құсты кішкентай торға қалай қамап қоюға болады? Оның томағасын кигізіп алып жүресің. Оны Алматы облысында ғана пойызда жеке купеде жол жүру билетімен алып жүреміз. Сол бүркіттерді сапарға алып жүргені үшін ақша бөлінеді, ал басқа облыстарда мұндай шаралар қарастырылмаған. Ережеде құсты атпен алып жүру керек деп жазылған. Атпен алып жүру үшін ат керек, құсқа  қажетті құрал-жабдықтар қажет. Осы мәселелер өз дәрежесінде шешілмей жатыр. Осылар шешілетін болса, әрине біздің қазақтың рухы көтерілетіні анық. Және туризмді дамытамыз деп жатырмыз, бұл – қазақтың бірден-бір бренді, ешкімге ұқсамаған ерекше өнері, ақсүйек өнері.

Қыран құс 9000 қойы бар, 9000 жылқысы бар, 9 баласы бар үйге барсам деп тілейді екен. Ал енді қазақтың тоғыз баласының біреуі күн сайын қыранды далаға алып шығып, аңға салса, ол ашықпайды ғой. 9000 қойы болса, 900 жылқысы болса астында мысалы, осы тілеуі үшін қазақ баяғыда айтқан. Қазақтың әр босағасында қыран болуы керек. Босағасынан қыран самғымаған үй деп әжуалап кетеді екен. Ал, енді бізден қазір қырғыздар озып барады. Қазақ құсбегілікті дамытып, өз дәрежесіне көтерсе, ол әлемдік деңгейде қазақтың бренді болар еді.  

- Құсбегілік өнер – ерекше өнер. Қазақтың маңдайына біткен осындай өнер жойылмауы тиіс. Осы ерекше өнерді кез келген адам меңгере ала ма? Айналысқан азаматтың бойында қандай қасиеттер болуы керек?  Құсбегілікпен айналысатын адамның дипломы болуы міндет пе?

Әрине, қазақтың ұлттық спортына кіргеннен кейін, бұл да спорт түрі болып есептеледі. Ол бабадан жалғасқан ақсүйек өнер ғой. Жошы ханның қолында 3000 қыран болған екен. Ал 3000 қыранды алып шығу үшін оған 3000 адам, 3000 ат керек. Ал, енді Абылай ханның өзінде айналасында 500 бүркітшісі, ақсұңқары ителгісімен, қаншама аң-құсты ұстау керек, оның терісін кәдеге жарату керек. Сәкен серіміз 1937 жылы ұсталынып кететінінің алдында қыран бүркітін Алматының төрінде, ауласында ұстаған адам. Ал, Сәбит Мұқанов 1950 жылдары жазған еңбектерінде қазақтың құсбегілік еңбегі – ұлттық спорттың биік шыңы деп айтқан. Әлкей Марғұлан  өзінің «Саят құстары» деген кітабында  қырандар туралы керемет жазған. 1905 жылы Садуақас Шорманов Петербургте «Қазақтың аушы құстары» деген еңбегін жариялаған. Сол кісілердің білімі жоқ, бірақ құсбегілік өнерді биік деңгейге жеткізгендер.

Талап бойынша сен міндетті түрде спорт академиясын бітіруің керек және сол мектепте балаларға дене тәрбиесі сабағынан сабақ беруің керек. Бұл дұрыс та шығар, дегенмен, біздің құсбегіліктің тілін білетін кісілеріміз әдебиет оқымай-ақ, қазақтың өнерін жалғастырып келе жатыр ғой. Сондықтан ойлаймын ұлттық спорт түрлері жөнінде заң шығатын болса, бұны өзгерту керек сияқты. Мысалы, сол спорт академиясына қабылданған кезде құсбегілікпен айналысып жүрген разрядтары бар, бүркітшіліктің тетігін білетін балаларға ерекше қамқорлық, көмек көрсетуі керек. Сонда ғана бабамыздан қалған бағзы өнерді ары қарай жалғастыра аламыз.

- Теледидар, әлеуметтік желілерде болсын, кез келген спорт түрі жаппай насихатталады, алдын-ала жұрт құлағдар болып, отырады. Менің ойымша, ұлттық өнерді жарнамалау жағы бәсең сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

Біздің ұлттық құндылығымыз, мәдениетіміз қазаққа ғана керек. Қазір біз Тәуелсіз мемлекетпіз. Абай армандаған, бабаларымыз армандаған көк туымызда қыран-бүркіт қанат жайып тұр. Абайдың жерінде, Абайдың тойының бастауында құсбегілік тұрғаннан кейін, бүкіл Қазақстанның барлық бұқаралық ақпарат құралдары таратса деп ойлаймын.  Алматыда өтетін жарыстарда, бастауында өзім тұрғандықтан бір-екі ай бұрын құлақтандырып қоямын. Қазір әлеуметтік желі деген бар, бірақ кешегі Абай елінде өткен шарада салыстырмалы тұрғыда аз келді. Бұл жарнаманың аздығы. Құсбегілік барлығымыздың қанымызда бар. Бұған өзіміз атсалыспасақ, басқа кімге керек? Бұл базардағы дүние емес, бүгін ертең барып бағасын беріп, сатып алатын. Оған тек қана қамқорлық керек. Оған қанымда қазақ бар деген қаншыл ғана ұрпақ керек. Ұлттық рухымыздың биік деңгейге көтерілетін кезі келді. Келешекте жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуде ең биікте құсбегілік тұр. Абай өлеңдерін қызық үшін жазған жоқ, аңшылық арқылы қазақтың рухын көтеріп, қазақтың болмыс-бітімін, мәдениетін өлеңдерінде көрсетіп кеткен.

Абай жерінде тұңғыш рет өтсе де, жарыс өте жоғарғы деңгейде өтті деп айта аламын. Аудан, облыс басшыларына, ел ағаларына көп-көп рақмет. Қолына қыран ұстаған біздің жігіттерді қарсы алып, өз деңгейінде өткізіп, шығарып салды. Абай атамыздың арманы іске аса берсін. Қасиетті киелі жердің топырағын бастық, дәм таттық. Абай елінің азаматтарымен араластық. Осы елге үлкен қуат, абырой берсін. Қыранымыз биікке самғай берсін, тәуелсіздігіміз қазақ елінде мәңгілік болсын!

Отаншыл, ұлтжанды ұрпақты тәрбиелеуде құсбегілік-саятшылық өнердің рөлі зор екенін жастар сезінсе дейміз. Бұл өнерді алып кетіп ғасырдан ғасырға жеткізу үшін, талай еңбектің талай маңдай тердің төгілетіні анық. Қасиетті өнерді ұстанған жолдарыңыз сәтті болсын.  

Әңгімеңізге рахмет!

Үміт ШӘРІПОВА

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar