«Абайды зерттеп болдық» деген де ғалымдар шықты, ал Әуезов Тоқпановқа берген жауабында «Абай – мұхит болатын болса, біз мұхиттан шөміштеп қана алдық» деген. Терең ғұламаны біз өз деңгейінде тани алмай жүрміз. Ең бірінші Абайды танытқан Әлихан болса, одан бергі уақытта Абайды дәуірге қарай бұрмалап келдік, енді тәуелсіз Қазақстанның Абайын таныту мұратын Тоқаев бір мақаламен жеткізген. Абайды өз биігіне көтерсек, халықтың да бірлігі күшейеді деп ойлаймын.
Астана қаласында ең алғаш 2010 жылы Қазақстан-Ресей университетінде Абайтану орталығы ашылғаннан кейін төрт жыл жұмысын атқарған орталықтың негізгі бағыты мектеп бағдарламасында абайтанудың енуіне ықпал ету болатын. Одан бері алты жыл бойы «осы орталық жеке болсын, Абай шығармашылығы, қара сөздері ұрпақты тәрбиелейтіндіктен жеке болуы керек» деп қанша жерге жариялап жүргенімізбен өзінің тиісті жауабын ала алмай, қолдау таппай келді. Қашаннан бері осы сұраққа жауап таба алмай жүрген болатынмын. Орталыққа келсек, 2010 жылы ашылған орталық төрт жылдан кейін жабылып қалғаннан кейін біраз бұқаралық ақпарат құралдары бұл жөнінде жарыса жазғанымен өзінің нақты нәтижесін бермеді. Ал бүгінгі осы мақала менің ойымда жүрген мәселені дөп басыпты, Президент Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың болуы туралы бастама көтеріп отыр, енді осыдан кейін абайтанудың үлкен болып ашылатынына кәміл сенемін. Өйткені Абай ұлтқа, руға бөлінбейді, оның айтқан шығармасы, жазып кеткенінің бәрі адамзатқа арналған. Абайды әлемдік деңгейге көтеру керек, ол үшін алдымен өзіміз тереңдеп тану деген мәселені Қасым-Жомарт Тоқаев осы мақаласында қамтыған.
Қазіргі таңда Астанада 90-ға жуық мектептер ішінде бір мектеп қана Абайдың атына берілді, оның өзінде абайтану мәселесін көтеріп жүріп берілген болатын. Қазір Абайтану орталығының бүкіл жұмысын осы №87 мектеп көтеріп отыр, Абай атындағы мектепте үлкен Абай залы бар. Осы зал 21 тақырыпты қамтиды, жалпы осы мектеп бағдарламасында бала Абай, ақын Абай, хакім Абай деген үш кезеңге бөліп оқытуды қолға алды, алдағы уақытта Абайдың бүгінгі ұрпаққа беретін тәлім-тәрбиесі осы мектептен бастау алатыны бізді қуантады. Қ.Тоқаевтың Абай шығармашылығын әлемдік деңгейге көтеру, Абай шығармаларына ден қою туралы жазған мақаласының алда атқарылар талай келелі іске үлкен септігі тиеді деп есептеймін.