USD488.11EUR530.09RUB5.01

«Поэзия – жүректен құйылып тұрған сөз»

07 ақпан 2020, 14:30
Поэзия әлемінде өзіндік өрнек салып, өнер аспанының көгіне қырандай қалықтап, өткір тілімен өр рухтан туған отты жырларын қаламмен ақ қағазға емес, халқының жүрегіне жазған таланттар санаулы десек, соның бірегейі Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Ы.Алтынсарин атындағы төс белгінің иегері, М.Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбының жетекшісі, ақын Төлеген Жанғалиевпен 70 жас мерейлі мезетіне орай сұхбаттасқан едік.
«Поэзия – жүректен құйылып тұрған сөз»

- Өлеңге қалай келдіңіз, аға?

            - Менің ата-бабамнан бастап бәрі – ақын, әкем – ақын, әкемнің ағалары – ақын, туған ағам, марқұм Мейірғали Ибраев – ақын, драматург-жазушы болған. Сондықтан да олардан қалған үлгі-өнеге, солардан тараған қан мені де ешқайда жібермей, осы өлеңге алып келді ғой. Содан да болар, бір ғана жанұядан екі Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі болған қазақта ілеу де біреу шығар, соны мен мақтаныш етемін.

            - Өскен ортаңыз – ұлылар мекенінің шығармашылығыңызға әсері бар ма?

            - Мен өскен ортада ептеп жалғыздау жүрмім, өйткені бізде әдебиет қауымы жоқ, әдеби орта жоқ. Әдеби орта болмағаннан кейін шығармашылық адамы шыңдап, таза дүниемен шығандап кетуі мүмкін емес. Бірақ Құдай тағала берген талант шығар, біз енді осы елдің ақыны болып жүрміз. Мені қуантатын, қанаттандыратыны сол – мен ақындық сынып ашқан адаммын. Сол ақындық  сыныптағы әрбір кішкентай баланы, соның былдырлаған тілінен бастап, барлығы маған қанат береді, менің әдеби ортамды қалыптастырады. Ендеше менің шыққан ортам міндетті түрде ақындар ортасы болатын. Жыры өшпейтін, жырынң ошағы өшпейтін жанып тұратын мекен болуға тиісті.

            - Өмірім – өлеңім дейді ақындар. Осы сөзге қалай қарайсыз?

            - Өмірім өлең дегенде – шыңдығы солай ғой. Мен мысалы өзімді өлеңсіз өмір сүрдім деп есептемеймін. Менің әр күнім, әр түнім – кем дегенде, бір-екі өлең болуы керек. Оның көбі жарыққа шықпай жатуы мүмкін, оның барлығы тартпада жатуы мүмкін. Бірақ күндердің күнінде ол менің қанатыма бітіріп қайта жаңғыртып, менің миымда қайта айналып келіп, өлең тууы мүмкін. Сондықтан да менің әр сағатым, әр минутым есептеулі. Ел мені зейнеткерлікке шықты деуі мүмкін, бірақ зейнеткерлікке шыққаннан бұрын менің өлеңсіз өмірім жоқ. Сол өлең тумай, менің өлең тумаған күні бүкіл дүниенің астан-кестеңі шығып жатқан сияқты. Өлең туған күні менен бақытты адам жоқ.

            - Өмірдегі басты ұстанымыз қандай?

            - Менің өмірдегі басты ұстаным сол, қазір «Ақсұңқар» ақындар сыныбын аштым.  Оған 20 жыл болды. Керемет ақындарды тәрбиелеп шығардым. Анау Қалқаман Сарин, Арман Шеризат, Нұржан Байтөс, Бақытжан Байболов сияқты керемет-керемет ақындар – менің шәкірттерім. Маған келгенде олар – 4-5 сыныпта оқитын балалар, бірақ қазір қазақтың маңдайалды ақындарына айналды. Бұдан артық бақыт бола ма? Ал енді ұстанымым сол. Ақынды тәрбиелеп шығаратын мектеп болмайды, мектеп болуға тиісті емес. Бірақ мектепті жасауымыз керек, себебі Абай елі, Шыңғыстау жері байлықтан жұтай берсін, сөзден жұтамау керек. Жаңағы ошағының оты, өлеңнің оты өшпеуі керек.  Менің басты ұстаным сол – шәкірттер тәрбиелей беремін, мейлі ақы төлесін, төлемесін, мен  қашан ғұмырым таусылғанша, сол балалардың тәрбиешісі бола беремін.

             - Абай, Шәкәрім мұрасын тануда бізге не қажет?

            Абай мен Шәкәрім мұрасы тану деген сөз – ауызбен айта салатын жеңіл сөз емес. Абайды танып болғанымыз жоқ. Шәкәрімді танып, танып емес-ау, әлі біліп, есімізге жиыстырып білгеніміз жоқ. Өйткені екеуі бір үлкен-үлкен дария ғой. Ал сол дарияға енді-енді ендеп кіріп жатырмыз. Менің қуанатыным сол – Абайға биылғы жылдан бастап, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаны қаулысынан кейін қаулаған бір үлкен дүниелер басталды. Бұл да уақытша дүние болмаса деп ойлаймын. Абайтану бағытында үлкен шаруалар басталды, біз соны пайдаланып қалуымыз қажет. Абайды, Шәкәрімді тануда шама-шарқымызша өзіміз нені танып білдік, соны жастарға танытуымыз керек.

             - «Қазақ поэзиясы жаңа бағыт алды» дейді әдебиеттанушылар. Өлеңге өзгеріс керек пе?

            - Қазақ поэзиясы жаңа бағыт алды деген сөз – қазақ поэзиясындағы өлең жасаушылар көбейді дегенмен бердей. Менің ойым айтады: өлең деген өзі құйылып тұруы керек. Ол – Құдай Тағаланың ақынға берген қасиеті. Ол көмейіңнен, жүрегіңнен туылып тұрмағаннан кейін, оның схематизмі жаттанды. Схема құрып, аяғын былай аяқтаймын, басын былай бастаймын деп, жіктеп, жіліктеп жасаған поэзия – поэзия болмайды. Ертең бір жеріне жел соқса, әлде бір жеріне қаттырақ дүние тиіп кететін болса, оның бәрі шашылып қалады. Сондықтан ол поэзия болмайды. Поэзия деген құйылып тұрған, көкейден, жүректен құйылып тұрған сөз болуы керек. Сонда ғана поэзия халықтық поэзия болады. Қазіргі жастардың поэзиясында осындай бір жылауық поэзия, схематизм бар, қолымен құрау деген дүниелерді жасап жатыр. Оның барлығына біздің атақты ақынымыз, арынды ақынымыз Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тыныштықбек Әбдікәкімовтың әсер еткені рас. Бірақ елдің бәрі Тыныштықбек болмайды, Тыныштықбектің поэзиясы –  бөлек поэзия. Ол сол барлық схематизмнің барлығын құрастырып әкеліп, адам жүрегімен жасаған нәрсе. Ал енді қазіргі жастар Тыныштықбекке еліктейміз дейді де, өлеңді, ұйқасты схемаға құруды, шұбыртып-шұбыртып барып аяқтауды, өлеңнің техникасын бұзылуды үйреніп бара жатыр. Меніңше, бұл жақсылыққа апаратын дүние емес. 

            - «Айтып өткен ақында арман бар ма, Жүрегінің түбіне сыр жасырмай...» дейді  Мұқағали ақын. Сіз сырыңызды айта алдыңыз ба?

            - Мұқағали ақын бөтен сөз айтпайтын адам ғой. Өте дұрыс айтқан. Менде де сол ойым бар. Менде өзімнің шырылдап жүрген жастық шағымнан, жетінші сыныптан бастап өлең жазып келе жатырмын. Бүкіл 70 жыл ғұмырымның сол 60 жылдан астамында поэзиямен айналысып келе жатырмын. Менің арманым жоқ, Артқы ұрпақ айта жүретін, солар жатқа сақтап қалатын поэзия болса, мақтаныш қой. Өлеңді әркім оқып жатқан жоқ. Әркім ұғып та жатқан жоқ. Бірақ құдіретті поэзия күндердің күнінде бәрібір оқылады ғой. Осы қазіргі кезде өлеңдерім әр жерде, әсіресе, менің сүйікті газетім «Ертіс өңірінде» шығып жатады. Соны оқыған адамдар маған қайыра хабарласып, Төке, мына өлеңдеріңіз керемет екен деп жатады. Бұл оқырманның бар екенін растайды ғой. Оқырман жоқ, өлең оқымайды дейді. Біздің поэзиямызды баспасөздердің беріп жатқаны – өлеңнің өлмейтіндігін білдіреді. Өлең – мәңгілік өлең болуы керек және елдің жүрегіне жететін өлең болуы керек.

             - Абайдың өлеңге  қойған талабын жастар орындай алып жүр ме? Кімдерден үміт күтесіз?

            - Абайдың өлеңге қойған талабын орындап жүрген жастар бар деп айтуға да болады, айтпауға да болады. Ол үшін Абайды танып-білуіміз керек. Абайдың өлеңге қойған талабының барлығын «Өлең – сөздің патшасы сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы» дегенінен бастап ары қарай жалғастыра береміз де, сондағы әрбір сөздің астын сызып қарап оқымаймыз. Ондағы әрбір сөздің астында үлкен мағына бар. Соны ұғынып алып барып, «осы талапты жастар қалай орындап жүр?» деген сұрақты қоюға болатын шығар. Әрине үлкен ақындар бар. Өз шәкірттерім ішінен Қалқаман Сариннен, Арман Шеризаттан, Нұржан Байтөстен үлкен үміт күтемін. Әрине, бәрі керемет ақын болып кетуі мүмкін емес. Атақты ақын Ғафу Қайырбеков: «Көпсінбе, аспан құсын көпсінбейді» дейді. Шындығында да, әр құс өзінше жырлайды ғой. Яғни әр ақын әр түрлі үнмен шырқайды. Біз барамыз да, бір алып құс көрінсе, содан бәріміз асып түскіміз келіп тұрады. Олай болмау керек, көпсінбеуіміз керек. Көбейе берген дүниеден әйтеуір бірдеме шығады ғой. Ақындарды көпсінбеуіміз керек. 

             - Бір үйден – екі ақын. Мерғали ағаның «Жоғалған өзен» повесінің жарыққа шықпай көп жатып қалуына не себеп?

             - Құдай Тағаланың берген үлкен табиғи таланты шығар. Мерғали ағам менен сегіз жас үлкен. Соның берген тәрбиесі маған үлкен тәрбие болды. Мерғалиды жарыққа шығарған менің жалғыз өзім ғана. Бүкіл қаражатымды жинап, ағайын-туысқандарды жинап, ағаларға жалынып-жалпайып жүріп, біраз дүниелерін шығардым. «Жоғалған өзен» деген екі томдық болды. Шығармалар жинағын, өлеңдер жинағын шығардым. Өзімнің өлеңдерім шықпай қалды. Қазір мен біреуге берейін десем бір кітабым жоқ. Құдайға тәуба, қазір Мәдениет министрлігі «Рухани қолдау» қорымен менің таңдамалы жинағымды биылғы жылы шығарғалы жатыр. «Маңдайымның жазуы» деген таңдамалы жинағым елдің қолына тисе, сонда менен бақытты адам болмас деп ойлаймын.

Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен: Үміт ШӘРІПОВ

            Абай елінің арқалы ақыны, қара өлең төрін күзетіп келе жатқан Төлеген Жанғалиевті мерейлі 70 жасымен құттықтаймыз!  

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar