Салқын сабырмен саралай отырып, қоғамда болып жатқан түйткілді мәселелерге бей-жай қарай алмай, шындық іздеп, пікірін ақыл таразысында өлшеп, көзқарасын ашық білдіріп отыратын жандармен замандас болудың өзі – ғанибет. Сондай жанның бірі, өзінің биік ойларын айтудан таймайтын азамат Семей Қалалық мәдениет сарайының қоюшы суретшісі Ерлан Шаяхметұлымен жолығып, әңгілескен едік.
- Ерлан Шаяхметұлы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қаламызда түрлі мәдени, қоғамдық шаралардың өтіп жатқаны белгілі. Қазақ тарихы, мәдениеті, өнері қай кезеңде де назардан тыс қалған емес. Халықтың арасында жүріп, көрген-түйгендеріңізді сараптап, ой қорытып жүретініңізден хабардармыз. Әлеуметтік желіде өзіңіздің өткір де ойлы, мазмұнды пікірлеріңізбен бөлісіп отырасыз. Атқарылған іс-шараларға көңіліңіз тола ма?
- Рухани жаңғыру – Тәуелсіздікке бет алған елдің өз тарихын қайта сараптап, өткеніне қайта үңіліп, өз тарихын қайта жазуға басқан қадамы. Өйткені біздің тарихымызда әлі де ашылмай жатқан ақтаңдақтар көп. Сол рухани жаңғыруда әр халықтың тамырының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Біз соны айқындауымыз керек. Рухани жаңғыру өз дәрежесінде толыққанды түсіністікпен, санамен ойланып жасалынбаса, жаңғырыққа айналып кетуі мүмкін. Әрине бәрін жоққа шығара бермеспіз. Мемлекеттің тарапынан талай игілікті жұмыстар жасалынып жатыр, оны да көріп отырмыз. Бірақ кейбір келеңсіз тұстар да қылаң беріп қалады.
Қазақта «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөз бар. Өкінішке орай, еліміздің дамуына кедергі келтіріп отырған біріншіден – қоғамымызда белең алған жемқорлық мәселесі, екіншіден – жағымпаздық дер едім. Рухани жаңғырамыз десек, осы екі кеселден арылуымыз керек. Бұрыннан өтіп жатқан мәдени іс-шараларды оның басына рухани жаңғыру таңбасын тағып қойып, «біз рухани жаңғырып жатырмыз» деген сөз емес. Рухани жаңғыру дегеніміз – сананы жаңғырту. Ол кешегі ата-бабаларымыздың айтып кеткен сөздерін келер ұрпақтың санасына сіңіру болып саналады. Біздің қандай ұлт екенімізді, қандай бір жақсы жақтарымызды, салт-дәстүрлерімізді насихаттау, қалыптастыру, халықтың санасын ояту соны халықтың бойына сіңіре алу – рухани жаңғыру болып табылады.
Қоғамдық өмірдегі өзекті мәселелер деп нені түсінер едіңіз?
- Өзекті мәселелер дегенде, әркім өз пікірін, өз ойын айтады ғой. Менің жеке адам ретінде айтқаныммен біреу келіссе,біреу келіспеуі мүмкін. Жетіспей жатқан нәрсе –адамдардың қазіргі қоғамда ойын ашық айта алмауы, жасырып қалуы. Жағыну жағы ол да басым. Әрине, біз оңашада көптеген азаматтармен сұхбаттасамсыз. Павлодардағы ғалым ініміз Серік Елікбай: «Оңашада қазақпын деп қайнағаның не керек?, Кухнияда сайрағаның не керек?» дейді. Сондықтан біз ойымызды ашық айтауымыз керек. Бізге ашық айту жағы жетіспейді. Ол дегеніміз – «ашық айтуымыз керек» деп оңды, солды сайрай беру де деген сөз емес. Алдымен жағымпаздық сияқты дерттен арылуымыз керек.
Мұхтар Шахановтың мынандай өлеңі бар:
Жағымпаздық – бұл қоғамда басты өнер,
Шындық оған бола алмай жүр тас кемер.
Қазіргі бақ қайсар рух дерті емес,
Арын сатқан, жағымпазды ескерер- дейді. Менің ойымша, адам өзінің арымен шындықты айта алмаса, жағымпаздыққа салынса — тек өз басының қамын ойлағаны.
Шындықты айттым деп арына тиіп алатындар бар. Шындықты айтамын деп әлсізді басынатындар да бар. Бұрын айтыла беретін еді. Қазір абайлап сөйлейтін дәрежеге жеттік. Өз басым, шындық айтылу керек деп ойлаймын. Халықта «Шындық бар жерде ел байқап жүреді,Шындық жоқ жерде шайқап жүреді» деген сөз бар ғой. Егер менен кемшілік кетіп жатса, кешірім сұраймын. Кемшіліксіз Алла ғана.
- Біздің өңірден шыққан дара, дана тұлғалар көп. Абай,Шәкәрім, Алаш арыстарының керемет сөздері бар. Әлихан Бөкейханов: «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дейді.Сол өсиеттерді бойымызға сіңіріп жүреміз. Құнанбай қажы туралы естелік жазбалар жазылып, көркем фильм түсірілгенімен Қажы атамыздың бейнесі әлі де халыққа жарқырап көрінбей жатқан сияқты. Осыған не айтар едіңіз?
- Біздің Абайдай, Мұхтардай кемеңгер шыққан өңірде өмір сүріп жатқандығымыздың өзі – мақтаныш. Мен әлеуметтік желіде Құнанбай қажы туралы жазып, айтып жүрмін. Құнанбай қажы кім еді? Құнанбай атамыздың өзінің көзін көрген адамдардың, ақындардың айтқан сөздері –Құнанбай бабамызға берген нағыз бағасы сол болар еді. Абай атамыз Құнанбай қажының перзенті екенін білеміз.Құнанбайдай данадан Абайдай ұлы дара туады, Шәкәрімдей шежіре туады. Бұл екі бірдей тұлғаның Құнанбайдай атамыздың кіндігінен тарауы ерекше құбылыс. Абай әкесі туралы:
«Ол сыпатты қазақтан
Дүниеге ешкім келмепті.
Өлмейтін атақ қалдырып,
Дүниеге көңіл бөлмепті» - дейді. Демек, Абай әкесіне баға беріп отыр. Біз Абайды құрметтейтініміз рас болса, Құнанбай қажыға да сондай құрметпен қарауымыз керек деген ой туындайды.
Адольф Янушкеевич айтады: «Құнанбай – ерекше, керемет адам. Даланың заңын мықты меңгерген.Ол – шариғат заңына да жетік адам. Дін арқылы өзінің халқының салт-дәстүрін, сол халықтың игілігіне еңбек еткен. Ал халық өз кезегінде оны «пайғамбар» деп атауы керек» - дейді.
Ал енді Балта ақын Өскенбай атамыз қайтыс болғанда, Құнанбайға көңіл айтқанда былай дейді:
Өскенбай, Бұқараның қақпасындай,
Әр сөзі құранның тақтасындай.
Өзі өлгенмен орыны бос қалған жоқ,
Артында алтын қалды ат басындай- дейді. Ол алтындай ат басы деп отырғаны – Құнанбай бабамыз.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» шығармасын кей адамдар оқымаған болуы мүмкін. Кейбіреулер Құнанбайды шынжырбалақ шұбартөс, федолдық топтың өкілі ретінде қарайды. Негізі олай емес. Романда Қаратайдың аузымен айтқан жер бар: «Мырзаң кім?» десе, «Құнанбай», «Шешен кім?» десе, «Құнанбай» дейді. Бұл – халықтың Құнанбайға беріп отырған атағы. Бұл – Абайды, Шәкәрімді тудырған данышпанға халықтың берген зор бағасы.
Семей өңіріне сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев Құнанбай қажы мұражайына барыпты. Президентіміз осындай құрмет көрсетіп, жатқан болса, неге қажы атамызды құрметтемеске?!. Құнанбай атамызды асқақтататын болсақ, нұр болар еді. Алланың жердегі үйі– мешіт. Құнанбай – бұқараның қамын жеген адам. Семей Алаштың қаласы. Семейде салынып жатқан мешітке Құнанбай қажы атамыздың аты берілсе екен деп ой айтқаным рас.
Абай – ұлы тұлға. Ақынның «Семей десе – Абай деп қарайды адам» дейді. Мен мына ұзынқұлақтан естіп қалдым, мешітке Абай атын береді екен деп. Бірақ, дінмен Абайды шатастырып алмасақ екен деймін. Абай құрметке зәру емес. Мешіт атын Құнанбайға берсек деген тілегіміз бар. Тарихтың тасасында қалып келе жатқан тұлғаларымыз бар. Мені солардың атын болашаққа апарсақ деген ой мазалайды.
- Біздің елдегі өрелі азаматтар, бұл ұсыныстарды ескереді деген ойдамыз. Жақында Семей қаласындағы Мәдениет сарайына қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенованың аты беріледі деген қуанышты хабарды естідік. Бұл қаншалықты рас?
- Мен жиырма үш жылдан асты,сол мәдени қара шаңырақта еңбек етіп жатырмын.Мәдениет сарайынаөнерде өшпес ізі бар тұлға аты берілсе, қуанамын. Семейдің әрбір жақсылығына қуана алатын адаммын. Тек кемшілік іздейді деп ойлап қалмаңыздар. Роза апамыз «Еңбек ері» атағын алып жатыр. «Ұлтқа қызмет – білімнен емес, мінезден» деп, ұлт болашағы үшін жанын пида етекен ұлт перзенті Әлихан Бөкейханға қаламызда ескерткіш қойылды.Сондықтан біліммен мінезді шатастырып алмауымыз керек. Қала мектептеріне Алаш арыстарының аттары берілуі көңіл қуантады. Осының барлығы халықтың бойына рухани қуат береді.
Тілімізді, дініміз құрметтеуіміз керек. «Өз ана тіліңді білсең – сүйініш, білмесең – күйініш». Тілді білмеудің өзі – қасірет. Үлкен ата-әжелеріміз шүлдірлеп немересімен орысша сөйлесіп жатады. Мұның өзі сананың төмендігі ме деп ойламын. Өйткені адамның өз тілінен безінуідұрыс емес.
«Мен – қазақпын» деп мақтанатын адаммын. Мен қазақ болып туғаныма мақтанамын.Бойымызда рухани құндылық болмаса, біз қалай мақтанамыз? Ол ұлтқа қалай қызмет етеміз?. Әр адамның бойында ұлтына деген биік, парасатты ұғым болу керек.
- Қазақ – қандай қиыншылықтарды басынан кешсе де, өзінің тілін, ділін, дәстүрін жоғалтпаған халық. Белгілі бір себептермен ұлттық болмысын жоғалтып ала жаздаған тұстары да бар. Көңіл күйіндіретіні – тілге деген құрмет, қасиеттің кемшін түсіп жатуы. Жалпы сіз үшін қасиет сөзі нені білдіреді?
Қасиет сөзі жақсы сөзінің баламасы болса керек. Отансүйгіштік – жақсы қасиет, ұлтжандылық – жақсы қасиет. Ал жағымсыз қылықтарды мінез десе болар. Ұлтқа қызмет ету деген қасиеттерді сіңіре алсақ, онда біздің текке өмір сүрмегендігіміз.
Ұлттық қасиетімізді сақтай білсек, ұрпақ адаспайды. Әркім өз отбасында өз балаларына тәрбие бере алса, онда біз ертең жұлдызы жанған ұлтқа айналамыз. Мен өзіміздің би-шешендерімізді оқып, қазақ екеніме қуанам. Соны жастар оқыса екен деген ой келеді маған. Оқыған, түсінген адамға Абайдың 45 қарсөзі – тұнып тұрған ақыл сөздері. Үлкендер орынды ой айтса, тәрбиелі үлгі-өнеге көрсетсе, кейінгі жастың жаман қылық жасамайтыны белгілі.
Шындық дүниесіне бойлаған ойларыңызбен бөліскеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:Үміт ШӘРІПОВА