Ірі борышкерлер арасында кәсіпорындар мен кәсіпкерлік нысандар да (оларды қазір жылу көзінен ажыратып жатыр) қарапайым тұрғындар да бар. Ал жылу беру маусымына тыңғылықты дайындалу үшін дебиторлық берешек толық өтелуі қажет.
"Теплокоммунэнерго" МКК ақпараты бойынша, заңды және жеке тұлғалар мен басқа да ұйымдардың кәсіпорын алдындағы жалпы дебиторлық берешегі 722,3 млн теңгені құрап отыр. Ал «Теплокоммунэнерго» мекемесіне жылыту маусымына дайындық жүргізу үшін - желілерді жөндеуге, көмір сатып алуға, электр энергиясы ақысын төлеуге қаржы қажет.
Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов жылыту маусымына дайындық штабының отырысында осы түйткілді мәселені шешуді тапсырды: тұтынушылар дебиторлық қарыздарын 1 тамызға дейін толық өтеуі қажет.
Бұл мәселені шешудің бір жолы - берешегі көп тұлғаларды жылу көзінен ажырату. Қазірдің өзінде бірқатар заңды тұлғаларға осы шара қолданыла бастады, олардың қатарында 2022 жылдың 5 шілдесіне берешегі 20 млн 406 мың теңгеге жеткен "Семей машина жасау зауыты" АҚ, 4 млн 640 мың теңге қарызы бар "U-FUTURE" ЖШС, 4 млн 163 мың теңге берешегі бар "Возрождение" Семей" жеке қоры сияқты ірі борышкерлер мен миллионнан астам қарызы бар "Semey bus" ЖШС, "ЦАРП" ЖШС, "Казахцемент"ЖШС, "Саяхат" мейрамханасы және кішігірім дүкендер мен шаштараздар бар.
"Теплокоммунэнерго" мекемесінің мәліметі бойынша, жалпы алғанда, заңды тұлғалардың берешегі биылғы жылдың 5 шілдесіне 131 млн 622 мың теңгені құрап отыр. 69 млн 747 мың теңге сомасына 91 абонентке сотқа дейінгі шағымдар берілген, оның ішінде 34 млн 560 мың теңге берешек сомасына 32 абонент жылудан ажыратылған.
Ал халықтың тұтынылған жылу энергиясына берешегі әлдеқайда жоғары (жалпы соманың 33 пайызы): 2022 жылғы 5 шілдеге қарай 237 млн 374 мың теңгені құраған.
Осы ретте ескерте кеткіміз келеді: тұтынған коммуналдық қызметтің ақысын төлеуден жалтарып жүрген қарапайым тұрғындар да жылусыз қалуы мүмкін. Ал жылу жүйесіне қайта қосылу ақылы болады.
10 шілдеден бастап қалада учаскелік инспекторлар БАҚ өкілдерімен бірге рейдтерге шығуда.
- Ай сайын кешкі уақытта, кестеге сәйкес, "Теплокоммунэнерго" мекемесі өкілдері мен сот орындаушысы борышкерлердің пәтерлерін аралайды, - деп атап өтті кәсіпорын басшылары. – 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, сот орындаушыларының орындауында жеке тұлғалар бойынша 52,36 млн теңге сомасына 874 іс, заңды тұлғалар бойынша 19,6 млн теңге сомасына 31 іс жатыр.
Қалада барлығы 1427 көп пәтерлі тұрғын үй бар, оның 1187-сі орталық жылу жүйесіне қосылған. Келесі жылыту маусымы үзіліссіз өтуі үшін оған тұрғындардың өздері де дайындалуы керек – тұтынылған жылуға қарыздарын өтеп, дайындық паспорттарын алуы тиіс.