Қаламыздағы Абай атындағы драма театрда Секен Тұрысбековтың «Ұлы дала» атты шығармашылық кеші өтті. Қаламыздың облыс деңгейіне орнығуына орай, жерлесіміз қара домбырасын арқалап, аппақ тілегін арнап, жаңа облысқа атбасын тіреді.
Күмбірлеген күйді тыңдауға келген халық залға лық толы. Жүректен шыққан күй, жүрекке жетті. Қасіреттен қасиетті өнер тудырған талантқа өнер сүйер қауым дән риза болып, құрмет қошеметін білдірді. Бірегей болмысымен халықты аузына қаратып, күйдің тарихына тоқталып өтті. Әннің мейірімін, күйдің иірімін түсіне білген жұрт гүл шоқтарымен сахнаға ағылды.
Сахнада «Қоңыр жел», «Жазғы қар», «Ақ гүл сары», «Көңіл толқыны», «Ана», «Тарбағатай», «Дарабоз», «Мәңгілік ел», «Ақжауын», «Салтанат» күйлері орындалды. Күйге қанықтырып, әнге сусындатқан ұстазының шашпауын көтеріп - Айбек Бекбосын «Телқара» күйін құйқылжыта әрледі. Сонымен қатар бұл іс-шараға Әміре Қашаубаев атындағы Мемлекеттік филармониясының «Бибігүл» қазақ халық аспаптары оркестрі қатысты.
Шара сонында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың атынан ықылас гүлі шығарылып, Секен Кәрімұлының иығына қазақы жолмен шапан жауып құрмет көрсетті. Композитордың жан-жарына камзол, немересіне тақия және ұлы Абай атамыздың қара сөздерінің жинағы сыйға тартылды. Жиналған қауыммен суретке түсіп, өзінің қолтаңбасын да қалдырды. Халықпен емін-еркін пікір алмасып, өскелең ұрпаққа бата берді.
Күйді мың адам тыңдайды, бір-ақ адам ұғады деген сөзімді қайтып аламын деп соңғы сөзін түйіндеді Секен ағамыз кеш соңында. Рас қазіргі заманда қым-қуыт тірлікті бірер минутқа ысырып қойып, бір күй тыңдап алсаңыз әлдеқайда пайдалырақ болмай ма. Қазағымның өнері өрлей берсін демекпіз.
Сымбат Жайсанбекова