Шәкәрім университетінің алдында орналасқан ойшылдың ескерткішіне зиялы қауым өкілдері, қала әкімінің орынбасары мен өңір тұрғындары жиналды.
Бойында табиғи таланты, ақындық дарыны бар Шәкәрімнің өмірдегі ұстазы, мектебі, университеті – Абай болды. Әкесінен жеті жасынан жетім қалды десек те, атақты Құнанбай қажының ерке немересі, ақылы мен білімі дария Абайдай ағасы бар, бала Шәкәрім материалдық жағынан да, рухани жағынан жоқшылық пен жетімдік көрмейді.
Ұстазының «Ғылым таппай мақтанба, пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге, артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» – деген өсиетін бойына сіңіріп, санасына тоқып өскен Шәкәрім ғылым, білім жолында бар өмірін сарп етті. Ол қазақ әдебиетінде Абай қалыптастырған реалистік дәстүрдің алғашқы дамытушыларының бірі болды. Өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық-саяси және әлеуметтік сыр-сипаттарын көре білуде, халыққа жол көрсетуде Абай бағытын, ұлы ағартушы ақын дәстүрін ұстанды.
Ойшылдың туған күні бойынша ғалымдар екі ұдайы пікірде. Ескі күнтізбе бойынша, Шәкәрімнің туған күні 24 шілде деген де пікір бар. Әйтседе, жыл сайын дәстүрлі түрде 11 шілде ойшылдың туған күніне орай елімізде мәдени-рухани шаралар өтеді.