Олардың барлығы өңірдің өзекті мәселелерін егжей-тегжейлі зерделеуге ниетті. Энергетика және Ұлттық экономика вице-министрлері Семей қазандықтарын тексерді. Қала әкімі Бақытжан Байахметов қалалық жылумен қамту жағдайы туралы айтып берді.
"Қала бойынша жылу желілерінің тозуы 60% - ды құрайды. Болашақта екі құбырлы 188 км жылу желілері қайта жаңартылуға жатады. Семейде "Теплокоммунэнерго" ӨБ белгіленген қуаты 1042,9 Гкал/сағ құрайды. Биылғы жылы Степной кентіне құны 565,2 млн. теңге жылу желісін салу жоспарланған. Сондай-ақ, құны 721,7 млн теңге болатын ЦТП-518 қазандығын, 539,3 млн теңгеге жылу желісін қайта жаңартуға оң сараптама қорытындылары алынды. "Ғаббасов", "Орталық" қазандықтарын қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді. 5 қазандықты қайта құру кезінде 10,3 млрд теңге көлемінде қаражат бөлу қажет", – деді Семей қаласының әкімі.
Сонымен қатар, вице-министрлерге Семейдегі 3-ЖЭО құрылысының қажеттілігі туралы айтылды. Бұл жобаны іске асыру үшін инвестиция сомасы 447,5 млрд теңгені құрайды. Өз кезегінде министрліктердің өкілдері жылумен қамту проблемаларын шешуде қолдан келгенше көмек көрсететіндерін мәлімдеді.
"Бүгін біз Семей қаласын жылумен қамту схемасын зерттедік, тұрғындар шағымданатын мәселелермен таныстық. Бұл жүйелік сұрақтар. Осыған байланысты жұмыс тобын құру, ақпарат жинау және барлық ұсыныстарды қарастыру ұсынылады. Әрине, қалаға жылумен жабдықтаудың перспективалық схемасы қажет, оңтайлы шешімдерді анықтау қажет. Бұл жұмысқа біз Энергетика министрлігі ретінде қосылуға дайынбыз. Жылумен жабдықтау, қазандықтардың жұмысы және оларды қаржыландыру мәселелері Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құзыретіне жататынына қарамастан, біз министрлік желісі бойынша да қатысып, ұсыныстарды қарайтын боламыз", – деп атап өтті Қазақстанның энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағамбетов.