USD484.37EUR531.06RUB5.05

Семейде маршруттық автобус жүргізушілері жетіспейді

24 маусым 2022, 11:29
Семей қаласы әкімдігінің отырысында жолаушылар мен багажды қалалық тасымалдау жағдайы туралы ақпарат тыңдалды.
Семейде маршруттық автобус жүргізушілері жетіспейді

Қалада 331 бірлік көлікті құрайтын 40 маршрут жұмыс істейді. Олардың ішінде № 54 маршрутқа аса шағын класты автобустар қызмет көрсетсе, ал қалған маршруттарға үлкен, орта және шағын класты автобустар қызмет көрсетеді.

2017 жылдың 5 тамызынан бастап қоғамдық көлікте жүрудің жол ақысы 80 теңге болып белгіленді, ал жеңілдікпен жүруші жолаушылар үшін тарифтің 50 пайыз мөлшері белгіленген.

2021 жылдан бастап Семей қаласының әкімдігі жеңілдетілген санаттағы азаматтарды тасымалдағаны үшін тасымалдаушылардың шығынын өтейді және әлеуметтік – маңызы бар 38 бағыт субсидияланады.

«Bus Report» бағдарламасының көмегімен «Семей қаласының жолаушыларды тасымалдауды басқару орталығы» ЖШС автобустар қозғалысына күнделікті мониторинг жүргізеді.

Қала тұрғындары «Infobus mobile» тегін мобильді қосымшасын пайдалана алады. Қосымша жолаушыға көлікті аялдамада күту уақытын оңтайландыруға және көліктің аялдамаға келу уақытын есептеуге мүмкіндік береді.

2021 жылдың 20 қаңтарынан бастап қаланың қоғамдық көліктерінде электронды билет жүйесі енгізілді. «Таксомоторлық парк» ЖШС автобустары мобильді терминалдармен, стационарлық валидаторлармен және «QR-кодтармен» жабдықталған. «Авто Транс Семей» ЖШС мен «Семавтопарк» ЖШС қызмет көрсететін автобустар электрондық билет жүйесіне қосылмаған.

Жолаушылар мен багажды автомобильмен қалалық тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі келісімшартқа сәйкес маршруттар қозғалысының тұрақтылығы 70% кем болмауы тиіс. Алайда бұған әлі қол жеткізу мүмкін емес. Нәтижесінде автобустар арасындағы қозғалыс аралығы 30-40 минутқа артады, бұл тұрғындардың наразылығын тудырады. Қала шетінде тұратын жолаушылардан қолданыстағы маршруттармен қатар жүруіне байланысты 2019 жылы маршруттық желіден шығарылған маршруттарды қалпына келтіру туралы ұсыныстар келіп түсуде.

Қолданыстағы маршруттық желіні қайта қарау бойынша ұсыныстарды қарау үшін Семей қаласы әкімінің 2022 жылғы 8 ақпандағы № 8-ө өкімімен қаланың маршруттық желісін оңтайландыру бойынша жұмыс тобы құрылды.

Қазіргі таңда жұмыс тобының үш отырысы өткізілді. № 7, 17, 23, 31, 32, 37, 38, 40 және 45 маршруттарды қалпына келтіру мәселелері қаралды, сондай-ақ, қолданыстағы маршруттардың қозғалыс схемаларын өзгерту мәселелері талқыланды.  Жұмыс тобы отырыстарының қорытындысы бойынша № 17, 31 және 45 маршруттар қалпына келтірілді.

Автобустардың желіге шықпауының негізгі себептері:

1) «D» және «D 1» санатындағы жүргізушілердің жетіспеушілігі, 150 - ден астам адам тапшы;

2) жүргізушілердің басым көпшілігі зейнетке шығу жасына тақауы (көбінің денсаулық мәселелері сыр береді)

3) автобустардың техникалық жағдайы (күн сайын орташа есеппен 40 автобус жөндеуде болады).

«Біз әзірге жаңа бағыттарды енгізе алмаймыз. Олардың толыққанды болуына қол жеткізуіміз керек. Тағы бір ескеретін жайт - жаңадан жөнделген жолдар. Егер бұрын олардың жағдайы нашар болғандықтан қоғамдық көлік жүрмесе, енді автобустардың қозғалысына барлық жағдай жасалған», - деді Семей қаласының әкімі. 

 Бақытжан Байахметов автобус жүргізушілерін іздеу жұмыстарын жандандыруды, олардың жалақысы және қосымша әлеуметтік пакет ұсыну бойынша ұсыныстарды қарастыруды тапсырды.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

03 қазан 2024, 10:50
27 қыркүйек 2024, 10:07
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar