USD466.44EUR487.71RUB8.56

Тоқаев: Барлық алауыздық екі ел халқының арасына және Ресейдің өзіне зиянын тигізеді

20 маусым 2022, 11:37
Өздерін мемлекет ретінде жариялаған Луганск және Донецк халық республикаларын Қазақстан мойындамайды. Олар жәй ғана квазимемлекеттер. Еліміздің бұл ұстанымын Петербург халықаралық экономикалық форумының алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тоқаев: Барлық алауыздық екі ел халқының арасына және Ресейдің өзіне зиянын тигізеді

Форумның сұрақ-жауап бөлімінде модератор қазақ басшысынан Украинадағы жағдайға қатысты пікірін сұраған болатын. Қазақта мұны «үй ішінен үй тігу» дейді. Мейлі отбасы, мейлі мемлекет болсын, бұл әрекет алдымен оның тұтастығына сызат түсіреді. Біздің халықтың оны құп көрмейтіні де содан.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Егер ұлттарға таңдау құқы берілсе, қазіргі 193 мемлекеттің орнына 500-600 мемлекет құрылар еді. Бұл әрине хаос. Дәл осы себепті біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Демек, біздің бұл ұстанымымыздың квазимемлекеттік территория саналатын Луганск пен Донецкке де қатысы бар. Кейінгі кезде Ресей саясаткерлері мен танымал тұлғаларының Қазақстанға қарата айтатын намысқа тиер мәлімдемелері жиілеп кетті.

 Тоқаев осы жолғы халықаралық алаңды пайдаланып, алауыздыққа итермелейтін олардың әрекетін сынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мен осы мінберді пайдаланып, бірқатар ресейлік депутаттың, журналисттің, тіпті мәдениет қайраткерінің Қазақстанға қатысты айтқан қисынсыз сөздеріне наразылығымды білдіргім келеді. Барлық алауыздық екі ел халқының арасына және Ресей Федерациясының өзіне зиянын тигізеді.

Президент меңзеп отырған жандардың бірі – ресейлік кинорежиссер Тигран Кеосаян. Осы көктемде «қазақстандықтар Украинадағы жағдайдан мұқият сабақ алуы тиіс» деп қоқан-лоққы жасағаны бар. Әрине бұл біздің қоғамның үлкен наразылығын тудырды. Айтпақшы, ол осы пленарлық отырыстың модераторы болып отырған журналист Маргарита Симоньянның күйеуі. Президент Ресейге қарсы санкциялардың Қазақстанға әсері туралы да айтты. Әзірге ешқандай қысым көріп отырған жоқпыз деді. Қандай қиындық болса да Еуразиялық экономикалық одақтың болашағынан үмітті екенін айтты. Өйткені қазір жаһанданудың орнына аймақтандыру дәуірі келе жатыр. Сондықтан одақтың жаңа сауда стратегиясын жасау артықтық етпейді және біздің өңірлер үшін контрсанкциядан гөрі Азия мен Таяу Шығыс нарығын тұтас қамтитын сауда саясатын жүргізу тиімді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Алдағы он жылда достық ниеттегі Қытай, Үндістан, Таяу Шығыс, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері аймақтағы мемлекеттердің экономикасына қаржы салатын ірі инвесторлар болуы мүмкін. Қытай – Қазақстанның экономика және сыртқы сауда саласындағы басты серіктесі. Бұл ел соңғы 15 жылдың ішінде экономикамызға 22 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Сондықтан Қытаймен арадағы көпжақты ынтымақтастықты тереңдете түсу – еліміз үшін аса маңызды міндет. Бизнес байланысты нығайтып, жаңа көлік-логистикалық дәліздерін қажет. Бұл елдеріміздің экономикалық өсімі үшін жаңа мүмкіндік туғызады деп ойлаймын. Ал ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін алдымен халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету керек. Ресей мен Қазақстан осы сала бойынша әлемдегі жетекші елдердің бірі саналады. Сенімді азық-түлік жүйесін құру үшін озық технологияларды енгізу керек және азық-түлікті ысырап етуді тоқтатқан жөн деп келісті Президенттер.
www.24.kz.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2022
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar