USD474.83EUR515.38RUB5.5

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзі

17 маусым 2022, 11:03
Ардақты ағайын! Баршаңызға Ұлттық құрылтайдың ашылуы құтты болсын дегім келеді. Біз бүгін жалпыұлттық референдумнан кейін алғаш рет бас қосып отырмыз. Ата заңға өзгерістер енгізуге арналған референдум табысты өтті Еліміз ертеңгі күнге мызғымас бірлікпен қадам басуға дайын екенін анық аңғартты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзі

Алайда, кейбір азаматтарымыз референдум кезінде мемлекеттің атауы да өзгеруге тиіс еді деген пікір айтып жүр. Олар «Қазақстан» атауындағы «-стан» сөзін елімізге де, бүкіл Азияға да жат ұғым деп санайды. Мұны да қисынды деп айтуға болмайды. Себебі, әлемде дәл осындай Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан және Орталық Азия мемлекеттері бар. Бұл – ең алдымен, ұлттық қауіпсіздігімізге және халқымыздың бейбіт өміріне тікелей әсері бар өте маңызды мәселе. Біз бүкіл ел болып Жаңа Қазақстанды құрамыз. Бұл – оңай шаруа емес. Жұртымыз жаңаша өмір сүруге бейімделуі қажет. Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жаңарады. Сол себепті, мен Жолдауымда Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтердім.

Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз Атамекенге шақырылды. Ұлы көш Тәуелсіз Қазақстанға бет алды. Қазақ құрылтайларының бәрі ел дамуына зор өзгеріс әкелген. «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген нақыл сөз содан қалса керек. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық.

Енді, Ұлттық Құрылтайдың жұмысын ұйымдастыру мәселесіне тоқталсам. Оның құрамында ­­­117 адам бар. Құрылтайға барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері қатысып отыр.

Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда басталғаны дұрыс болды. Киелі өлкеміз Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бірліктің символына айналды. Осы орайда, мен тағы бір маңызды бастама көтергім келеді. Бұл жерде барлық рулардың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев «Еліміздің Ту тіккен жері – Таңбалы тас» деген. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел азаматтары Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты. Бірақ, бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз.

Президенттің әрбір іс-әрекеті тек мемлекет мүддесіне арналуға тиіс. 8 маусымда үш жаңа облыс құрылды. Өңір басшылары Ата заңның жаңа талаптарына сәйкес тағайындалды. Мәслихат депутаттары дауыс беріп, әкімді мен ұсынған азаматтардың ішінен таңдады. Конституциялық өзгерістер, осылайша, кезең-кезеңімен қолданыла бермек. Жаңарған Конституция толыққанды қолданысқа енуі үшін әлі көп жұмыс істеуіміз керек. Жұрт нақты өзгерістердің қазір болғанын қалайды. Сондықтан, депутаттарымыз негізгі заң жобаларын осы кезден жинақтай беруі керек. Сосын күзгі сессия басталғанда бірден іске кіріскен жөн. Басты заңдар жыл соңына дейін қабылдануға тиіс. Сонда ғана жан-жақты жаңғыруды жоғары қарқынмен жалғастыра аламыз. Жалпы, конституциялық реформа саяси жүйенің тепе-теңдігін орнықтырады. Осы іс-шаралар халқымыздың мемлекетті басқару ісіне қатысуына мол мүмкіндік береді. Билік пен қоғамның әріптестігі Әділетті Қазақстанды құру ісінде айрықша рөл атқаруға тиіс. Осы орайда, референдум жаңа қоғамдық мәміленің негізін қалыптастырды. Бұл – Ұлттық құрылтайдың ең басты міндеті. Сондықтан, мынадай бағыттарға назар аудару қажет деп ойлаймын. БІРІНШІ. Жалпыұлттық бірлікті нығайту Біз демократия дәстүрі жетілген, мықты азаматтық қоғам құрамыз. Бұл – стратегиялық бағытымыз.

Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың бірден-бір кепілі. Онсыз қоғамның дамуы мүмкін емес. Сондықтан, бұл қағида біздің ең басты бағдарымыз болуға тиіс. Жалпы, отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Ұлтымыз бірлік пен тәуелсіздік мұраттары жолында ұйысуы қажет. Ұлттық құрылтай мүшелері осы мақсатқа бар күш-жігерін жұмсайтынына кәміл сенемін. Сонда ғана озық демократия дәстүрін қалыптастырамыз, Әділетті және Жаңа Қазақстанды құрамыз.

ЕКІНШІ. Реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіру Ең бастысы, біздің бағдарымызды халықтың басым көпшілігі қолдап отыр. Азаматтарымыз елімізде түбегейлі өзгеріс болатынына сенеді. Дегенмен, референдум табысты өтті екен деп, босаңсуға болмайды. Нағыз жұмыс енді басталды. Реформаны жүзеге асыру барысын елге ұдайы түсіндіріп отыруымыз керек. Қазірдің өзінде жаңғыру үдерісі біртіндеп жалпыұлттық сипатқа ие бола бастады. Шын мәнінде, жаңғырудың әсерін әрбір азаматымыз сезінуі қажет. Елдегі өзгеріске әркім өз ісіндей қараса, шын мәнінде, жаңару жолына түсеміз.

ҮШІНШІ. Жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру Құрылтайға қанша адам кірсе де, қоғамды толық қамти алмайды деген пікір айтылып жүр. Бірақ, Құрылтай мүшелерін көбейте берсек, одан пайда болмайды. Бұдан жұмыстың берекесі қашып, ұйымдастыру ісі қиындап кетуі мүмкін. Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Біз Жаңа цифрлық технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз қажет. Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қатынасы барынша тиімді болмақ. Мен Qurultay деген арнайы мобильді қосымша әзірлеуді ұсынамын. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады.

Мен елімізді дамытуға қатысты бірнеше маңызды мәселеге тоқталғым келеді. Жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта түсу – ең басты міндеттің бірі. Жаңа Қазақстан дегеніміз – ең алдымен, құндылықтардың жаңаруы. Сондай-ақ, қоғамдағы қарым-қатынас мәдениетінің өзгеруі. Мен осыған дейін де бұл туралы бірнеше рет айттым. Тағы бір маңызды жұмыс – бұл тарихи әділдік орнату. Бір кездері ұмытылып кеткен ұлт перзенттерінің есімін қайта жаңғыртуымыз керек. Ел тағдырын айқындаған тарихи оқиғаларға лайықты баға берген жөн. Соңғы екі жылда бұл бағытта көптеген жұмыс атқарылды. Ұлтымыздың көрнекті тұлғаларының есімі ардақталды. Тарихи даталар қалпына келтірілді. Осылайша, еліміздің шынайы шежіресі жазылып жатыр. Өткенге әділ баға берілмесе, жарқын болашақтан үміт күту қиын. Мұны терең түсінген абзал. Мен былтыр еліміздің академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы тапсырма бердім. Тарихымыз жүйелі, шынайы, ең бастысы, тәуелсіз елдің көзқарасымен жазылуы керек. Ғылым және жоғары білім министрлігіне мұны айрықша қадағалауды тапсырамын. Біз – тарихтан тағылым ала білген халықпыз. Бүгін қайта жалғасын тапқан Құрылтайды төл тарихымызға тағзым деуге болады. Осы Құрылтай да ертең ұлт шежіресінің бір белесіне айналатыны анық. Елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды. Осы орайда, біз ел дамуының жаңа басымдықтарын белгілеп алуымыз керек. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек.. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді.

Алдымызда ауқымды жұмыс бар. Жаңа Қазақстан идеясын іске асырамыз десек, аянбай еңбек етуіміз керек. Халқымыз «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтпаған. Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз өскелең ұрпақты адал еңбекке баулып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет. Маңдай термен тапқан әр тиын – нағыз ардың ісі, Абай айтқан «толық адамның» еңбегі екенін жастардың санасына тоқуымыз қажет. Біздің бұрынғы бір министріміз бауырлас көрші мемлекеттің азаматтарын келеке қылғаны бар. Олар Ресейге барып, қара жұмыс істеуге мәжбүр, ал біз, қазақтар, ондай жұмысты істемейміз, бақытты халықпыз деп айтқан. «Естімеген елде көп», әрине. Бірақ, бұдан өткен сорақылықты ойлап табудың өзі қиын. Еңбектен қашқан адам кеудесін ұрып, мақтанбай, керісінше, ондай әрекетінен ұялуы керек. Еңбек дегеніміз – бұл қасиетті ұғым. Адал еңбекті күлкі етіп, мазақ қылуға болмайды. Жастарымыз, ең алдымен, зияткерлік қабілеті жоғары, ойы ұшқыр, еңбекқор болуы қажет. Қазір – ақыл-ой және дарын иелерінің заманы. Қазақстан да осы көштен шет қалмауға тиіс. Озық білім мен қажырлы еңбекті ұштастыра білсек қана, еліміз өсіп-өркендейді. Көздеген мақсатына жетеді. Халқымыз қанағатшыл, үнемшіл, өнертапқыш болуға ұмтылуы керек. Қоғамда қызу талқыланып жатқан тағы бір мәселеге тоқталсам. Бұл – кадр саясаты. Әділетті Қазақстанды құру кадрлардың орнын ауыстыра беру деген сөз емес. Өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, отаншыл азаматтар қашанда бағалы. Әрине, олардың құрамын жаңартып отырған дұрыс. Бірақ, мұны терең ойланып, байыппен жасау қажет. Кадрларды жаппай жұмыстан шығару жақсылыққа апармайды. Мемлекеттік қызметте адал әрі білікті кадрлар өте көп. Олар Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүр. Өкінішке қарай, жемқорлық – жұрттың санасына сіңіп, әбден әдетке айналып кеткен. Бұл – ащы болса да, шындық. Азаматтарымыз саяси қолдауға ие болған кейбір адамдардың шектен тыс байып кететініне наразы. Оған қоса, олар байлықтарының қомақты бөлігін шетел асырып әкеткен. Халықтың ашуын түсінуге болады. Сондықтан, менің Жарлығыммен Арнаулы мекемеаралық комиссия құрылды. Комиссияның міндеті – шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтару. Бұл – өте күрделі жұмыс, ұзаққа созылуы мүмкін. Себебі, көптеген заңдық процедурадан өту керек. Бірақ, біз қалай болса да, бұл мәселемен мұқият айналысуымыз қажет. Әйтпесе, әділетті қоғам туралы сөз қозғаудың өзі қиын болады. Құрылтай мүшелері осы қоғамдық кеселдің бетін қайтаруға белсене атсалысады деп сенемін. Әрине, бұл – бір жылдық шаруа емес. Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, «әділдік жолы – ең қиын жол» екенін ұмытпауымыз керек. Заң үстемдігін орната алмаған ел түбінде құрдымға кетеді. Қазіргі таңда елімізде үш жүзге жуық судья жетіспейді. Сол орындарға әділ, адал және білікті жастарды тартуымыз қажет. Мен мықты кәсіби заңгерлерді Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырамын. Ұлттық құрылтай қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімнің символына айналуы керек. Бір ел болып жұмылсақ қана, барлық кедергілерді еңсереміз, өсіп-өркендейміз. Бізді ұлт ретінде ұйыстыратын құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау аса маңызды.  

Мемлекеттік рәміздерімізге, ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуға тиіс. Қазақ тіліне қатысты алаңдаушылық елдегі жағдайды дұрыс түсінбегеннен туындап отыр. Шын мәнінде, бұрынғы ахуал мен қазіргі кезеңді мүлде салыстыруға келмейді. Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр. Ғылым, оқу-ағарту жүйесінде маңызды өзгерістер, тіпті ауқымды реформалар керек. Қазақ тілі ғылымның, техниканың, бизнестің тілі болуына үлес қосайық. Тілге байланысты тағы бір маңызды мәселе. Бұл – латын әліпбиіне көшу туралы. Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп, алаңдаушылық білдіруде. Сондықтан, бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады. Ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздердің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. Яғни, тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн. Міне, сол себепті, мен Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырдым. Содан кейін ғана латын әліпбиіне ауысу жөнінде айтуға болады.

Құрметті жиналған қауым! Ұлттық құрылтай туралы бастаманы қолдағандарыңыз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Біз бүгін құрылтай жұмысының негізгі бағдарын айқындадық. Бұл құрылым демократия құндылықтарын орнықтыруға зор үлес қосары сөзсіз. Құрылтай жұмысы мұнымен шектеліп қалмайды. Біз жыл сайын тұрақты түрде кездесіп тұрамыз. Қазақ даласында ел тағдыры шешілген тарихи орындар аз емес. Ұлытаудан бөлек, Ордабасы, Мәртөбе, Күлтөбе сияқты қастерлі жерлеріміз бар. Мен келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсынамын. Ең бастысы, елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық болуы керек. Жаңа Қазақстанды бәріміз бірге өркендетейік! Қазақ елінің мәртебесі биіктей берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Баршаңызға шынайы алғысымды айтамын.

Қадірлі ағайын, Құрылтайды барша жұртымыз үшін жағымды жаңалықпен аяқтағым келіп отыр. Кеше даңқты композитор, сазгер Шәмші Қалдаяқовқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілгенін білесіздер. Ол – Әнұранымыздың авторы, ұлт руханиятында ерекше орны бар аса көрнекті тұлға. Біртуар сазгерге құрмет көрсету – перзенттік парызымыз. Шәмшіні халқымыз «қазақ вальсінің королі» деп қадірлейді. Шәмшінің әндері қашанда халықтың жүрегінде, ешқашан құндылығын жоймайды. Шәмші ағамыз әлі күнге дейін халқымыздың өмірінің бір бөлігі деп айтуға болады. Оның ақын Мұхтар Шахановпен бірлесіп жазған әндері елге кеңінен танымал. Әйгілі композитор мен атақты ақынның достығы – барша жұртқа үлгі. Жақында Шәмшінің іні-досы Мұхтар Шаханов сексен жасқа толады. Оның шығармашылық еңбегі қандай құрметке де лайықты. Ол кісі – өте шыншыл, адал, ұлтжанды адам. Мен бүгін Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Еліміздің ең жоғары марапатын ақынға ұлт ұясы – Ұлытаудың төрінде тапсырғанды жөн көрдім.

Фото: inform.kz

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

24 шілде 2024, 18:41
19 шілде 2024, 23:40
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar