USD474.83EUR515.38RUB5.5

«Халқыңның жел жағына пана бол, күн жағына сая бол»

15 маусым 2022, 13:59
Мұхит Тұмабаев, облыс мәслихатының депутаты, Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер, ауылшаруашылығының маманы.
«Халқыңның жел жағына пана бол, күн жағына сая бол»

- Мұқа, қашан келеді, кім әкім болады деп қобалжып жүргенімізге бірнеше айдың жүзі болды. Елдің қалауы шығар, өзіміздің Семейдің тумасы Нұрлан Тельманұлы Ұранхаевтың келгеніне қуаныштымыз. Абай атамыз: «Единица жақсысы, Ерген елі бейне нөл» демей ме, міне, әкіміміз Нұрланның артынан облыстың жарты миллиондай халық ергелі отыр. 

- Алдымен айтпағым, бұрынғы Семей облысы жабылған кезде де, қайта ашылған жиынға да қатыстым. Елдің, халықтың атынан Президентке рахмет айтқым келіп отыр. Өйткені, өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Жердің көлемі үлкен болған сайын, яғни облыс ұлғайған сайын оны басқару да қиындау екенін мойындау керек. Мысалға, Еуропадағы кішкентай мемлекеттерді алсақ, біздің Семейдің жеріне бірнеше Голландия кіріп кетеді екен. Соның арқасында да дамып келе жатыр.  Енді, өзіңіз айтпақшы, кім келеді екен, кім басқара алады екен деген сияқты үздіксіз түрде әртүрлі әңгімелер жүріп жатты ғой.  Осы жердің тумасы, осы жерде өскен, халық та, ел де білетін азаматтың таңдалуы – қуантарлық жағдай. Мен депутат ретінде қолдап, дауыс бердім. Қазіргі құрылған Абай облысының жері кең де құнарлы, қазіргі жағдайы нашарлау, оны мойындауымыз керек, бірақ потенциалы бар. Облыс болып тұрған кезімізде 3 млн. қой төлдесе, көктемде 6 млн. болып жайлауға шығатын. Ірі қара мал көбейді, егіндер жайқалды, бау-бақша салынды. Осыларды қайта қалпына келтіру керек. Мәслихатта Ұранхаев бауырымыз өзінің бағдарламасын айтты, мен оны мұқият тыңдадым. Қай бағытта жұмыс істейтінін, қалаға, ауыл шаруашылығына қатысты жоспарларын атап өтті. Енді жұрт болып, ел болып, қолдауымыз керек. Біз бір нәрсені ұғуымыз керек, әкім бәрін әкеп бере алмайды. Оны әрбір азамат, кәсіпкерлер қолдайтын болса, сонда ғана облысымыз жайнамақ.

- Әрине, бірақ, айта кетері, Өскеменнен бөлінген соң жағдай қиындап кетеді. Семей «дотационный облыс» деген әңгімелер естіліп қалады. Тарихты таразыласақ, екі ғасыр облыс болған кезде, Семей ешкімге де қол жаймаған екен. Дамыған, көркейіп тұрған облыстың бірі болған. Негізгі нысана, басты бағыт ауыл шаруашылығы деп таңдалса, оған қалай қарайсыз? Ауыл өнеркәсібі ойдағыдай дами ала ма?

- Негізінде біз екі облыс қосқан кезде Семей мен Шығыс Қазақстан облыстарын қосқан кезде бюджеттің көлемі 18-ақ млрд. болған.  Жетпеді ғой. 2-3 айлап мұғалімдер еңбекақысын ала алмады.  Бүгінгі таңда бюджет көлемі 560 млрд. жетіп отыр. Бұл экономиканың өскені, бизнестің өскені деген сөз. Енді жаңадан құрылған облысқа келер болсақ, мүмкіндіктер мол, мысалы, Ақтоғайда мыс шығаратын зауыт салынып жатыр, одан көп пайда түседі. Жармадағы Бақыршық, мына Жезкент сияқты кәсіпорындар аз емес. Бірақ, дамудың басты бағыты - ауыл шаруашылығы болғаны абзал. Неге десеңіз,  ауыл шаруашылығының бір кәсіпкер адамы қаланың он адамына жұмыс тауып береді. Осы мәселені естен шығармау керек. Қой шаруашылығы, ірі-қара болсын, мейлі, егін, көкөніс болсын жұмыс қолын қажет етеді. Потенциал бар деп отырғаным осыдан. Жаңадан келген әкімге айтпағым, мал азығын, жемді жақсартуымыз керек, сол арқылы мал көбейеді. Мал көбейген сайын ет комбинаттары жұмысын жандандырады, сүт өнімдері көбейсе, «Гормолзавод» сынды зауыттар дами бастайды. Нарық болғаннан кейін халық та өз салығын төлеп отырады. Солай қаланың да дамуын көре аламыз.

- Бұл арада баса айтар жайт, бізде жем азайып кетті, сондықтан мал шаруашылығы қымбаттады. Осы суармалы егіншілікке қалай қарайсыз?

- Оны да жаңа әкім өз бағдарламасында айтып өтті. Маған бұл жері ұнады. 90-жылға дейін біздің тек қана Жаңасемей ауданында 33 мың га суармалы жер болды. Ана Шульбинскіден Шақаманға дейін. Ол кезде мен ауыл шаруашылығы басқармасының орынбасары қызметінде болдым. Жиектегі ауылдардың бәрінде су болды. Приречное содан сақталып қалды. Сондықтан әкімнің суармалы жер туралы бағдарламасы болғаны қуантады.

- Егіншіліктің ақсап қалғаны, агроном мамандардың тапшылығы шынымен де күрделі мәселе. Оны шешу үшін ауыл шаруашылығы мамандарын дайындау, жаңа оқу орындарын ашу керек сияқты.

- Иә, бұл шынымен де күрделі мәселе. Кадрлар керек. Бұл ретте екі мәселеге тоқталғым келеді, біріншіден, қазір нарық заманы болғаннан кейін мемлекетке біз ұсыныстар беруіміз керек. Бұрында істеген агроиндустриялық банктерді қайта қалпына келтіру керек. Қазіргі банктер түгелдей жеке меншік банктер, олар ауыл шаруашылығына ақша бөлуге қорқады. Мүдделі емес. Ал бұрынғыдай «Агробанк» болып, тек қана ауыл шаруашылығына қаражат бөліп отырса, бұл жақсы бастама болар еді. Екіншісі – кадр мәселесі. Бұрын институттарда мал дәрігерін оқытты, агрономдарды оқытты,  зоотехниктарды оқытты, ал техникумдар орта буын мамандарды дайындады. Одан төмен училищелер болды, тіпті ауылды жерлерде де дәнекерлеуші, тракторшы сияқты керекті мамандарды дайындады ғой, міне, осыларды қалпына келтіру өзекті дүние.

- Сіз облыс депутаты ретінде бұл мәселені көтеріп, құр сөз болмауын қадағалап отырсаңыз деген өтініш бар.

- Әрине, күрделі мәселелерде облыс әкіміне керекті ақыл-кеңесімізді айта отырып, қолдау көрсетуге барымызды саламыз.

- Бір жақсысы, әкімнің әуелгі мамандығы инженер-механик екен. Құрылыс, өндіріс салаларын да меңгерген. Қазір екінің бірі бірыңғай заңгер мен экономист, ал өндірісте шорқақ, әлсіз болып келеді.

- Өткен сессияда Семей қаласы бойынша жоспарларды бекітіп тастағанбыз. Қанша мектеп, қанша балабақша деген сияқты. Бұларға мемлекеттен қаржы бөлініп жатыр.

- Бірақ, ең керегі - ауыл шаруашылығын оңалту, күйреп қалған ауылдарды тірілту болса керек.  Мәселен, Абай ауданында жылқысын өсірсек, Шар сияқты аудандарда суармалы егінді күшейтсек, Шульбі ГЭС-і төңірегінде балық шаруашылығын дамытса керемет болар еді. Облысымыз жан-жақты өркендесе игі.

 - Шынымен, Абай облысымызда потенциал жоғары.  Ертістің өзі қанша байлық, мына Жармада тұрған су қоймалары, Шұбартау, Шар, Аягөз, Үржар аудандарын алып қараңыз. Сонымен, қатар, шығыс ғұламасы: «Халық үшін ең керемет заң – дәстүрі» дегендей, тіліміз бен дәстүрімізге де адал болайық, ағайын.

- Біраз әңгіме өрбіткен сияқтымыз.  Келіп, пікір қосқаныңызға рахмет айтамыз. Әр ауыл-аймақта сіз сияқты азаматтар атойлап шықса, ертең-ақ өрге басарымыз анық.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

19 шілде 2024, 23:40
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar