Биыл облыстық және аудандық маңызы бар жолдардан жалпы ұзындығы 137 км болатын 9 учаскені жөндеу жоспарланған, оның ішінде 86 км – облыстық, 51 км – аудандық маңызы бар жолдар. Бұдан басқа, қалалар мен аудандардың 201 км көше-жол желісін жөндеуге 7,4 млрд. теңге көзделген. Оның ішінде, "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы аясында 34 елді –мекендегі 165 км көшелерді жөндеуге 3,7 млрд. теңге бөлінді.
– "Үлкен Нарын-Күршім" жолының 11 шақырымы, "Мақаншы-Жалаңашкөл" жолының 20, "Аягөз-Қарауыл-Семей-Қайнар" жолының 11, "Омбы-Майқапшағай-Шілікті-Ақжар" жолының 20 шақырымы, "Күршім-Қалжыр" жолының 15, "Таврия-Каменка-Тройницкое" жолының 10 шақырымы, "Сөгір-барлық-Ақсу" жолының 14 шақырымы, "Күршім-Ақсуат " жолының 27 шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылады, – деп баяндады ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов әкімдерге жол-жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне бақылауды күшейтуді және сапасын мұқият тексеруді, сондай-ақ кепілдік мерзімі бар пайдалануға берілген учаскелерді тексеруді тапсырды.
– Өскемен және Семей қалалары бойынша жүргізіліп жатқан жөндеу жолдарының сапасына қатысты көп шағымдар бар. Өскемен, Семей қалаларының әкімдері орындалатын жұмыстардың сапасын қосымша тексеруді қамтамасыз етсін, сондай-ақ кепілдік мерзімі бар, бұған дейін енгізілген учаскелерді тексерсін. Көше-жол желісін қайта құру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді ерекше бақылауға алуды тапсырамын. Аяқталуы 2021 жылға жоспарланған нысандарды пайдалануға беруді қамтамасыз ету қажет, – деді Даниал Ахметов.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі, сондай-ақ Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысының сапасының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Семей қаласында автожол көпірін қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Ал жалпы құны 31,1 млрд.теңгені құрайды.