USD449.3EUR489.69RUB4.89

ЕСКІ КӨПІР ЕКІ ТӘУЛІККЕ ЖАБЫЛАДЫ

29 сәуір 2021, 12:39
Қаланың оң және сол жағалауын жалғап тұрған, Ертіс өзенінің үстіне салынған көпір 1 және 2 мамыр күндері жөндеуге жабылатын болды. Салынғанына биыл 57 жылдың жүзі болатын бұл нысан «ескі көпір» аталғалы қашан.
ЕСКІ КӨПІР ЕКІ ТӘУЛІККЕ ЖАБЫЛАДЫ

  Семей қаласының әкімі Нұрымбет Сақтағанов «Фейсбук»  әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдегеніндей, көпірді қайта жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Бір айтарлығы «көпті көрген» көненің көзіндей бұл көпірге өткен жылы да жөндеу жүргізілген болатын. Алайда, жыл өткенде тағы да жөнделуіне тура келгеніне қарағанда шыққан нәтиже шамалы сияқты. 

Жалпы, ескі көпірді жөндеуден өткізу жайы 2018 жылдан бастап назарға алынған болатын. Шын мәнінде оның ресми түрде апатты болып танылғанына сол кезде 5 жылдың жүзі болғанын жоққа шығаруға болмайды. Оған биылғы жылды қоссақ тозығы жеткеніне 8 жыл өте шыққанын көреміз. Онысы өз алдына 2001 жылы халықаралық магистраль саналатын аспалы көпір пайдалануға берілсе де бұл көпірдегі көлік қозғалысы күнделікті толастаған емес. Кезінде 25-35 тоннаға дейінгі жүк көліктері де өтіп жүрген көпірдің көтеру салмағы қазір 10 тоннадан аспайды.

Өткен жылдың жазында түн ішінде жеңіл көлік мінген әлдебір жас жігіттің қызбалықпен келіп, көпірдің ағаш жақтауын қиратып, өзенге құлап марқұм болып кеткені де бір хикая. Ал, соңғы кездері оның астыңғы бөлігінде жарықшақ пайда бола бастағаны әлеуметтік желіде тез тарап семейліктердің арасында үрейлі пікір үдеп кеткені тағы бар.

Осы жайларды екшеп үлгергендіктен де болар қала әкімі Нұрымбет Сақтағанов мамыр мерекесінде оған жөндеу жүргізілетінін мәлімдеп отыр. Оған қанша қаражат бөлінгені әзірге белгісіз. Қала әкімінің көпірдің жабылатыны туралы хабарламасы да тұрғындар талқысынан тыс қалған жоқ. Солардың бірі Ертай Касимбаев есімді желі қолданушысы: «Екі көпірге де күрделі жөндеу керек, жарты жылға да жетпейтін ағымдағы жөндеу емес» деген пікір білдіргені сол еді, Сақтағанов та көп күттірмей бірден жауап берді.

«Жаңа көпірге (аспалы көпірді айтады – авт.) жапондық мекеме өз қаржыларына арнайы тексеру жүргізеді. Ондағы асфальттың құрамы ерекше, құны да сәйкесінше жоғары. Бұл сұрақ жан-жақты зерделене отырып шешіледі.

Екі жолақты ескі көпірге биыл тек ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Осы көпірге қайта құру жобасы бойынша дайындалған ЖСҚ мемлекеттік экспертиза алған соң келесі жылы қасынан 4 жолақты жаңа көпір салу бойынша бюджеттік өтінім береміз. Алдын ала қолдау бар. 2022 жылы осы жобаны бастаймыз деп ойлаймыз!» деп мәлімдеді Н.Сақтағанов.

Демек, алдағы жылы Ертіс өзенінің үстінен тағы бір көпір құрылысы басталады деген сөз. Сонымен қатар биыл Семейдің 9 көшесіндегі жолдарды орташа жөндеуден өткізу қолға алынбақ. Н. Сақтағановтың мәлімдемесіне сүйенсек, жалпы ұзындығы 6,92 шақырым болатын бұл жолдарға бюджеттен 451 млн. теңге бөлінген. Бұдан өзге Қарағайлы ықшамауданында 1,2 млрд теңгеге 7 жаңа көшенің құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Сәтжан Қасымжанұлы

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar