USD444.32EUR473.33RUB4.76

СЕМЕЙДЕ ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ИМАНДЫЛЫҚ НҰРЫН ШАШТЫ

24 наурыз 2021, 09:57
Наурыздың 22-і – Ұлыстың ұлы күні Семей қаласында жұртшылық асыға күткен ізгілікті істердің тұсауы кесіліп, мұсылман қауымның қуана қол соғатын қуанышы шымылдығын айқара ашты. Алғашқы іргетасы қаланғанына ондаған жылдар өткенімен, құрылысы әртүрлі себептермен аяқсыз қалған мешіттің іші-сырты бүтінделіп, көз жауын алар имандылық ордасына айналғаны болса, екіншісі Дальняя ауданынан жергілікті азаматтардың жұмыла кірісуімен ел игілігіне берілген тағы бір мешіттің пайдалануға берілгені болды. Сонымен қатар Абай ауданының орталығы Қарауыл мен Қүндызды ауылында да қатарынан мешіт ашылып, қастерлі күннің қасиеті тіптен арта түсті.
СЕМЕЙДЕ ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ИМАНДЫЛЫҚ НҰРЫН ШАШТЫ

Алдымен Семей қаласындағы жаңа мешіт жайына тоқталсақ. Белгілі меценат, ұлтжанды кәсіпкер азамат, жерлесіміз Дулат Тастекеевтің тәуекелге бел буып, үлкен істі қолға алып, екі жылдан астам уақыт ішінде «Абай Құнанбайұлы мешіті» деген атауымен ел игілігіне бергені семейліктерді ерекше қуанышқа бөледі. Әрдайым ұлтымыздың мәдениеті мен өнеріне қолдау көрсетіп жүретін азаматты тәптіштей түсіндірудің өзі артық. Өйткені, Семей халқының осы орайдағы қуанышына ортақтасып, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов, КСРО және Қазақстан халық әртісі Асанәлі Әшімов, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, талантты күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Секен Тұрысбеков сынды  кесек таланттардың келуі ел мерейін де асқақтата түскені анық.

Шындығына келсек, Семейдегі 2,5 мың адамдық Абай Құнанбайұлы атындағы жаңа мешіттің ашылуын қала халқы ұзақ жылдар күтті. Ғажабы сол, ауа райының құбылысына және пандемиялық талаптарға қарамай, бір ауыл жұрттың қарасы көрінді. Бұл мешіт құрылысының аяқталуынан бұрын ізгілік пен әлдебір жылылыққа ұмтылған көпшіліктің Ұлыстың ұлы күнінен үміт күткен көрініс болатын. Сол себептен де талаптарға сай әлдебір «жандайшаптардың» «санитарлық талаптарды ескере отырып, араға бір жарым метр қашықтықты сақтау» жайындағы ескертпесінен шыққан нәтиже шамалы болды. Иін тірескен жұрт арасында ине шаншар орын болмағаны ақиқат.

   Жә, делік. Сонымен, ел асыға және сағына күткен жаңа мешіттің ашылу сәтіне Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, осы игілікті істің дер кезінде аяқталуына мұрындық болған «TAS GROUP» компаниялар тобының негізін қалаушы және басқарушысы, меценат Дулат Тастекеевке қала халқы атынан жүрекжарды лебізін білдірді. Ал, Семей қаласының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ұлыстың ұлы күнінде Семейде Абай Құнанбайұлы атындағы және «Хакім хазірет» мешітінің қатарынан ашылуы айтулы оқиға екенін атап өтті.

-Бүгін ынтымақ пен достықтың мекені, Абай, Шәкәрім, Мұхтар сияқты дарынды перзенттерді дүниеге әкелген, ежелден қасиетті де киелі Семейдің рухы асқақтаған күн. Әлемге әйгілі ұлы ақынымыз Абайдың аты берілген жаңа мешіттің ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының атынан осы шараға келген белігілі тұлғаларға және мешіт құрылысына атсалысқан барша азаматтарға шынайы алғысымызды білдіреміз,-деді Нұрымбет Аманұлы.

  Салтанатты шараға арнайы келіп қатысқан зиялы қауым арасында ақын Мұхтар Шаханов семейліктер алдында өз тебіренісін былайша жеткізді:

-  Ұштастыра білген,

Рух пен шындық арасын,

Бар қазақтың мақтанышы,

Сен Семей - Ұлы қаласың!

Адамдар аз ба,

Ой құрған батыл ағымға,

Абайдай шыншыл болмауға және хақың жоқ,

Бүкіл қазақ топырағында-

Абайдай биік,

Абайдай ұлы ақын жоқ!,-деп тебіренді М. Шаханов.

С. Қасымжанұлы

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar