USD481.68EUR522.48RUB5

Д. Ахметов: ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ САПАСЫН АРТТЫРУ ҚАЖЕТ

10 наурыз 2021, 14:27
Бүгінгі күнде орыстілді мектептерде қазақ тілін оқытудың деңгейі мен сапасын арттыру аса маңызды. Бұл туралы облыс басшысы Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі парақшаларында жазды.
Д. Ахметов:  ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ САПАСЫН АРТТЫРУ ҚАЖЕТ

«Өңірдің білім беру саласын дамытуға бағытталған бағдарламаны талқыладық. Оның аясында көптілділікті одан әрі дамытудың 2021-2024 жылдарға арналған Кешенді жоспарын дайындау тапсырылды.

Облыс бойынша 2016 жылдан бастап үш тілде білім беруді дамытудың Кешенді жоспары орындалуда. Осы уақыт аралығында тілдік пәндердің 3500-ге жуық оқытушысы курстық даярлықтан өтті. Нәтижесінде олардың тілді оқыту әдістемесін меңгеру деңгейі 14%-дан 89,5%-ға дейін көтерілді.

Бұл ретте орыстілді мектептерде қазақ тілін оқытудың деңгейі мен сапасын арттыру аса маңызды екенін ерекше атап өткім келеді. Осыған байланысты, бір апта ішінде жұмыс тобын құру тапсырылды. Біріншіден, тілді оқыту мен меңгерудің сапасына талдау жасап, елімізде қазақ тілін үйрететін мықты практик мамандарды тарту керек. Басқа тілдерді оқытудың ең тиімді және заманауи әдістерін негізге алып, ұсыныстар енгізу қажет. Кембридж университетінің тәжірибесін де зерделеуге тиіспіз.

Сондай-ақ, ІТ бағдарламалау және роботтандыру бағытындағы үш жылдық бағдарламаны дайындау тапсырылды. Қазіргі уақытта өңір бойынша ақпараттық технологиялардың 647 сыныбы жұмыс істейді. Сонымен қатар, робототехника, жаңа модификация кабинеттері, интерактивті панельдер сатып алынды, компьютерлік техника жаңартылды.

2020-2021 оқу жылында ІТ-сыныптардағы оқыту бағдарламасына жоғары деңгейлі Python тілінде бағдарламалау, ArduinoUno электрондық платформалары негізінде автоматтандырылған құрылғылар құру бойынша бөлімдер кірді.

Бірнеше жыл бойы облыста цифрландыру бойынша форумдар, ІТ-хакатондар өтті. Балаларымыздың жоғары қызығушылығы, дайындалған жаңа жобалар көз қуантты. Алайда, өкінішке орай, бұл бағыттағы жұмыс тоқтап қалды».

Осыған орай аймақ басшысы жылына 2 рет жүйелі цифрлық форумдар өткізу туралы жеке бағдарлама дайындауды тапсырды. Яғни, бірінші форумның міндеті екіншісінің мақсаттары мен міндеттеріне ауысып отыруы керек. Даниал Ахметов атап өткендей, облыс мектептері ел ішінде компьютерлермен ең көп қамтамасыз етілген, сондықтан саннан енді сапаға көшу керек.

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar