USD474.83EUR515.38RUB5.5

Шәкір ақынға арналған көрме ашылды

03 наурыз 2021, 15:52
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы аясында ақын Шәкір Әбенұлының 120 жылдығына орай Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде «Шыңғыстаудың шежірелі абызы» көрмесі ашылды.
Шәкір ақынға арналған көрме ашылды

Абай музейі ширек ғасырға жуық уақыттан бері ақын, күйші, сазгер Шәкір Әбенұлының әдеби мұрасын насихаттауға үлкен үлесін қосып келеді. 2003 жылы ашылған Абай ауданы Құндызды ауылындағы Шәкір Әбенұлының музей-үйі Абай музейінің бөлімі ретінде жұмыс жасап келе жатқаны белгілі. Көрмеде Абай музейінде сақталған ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты аса бағалы жәдігерлер, ақынның тұлғасы мен танымын танытатын туындылар, оның ән-күй мұрасы, сан салалы өнердің иесі екендігін айғақтайтын қолөнер бұйымдары орын алған. Жылдар бойғы тарихтың сүрлеуінен өткен Ш.Әбенұлының өмір жолын, шығармашылығын баяндайтын қызықты да әсерлі материалдарға орын берілген. Оның әр жылдарда жарық көрген өлеңдері мен әндері, дастандары мен әңгімелерінің басылымдары, ғылыми-танымдық бағыттағы кітаптар мен фотосуреттер көрменің мазмұнын байыта түседі.

«Ақын, сазгер, күйші, халықауыз әдебиетінің қайнар бұлағынан сусындаған, жыраулық  дәстүрді жаңа заманмен ұштастырған Шәкір Әбенұлыныңтуғанына 120 жыл толып отыр. Осыған орай «Шыңғыстаудың шежірелі абызы» атты көрмесі ашылды. Осы көрмеде ақынның ата-шежіресінен бастап соңғы ғұмырына дейінгі мәліметтер мен құнды жәдігерлермен толықтырылған» - деді музейдің ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлу Санақбекқызы.

«Шыңғыстаудың шежірелі абызы» көрмесі ғасырға жуық ғұмыр кешкен Шәкір Әбенұлы сынды баталы ақсақалдың бала жасынан бастап діни сауатын ашқаннан кейін Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінен біліп алып, Семейдегі мешітте азаншы болып қызмет еткендігі, жиырмасыншы ғасыр басындағы алаш арыстарымен байланысы, қырық жылға тарта қуғын-сүргін көрген ақынның тағдыры, Ұлы Отан соғысына қатысып ел алдындағы азаматтығын парызын атқарған жанның өмір өткелдерінен, Абайдың ақындық өнер мектебі өкілдерінің ізін жалғап өзі де кең өрісті ақын ретінде танылған тарихи тұлға хақында, қазақ ән өнерінің қазынасын байытқан музыкалық мұраларынан хабар береді.

«Қасиетті топырақтан нәр алған,  осы топырақтан жаралған Шәкір атамыз туралы естеліктер өте көп, бірден айтып біту мүмкін емес. Тек қана айтатыным осы Абай музейіне атамызды ескерусіз қалдырмай, жақсы естеліктерді экспонаттап көрме ашып, халыққа таныстырып, осындай кеш ұйымдастырып жатқаны үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Мен артында осындай дәріптейтін ұрпағы барда ол кісінің еңбегі өлмейтініне, өшпейтініне, мәңгілік Ұлы тұлға болып қаларына нық сенімдімін» - дейді ақынның перзенті Сана Шәкірқызы.

1991 жылы  Елбасы Н.Назарбаевқа бата берген Шәкір ақынның өзі тұтынған бұйымдары, музей қорында сақталған ақынның қолжазбалары, Сана Шәкірқызы тапсырған бірегей экспонаттар көрермен назарына ұсынылады.

Айжан ЖҰМАҒАЗЫҚЫЗЫ

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

24 шілде 2024, 18:41
19 шілде 2024, 23:40
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar