- Ертеден бері әйелдің қоғамдағы, отбасындағы рөлі ерекше болды. Ол әр үйдің ақылшысы, қамқоршысы, жылулық пен мейірім сыйлайтын жан саналған.
Қазіргі ақпараттық технологиялар әлемінде әйелдер қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, әлеуметтік мәселелердің шешімін тауып отыр. Біздің қаламызда мұндай әйелдер өте көп, - деп атап өтті мәдениет бөлімінде.
Фотокөрмеде көп жылдар бойы білім беру саласында жұмыс жасаған және дарынды оқушыларды тәрбиелеген мұғалімдердің суреттері ұсынылған. Экспозицияда сондай-ақ көлік, ауыл шаруашылығы, ауыр және жеңіл өнеркәсіп қызметкерлерінің фотосуреттері қойылған.
Көрме кейіпкерлерінің арасында кикоушинкай-кан каратэден қара белбеу иегері (1 дан), спорт шеберіне үміткер Нина Суворкина, "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС филиалының операторы - Нұрғайша Төлегенова, Семей аяқ киім фабрикасының қызметкері Раушан Өмірбаева, "Алтын оймақ" бизнес-жобасының авторы, ұлттық қолданбалы өнер шебері Асхан Сейлбек бар.
Қала тұрғындары күн сайын Семейдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген 150-ден астам нәзікжандылардың фотосуреттерімен таныса алады. Көрмеге әр күнде 30 фотосурет қойылады.
Семейліктер бұл фотокөрмемен "Ақшың", "Қазына" сауда орталықтарында, Семей қаласының теміржол вокзалында және "Абай"халықаралық әуежайында таныса алады. Көрме әр нысанда сағат 10.00-ден 19.00-ге дейін өтеді.
«Ертіс өңірі – ақпараты»