
Р. Ильматов 14 жастан бастап классикалық күреспен (грек-рим) айналысты. 57 келі жеңіл салмақта белдесіп, үлкен жетістіктерге жетті. Грек-рим күресінен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болған, КСРО-дағы күрес бойынша біріншіліктерде республика намысын бірнеше рет қорғаған. Мұндай жеңістерге ол Алматыдағы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтының студенті кезінде-ақ қол жеткізді. Дегенмен, Ильматовтың шынайы кәсібі бапкерлікте байқалды.
«Менің негізгі ұстаздық жолым Семей зооветеринарлық институтында өткен. Сол жерден танымал палуандар мен спорт шеберлері, Кеңес Одағының жоғары оқу орнының чемпиондары шықты» - дейді Р.Ильматов.
Ром Хасанұлы өзінің жаңа студенттерін дене шынықтыру кезінде таңдаған. Соның бір дәлелі екінші курс студенті Жақсылық Үшкемпіровты байқауы. Сол жылы грек-рим күресінде жаңа салмақ категориясы енгізіліп, жаттықтырушы лайықты кандидатураны іздегенде Жақсылық параметрлер және дене шынықтыру дайындығы бойынша толық сәйкес келді. Дарынды спортшы жаттықтырушысы берген барлық нұсқауларды жылдам орындады.
Ильматовтың жетекшілігімен Жақсылық Үшкемпіров халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Өзінің сүйікті шәкіртінің жұлдызды сағаты — 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындары кезінде Жақсылық Үшкемпіровтың соңғы жекпе-жегін Ром ұстазы тікелей өзі бақылады. Бұл оның жұлдызды сағаты еді. Өйткені, ол Жақсылықтың алғашқы жаттықтырушысы болған. Ал жаттықтырушы және педагогикалық қызметтің жарты ғасырында Ром Ильматов ел үшін 15-тен астам спорт шеберін дайындады.
Осындай ел чемпиондарын, үздік балуандарды баптаған мерейтой иесіне Семей қаласының әкімі Нұрымбет Сақтағанов та зор құрмет көрсетті.
«Сіздің шәкірттеріңіздің барлығы тек үлкен спортшылар ғана емес, сонымен қатар өмірдің басқа салаларында да өздерін лайықты жағынан көрсетіп келеді.Бұл бапкерлікке жан-дүниеңізбен берілгендігіңізді білдіреді. Бапкерлік еңбек ең қиын жұмыс. Себебі олардың барлығы дерлік шәкірттерімен бірге жаны бір болып, рухани жағынан күреске түседі десе де болады. Бапкерлердің алғашқысы болып, 100-ге жеткен мерейтойыңызды атап өтуіңізге тілектеспіз. Бастысы осындай тың қалпыңыздан таймай, денсаулығыңыз мықты болсын!» - деп Семей қаласының әкімі Н. Сақтағанов мерейтой иесіне шапан жауып, ерекше ілтипат білдірді.