USD483.23EUR534.74RUB5.12

ҚОНАЕВ АҚЫН ХАТЫНА ЖАУАП БЕРДІ МЕ?!..

10 ақпан 2021, 12:44
Өз заманынан лайықты баға ала алмаған, “Бүгін менің туған күнім, ой-пәле-ай... Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай” деп дүниеге келгенін бір тойлауды арман еткен Мұқағали ақынның биыл туғанына 90 жыл. Дүниеден баз кешіп кеткенде, не ғашық болғанда, яки қиналған сәтте ешкім түсіне алмаған сезіміңді, көңіл-күй ырғағын Мұзбалақ ақынның өлеңдері баурап алады. Жазу стилі де өте ерекше. Психологиясы өте тереңде жатқан мұндай өлеңдерінен ақынның өмірінің соншалық тәтті болмағаны көрінеді. Балалық шағының өзі соғыс жылдарымен қатар өткенін «Неңді сенің аңсаймын бала шағым», асықтың орнына ат пен өгізге мініп, соқа соңында еңбек еткені “Сағынбаймын... Сағынсам мұңайтады!..” деп басталатын өлеңдері айғақтап тұр. Әкесін сол зұлмат соғыста жоғалтып, анасы, бауырлары мен әжесіне үйдің тұңғыш перзенті ретінде тіреуі болған.
ҚОНАЕВ АҚЫН ХАТЫНА ЖАУАП БЕРДІ МЕ?!..

Өлең киесін өз жанына жақын тұтқан ақын:

«Поэзия!

Сен менімен егіз бе едің?” деп жырлай отырып өзінің аз ғана ғұмырында біршама жыр жинақтарын, поэмалары мен аудармаларын қалдырған.

  Қуаныш Өмірсеріковтың YouTube каналындағы «Мұқағали шындығы» деректі фильмінде ақынның көзін көргендер мен замандастары оның түр-тұлғасын, мінезін былай сипаттаған: екі иығына екі кісі мінгендей, денелі, еңгезердей болмысына сай ақкөңіл, сөйлеген сөздері сондай сыпайы, өте қарапайым болған екен. Одан өзге өте биязы, біреудің қасіретін көрсе сонымен бірге жылауға әзір тұратын алып денесіне жараса бермейтін ұяңдық нәзіктігі де бар екен. Ал, мінезін көрсету керек жерге келгенде ешкіммен бет қаратпайтын, ірілермен барып беттесуге әзір тұратын таза ақындық мінез бен жаратылысқа бай кісі болған дейді.

Өз бетінше көп ізденген, білімге келгенде ішкен асын жерге қоятын болған тіпті, жары Лашынның естелігінде «Үй болған соң-ақ, Мұқағали уақытты құр босқа өткізбей орысша-қазақша сөздіктер тауып келіп солар арқылы орысша білуге ден қойды. Көп қиналатын. Сонда да оқудан жалықпады. Ара-арасында өлеңдер жазып қояды. Алғаш өлеңдерін оқысаң ұяла ма, қызғана ма жаратпайтын. Сондықтан біз өлеңдерін көрсетпей оқып, жымын білдірмей қайта орнына қойып қоятынбыз. Мұқағалидың алғырлығы, зеректігі сондай Ұлы ақын, жазушыларды оқығанда бірден түсініп, бізге де қазақшаға аударып айтып береді. Әсіресе, Пушкинді, Есенинді, Блокты өте жақсы көрді.Кейде Чехов кейіпкерлері болып ойнап, қырық құбылғанда әртістік қабілетіне таңданамыз. Семьямызбен қарқ болып, күлкіге кенелеміз. Мұқағали сабақ бергенде де оқушыларды қатты еліктіріп, жоспарын жеңіл түсіндіретін. Оны оқушылар өте жақсы көрді» деген.

Ақын Оразақын Асқар Мұқағали туралы естіп, іздеп барғандағы туралы және біршама естеліктерімен бөліскен.

 «Қысқы бір каникулда арнайы өзім іздеп бардым. Басқа жұмысым жоқ. Сондай тамаша өлеңдерді жазған ақынды көргім келді. Қарасаз-Энгельс бағытындағы автобустан қарғып түсіп, біреуден Мұқағали деген ақынның үйі қай жерде екенін сұрадым. Сөйтсем бір оқушы бала Мұқағали деген мұғалімнің үйі осы көшенің төмен жағында деп ертіп апарды да ойнына жүгіріп кетті. Кірсем аулада еңгезердей бір кісі белуарына дейін шешініп тастап, отын жарып жатыр. Үлкен шөркені екіге айырып,  жарып жатыр. Қасына барып сәлем беріп: «Мұқағалидың үйі осы ма?» деп сұрадым. «Иа» деп гүр ете қалып, балтасын тастап үйге ертіп кірді. «Мұқағалидың өзі қайда?» десем, «Менмін» деп жауап қатты жаңағы жалаңаш кісім. Мен керемет өлең жазатын  жан бір бұлт астында ма, бір керемет үстелдің үстінде ме, әлі өлең жазып отырғандай елестеткенмін».

«Сол ауылда мұғалім болып жүрген кезінде Ә.Тәжібаевқа өзінің бір топ қолжазбасы мен өлеңдерін жіберіпті.  Әбекең соны оқып көріп қайран қалады және бірден тұсаукесер жазады. Ол кезде «Лениншіл жас» сонда жазады. Сол тұсаукесері кейіннен оқыдық кітаптарына да шықты сол есімде қалған. Онда былай деп жазылған: «Соңыңнан өзіңнен оттырақ, өзіңнен гөрі өткірірек, жалынды, жас ақын шығып жатса, қалай қуанбасқа» деп жазған. Сондағы өзіңнен гөрі деген сөзі маған қатты ұнады. Себебі, ақындар бірінен бірін асырмайтын ғой» деген де естелігін сөзін айтқан. Яғни, осыдан-ақ біз Мұқағалидың жан-жақты ізденгендігі, еңбекқорлығын көреміз. Әбділда Тәжібаевтің осындай қолдауымен, өзінен артық емес нық, дәлме-дәл мақтауының арқасында жаңағы «Лениншіл жасқа» берген тұсаукесері мен «Социалистік Қазақстанға» шыққан поэмасының арқасында Мұқағали қазақ әдебиетінің есігі ашқан. Сөйтіп, «қолына қалам алып соғысқан кезеңі» басталды.

  Үлкен үмітпен Астанаға көшіп келген мұзбалақ ақын бір бөлмелі пәтерді жалдап, төрт баласы мен жарын ертіп әкеліп, «Социалистік Қазақстанға»  әдебиет қызметкері болып орналасады. Бірақ та жары Лашын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі бола тұрса да мектептерде орын болмаған. Сол уақытта 6-шы сыныпта оқитын Майгүл есімді қызы жол апатына түсіп, ақынның еңсесі қатты түскен.

«Мұқағалиымның Майгүл деген қызы жол апатынан жазым болды. Міне, осыдан бастап балам сеңдей бұзылды. Қатты күйзелді. Мінезінде де өзгеріс пайда болғандай болды. Сөйтсем не кітабын шығара алмай, не қамқор алақанның шуағына бөлене алмай қиналып жүрген кезі екен ғой... Жығылғанға жұдырық дегендей оған қызының өлімі қосылып, жүнжіп-ақ кетті... Сөйтіп жүріп толассыз жаза берді. Не жазғанын қайдам...» деп сол күндері қатты қиналғанын Мұқағалидың анасы Нағиманың естелігінен байқауға болады.

Мұқағали ақынның екі ұл, төрт қызы бол­ған. Бірақ, Ләззат атты тұңғыш қызы кіш­кентай кезінде шетінеп кеткен. Екінші қызы Майгүл Алматыда 6-сыныпта оқып жүрген кезінде көлік қағып, қайтыс болғанын айттық. Одан кейінгі Жұлдыз де­ген ұлы – заңгер. Қазір Алматы қаласында жауап­ты қызмет ат­қа­рады. Оның жұбайы Ба­қыт­­күлдің ма­ман­дығы – құрылысшы-ин­же­нер. Жұлдыз бен Бақыткүлдің тұңғышы Айман Ал­ма­тыдағы Басқару академиясын үздік бітіріп, сол оқу орнында ұстаз болып жүргенде аяқас­ты­нан ауырып, қайтыс болған. Одан кейінгі Ай­жан мен Әсел екеуі де – экономист деген.Қазіргі уақытта Мұқағалидың екінші ұлы Айбар да  Ал­ма­ты­да, мамандығы – құрылысшы. Ақын­ның қы­зы Алмагүлдің мамандығы – кітап­ха­нашы, қа­зір шағын кәсіпкерлікпен шұғыл­да­нады. Оның қызы Роза – компьютер бағ­дар­ламасын жа­сау­шы. Мұқағалидың кіші қызы Шолпан – шет ті­лінің маманы, Әл-Фа­ра­би атындағы Қазақ ұлт­тық уни­верситетінде ұстаз. Оның ұлы Болат кол­леджде оқиды. Бұл деректер Марат Қаниев деген ақындық жолда жүрген жас буынның интернет желісіндегі қалдырылған жауабынан алынды.

Ақын Оразақын Асқардың: «Басында жақсы қарсы алды. Көңілі көтерілді. Ол кезде ешқандай мұң, ондай ештеңе болған жоқ. Ол кейін, кітабы шығатын, шығатын болса ол кітабы біреу емес, бірнеше кітабы шығады, поэма да бірнешеу болады. Содан кейін өзінің қатарындағылар сыйлық алып жатады. Қатарындағылар мақтанып жатады. Кеш өтіп жатады. Ал, Мұқағали өйтпейді, кеш өткізбейді мақтанбайды» деген естелігінен  көңілі сол кезде түсіп, еңбегінің еш бағаланбағандығын байқауға болады. Тағы осындай ақынға сол кездегі әділетсіздік танытқандығы, қатарластарынан қанша адуынды жазса да еңбегін еш елемегендігі, ақыры бұл қалай деген ойда жүріп, ішіне сыймай жүрген ақын туралы Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы былай деген:

«Екі жылда бір, тіпті жыл сайын кітап шығып жатқаны рас. Бірақ, соның бес кітабы, яғни, бес жыл бойы шыққан кітабы бір кітаптың көлеміндей ғана болған екен. Мұқағали өзінің қатарында, сол жылдары өзімен қатарлас ақындармен салыстырғанда көлемі шағындау болса керек. Бірақ, жылдам шығып жатыр дегенменен аты, заты түкке тұрғысыздау болады. Оны ол өзінің шығармаларымен салыстырып көреді, налиды» деген екен.

Артынша партиялық жарна төлемедің деген желеумен «Соцалистік Қазақстанда» еңбек етіп жүрген ақынды жұмыстан шығарып тынған. Жығылғанға жұдырық болса да ақын сынбауға тырысты. Осылайша тепкіге көп түскен Ақын әділетсіздікке шыдай алмай Дінмұхамед Қонаевқа хат жазуға мәжбүр болады. Ол хатта өзінің барлық жан-күйзелісін жазды:

Члену Политбюро ЦК КПСС,
Первому секретарю ЦК Казахстана
товарищу Динмухамеду Ахметовичу Конаеву
от поэта Макатаева Мукагалия,
проживающего в. г. Алма-Ате,
по улице Панфилова,
147 кв. 95

ХАТ


Аса ғұзырлы Димаш Ахметұлы, қапелімде Сізге хат жолдап, өзіңізге тым қажетті, асыл уақытыңызды алғаным үшін алдын ала ғапу өтінемін. Бұны бек түсінемін. Бірақ мен басқаша батылдыққа бара алмаған болар едім. Төзімнің де шегі бар емес пе, оның үстіне бұл шатпақ ұзақ жылдар бойы жанымды жегідей жеп келді. Ашығын айтқанда, Сізге мені мазасыздандырған жайлардың бәрін жайып салуға, біртүрлі қорқасоқтап жүрексініп жүрдім. Бұларды бұрын айтпағанымның да өзгеше себеп-салдары бар болатын. Сол туралы, қымбатты Димаш аға, еш бүкпесіз жүрегіммен қан жылап тұрып айтсам деп едім.

Мен 1931 жылы 9 қаңтарда Алматы облысы, Нарынқол ауданы Энгельс атындағы ұжымшар, Шалкөде ауылдық кеңесіндегі шаруалар Сүлеймен Мақатаев пен Нағима Мақатаеваның отбасында дүниеге келіппін. Әкем С.Мақатаев ұжымшарды тұңғыш ұйымдастырушылардың бірі еді, соңынан сол шаруашылықты басқарды. Кедейлер заузатынан шығып, коммунистер қатарына кірді. Ұлы Отан соғысында Калинин маңайында 1942 жылы ерлікпен қаза тауып, артына кәрі шешесі, әйелі мен үш ұлын қалдырып кетті. Онда мен төртінші сыныпта оқитынмын. Біз майдан шебінде болмасақ та, сол жаралы жылдардың тақсіретін жұртпен бірге тартқанымыз аян. Ұжымшар даласы менің һәм тұрғыластарымның нағыз мектебі болды. Ыңыршағы айналған аттар мен өгіздер жеккен соқа айдап, тұқым сеуіп, масақ теріп, шөп шаптық біз. Содан кейін ғана партаға отырдық, мектепте қалай болса солай оқытты. Бұл өткендер мен өткелектер шопаннан бастап академик, студенттен бастап партияның қарапайым қызметкеріне дейін жылы қабылдаған шығармаларымда көрініс, шешім тапты.

Кешіріңіз, айтайын дегенім бұл емес еді. Мен өзімнің өзекті өртеген өкінішті салдыр-салақ өмірім туралы, туған әдебиетке қалай келгенім туралы, он екі жыл бойы қазақ кеңес жырына не қосқаным туралы, тіршілігімде (әйтеуір шығармашылық та емес) сүйінген және күйінген сәттерім туралы айтқым келеді.

Әлқисса. Интернатта онжылдықты бітіргеннен кейін отбасының күрделі ауыр тұрмысына байланысты жоғары оқу орнында білім алуды жалғай алмадым. Анам қартаң тартып, сырқаттана берді. Кіші бауырларым әлі мектеп қабырғасында еді, әжем жарықтықтың әбден күйі кетіп, шаңырақтың тіреуі жалғыз өзім болып қалдым. Ауылдық кеңестің хатшысы, Қызыл отаудың меңгерушісі, ұжымшар комторгы қызметтерін атқарып, бірнеше жыл жеті жылдық мектепте ұстаздық еттім. Он сегіз жасымда үйлендім, биыл оған жиырма бес жыл толады. Жұбайыммен төрт бала тәрбиелеп отырмын, тұңғышым университетте оқып, алдағы жылда бітіреді.

1961 жылы мені аудан орталығына шақырып алып, "Советтік шекара" атты аудандық үнжарияның жауапты хатшысы етіп бекітті. Үлкен сенім артып, СОКП қатарына алды. Бұған қанағаттанып, аянбай адал еңбек еттім. Бірте-бірте шығармашылықпен жасырын айналысып, қолжазбамды ешқандай редакцияға жолдамай, іштей булығып, іңкәр ізденіске түстім. Өзімше орысша үйреніп, әлемнің классикалық көркем ой қазынасымен таныстым. 1962 жылы көптен бері ойда жүрген В.И.Ленин туралы поэмалар топтамасын аяқтап, оның үзінділерін "Социалистік Қазақстанға" жіберіп едім, артынша жарық көрді. Одан кейін республика басылымдарында өлеңдерім жиі-жиі жарияланып, теледидар мен радиодан беріле бастады. Жамбыл, Маяковский, Сейфуллин сияқты ізашарлардан кейін мен көсемге фәнилік пенде ретінде қарап, оның азаматтық бейнесін барынша ашып көрсеткім келді. Олар 1964 жылы "Ильич" деген атпен жарық көрді. Сол поэмамен мен қазақ әдебиетінің есігін аштым. Сонымен бірге өмірде де, өнерде де менің маңдайымды тауға да, тасқа да соққан кезең басталды. 1962 жылы (Н.С. Хрущевтің кезі) біздің ауданды жойып, туған ұжымшарды екі шақырым жердегі жаңа қонысқа аударды. Бұл колхозшылардың қалтасын қағып, көп қиындық келтірді; өз үйіңді қиратып, жаңадан ірге көтеру оңай ма? Әкемнің маңдай тері сіңген мектеп те бұзылды. Ғимарат оның көзіндей көрінуші еді (Бұл шынында да солай болатын, керек десеңіз, асыл мұра ретінде одан бір сурет те қалған жоқ). Аудан іріленген соң біраз қызмет те қысқартылды. Мен тәуекел етіп, жұмыс та, баспана да болмай тұрып, үлкен үмітпен астанаға көшіп бардым (төрт бала, анам мен зайыбым және кіші інім бар еді). Бір бөлмені отыз сомға жалға алып, "Социалистік Қазақстанға" әдеби қызметкер болып орналастым. Әйелім қазақ тілі мен әдебиетінің маманы бола тұрса да, мектептерде орын болмай шықты. Тіршілікте тұрмыстың түйткілдері көп, үлкен қызым алтыншы сыныпта оқып жүріп апатқа ұшырап, дүние салды. Бір жыл газетте қызмет істеп, демалыс алып ауылға кеттім. Бірінші мамыр мерекесіне тап келіп, онда үш күн кідіріп қалдым. Кешіккенім үшін жұмыстан шығарып жіберді. Енді мен үшін ең қиын күндер туды.

"Социалистік Қазақстандай" беделді басылымнан кеткеннен кейін қызметке орналасу оңай емес еді. Алайда, үміт үзбей, өзіме, жарыма шығармашылығыма сендім. Осындай әрі-сәрі жағдайда жүріп, Карл Маркс өмірінің Лондондағы ауыр кезеңіне арнап "Мавр" деген поэма жаздым. Ол 1970 жылы жарыққа шықты. Онымен қатар "Армысыңдар, адамдар!" атты жинақ дайындап едім, ол 1966 жылы баспа жүзін көрді. Екі жыл өткен соң ортақ асханасы бар пәтер алып жағдайым біршама түзеле бастады да түгелдей біржолата шығармашылыққа ден қойдым. "Қарлығашым, келдің бе?", "Мавр", "Дариға-жүрек" өлеңдер кітабым оқырмандар қолына тиді. Дантэ Алигьеридің "Адам әжуасындағы" "Тамұқ" бөлімін тұтас Шекспир "Сонеттері" мен Американың демократ ақыны Уолт Уитменнің "Шөп шырайын" тәржімеледім. Әрқашан уақыт шақыруына елгезек үн қосып, біздің еңбеккерлердің жасампаздық тұрмыс-тіршілігін жырлап, туған халқым, Отаным, партия туралы, маған қымбат та қастерлі тақырыптарға барлау жасадым. Егер, жырларымды есептемегенде, "Большевиктер", "Атажұрттан репортаж", "Алатау — Алтай — Арқа — Атырау" толғаулары солай туған болатын. Бәріне де рахмет! Әйтеуір еңбегім еш болып, ескерусіз қалған жоқ, КСРО Жазушылар одағына мүшелікке өттім. 1973 жылы оқығым келіп, тілек білдіргенімде Қазақстан Жазушылар одағы мені Мәскеудегі Жоғары әдеби курсқа жіберді, дегенмен кейбір өз басымдағы жеке кемшіліктеріме байланысты оқуды жалғастыра алмадым.

Қымбатты Димаш аға!

Жоғарыда айтқандарымның бәрі мүлде із-түзсіз кеткен емес. Нақтылай айтсам, менің ауданым мен ұжымшар жойылып, "Социалистік Қазақстаннан" шығарылып, қызым қайтыс болып, оған қоса бірнеше ет жақын туған-туысымның қазасынан кейін күйініп, бәрінен баз кештім. Бұның бәрі 1962-1964 жылдардың арасында (Н.С.Хрущевтің кезеңінде) болған еді. Сол тұста мен өмірімде түзелмейтін қате жібердім. Әрине, оны мойындау оңай емес.

Қасақана ма, жоқ па білмеймін, өзіңіз төреші болыңыз, дер кезінде уақытылы жарна төлемей, СОКП қатарынан өзімнен-өзім шығып қалдым. Билетті Совет аудандық партия комитеті тартып алды. Сырғабекова хатшы болатын. Ол тап болған жағдайда шығуға жол таба алмай тығырыққа тірелдім.

Қалай дегенде де өз кінәмнан тазару үшін шығармашылықта шарқ ұрып ойландым, толғандым, іздендім. Әлгі атаған жұмыстарымның барлығы сол сілкіністерден соңғы жеміс. Бар жан-тәніммен елжұртыммен бірге екенімді танытқым келді.

Біздің қоғамда адам өзін таң шығындай таза сақтау, қандай ғанибет. Өкінішке қарай, қаншама тер төгіп еңбектенсем де, бұдан он жыл бұрын жіберген қателік еш тыным бермейді маған.

Кейде туған әдебиетте қарақан басының қамын күйттейтін көлденең көк атты көріндім. Сондықтан қателігім ешқандай жөнделместей сезініп, ұнжырғам түсіп, көлеңкеде қалуға тырыстым, әлдекімдер мені де көлеңкеде ұстауға әрекет етті. Не істеген ләзім?

Бәріне де дариға ақын жүрек кінәлі. Әйтсе де барымды салып, еңбектендім. Бәрібір жеңіл емес еді. Қол қаламнан қалт еткенде жағалаған жағымпаз достармен, дәлдүріш ақындармен іше бастадым. Олардың ырқына қалай түскенімді байқамай қалғандаймын. Әлсін-әлсін менің серілік өмірім басталды. Өзім ұяттан өртеніп тұрсам да, құрдастарымның сәл қуаныштарына сілтейтін болдым. Ішкенімді жасырмаймын, бірақ үйіме де, басқалардың күйіне де зиян келтірген жоқпын, ал рухани жағын қайдам?!

Бәлкім, менің қамымды жегендер болған шығар, өз-өзімді иттің етінен жек көре тұрып, әлденеге қорынатын болдым. Осындай сәттерде өз ойларыммен оңашада қалып, поэзия піріне сыйынатын едім. Айлап жазу столының жанында тапжылмай отырдым. Тек, жыр ғана менің жаныма дауа болып, дертімді емдеді. Ол маған адал, таза қызмет етті. Мен де оған қарыздар болып қалғаным жоқ.

Ешуақытта ішкіш болған емеспін, болмаймын да, ал салынып ішкен кісі ешқашан отбасын асырап, бала тәрбиелеп, ақылға қонымды әлдеқандай әрекет етпейді. Әдетте адамның күнестен гөрі, көлеңке жақтары көзге көп түседі. Нәжістің аты - нәжіс. Ол адамға, әсіресе, мен сияқтыларға бір жұқса, жуық арада одан тазару оңайлыққа соқпайды. Өз іс-әрекеттерімде адамдарға ұдайы таупиқсыз қарап, әсіресе ішіп алғанда, имансыздыққа бой ұрып, көп қателік жасаппын. Ешкімді күстәналамай, дөрекілік танытпай, бетің бар, жүзің бар демей, қара қылды қақ жарғандай туралығын айтыппын. Ақырында осы жылғы қаңтарда Қазақстан Жазушылар одағының секретариаты мені КСРО Жазушылар одағы мүшелігінен шығарып тынды, өзіме де сол керек шығар. Ол үшін ешкімді де кінәламаймын.

Кезінде мен Жазушылар одағының аппаратыңда да, "Жұлдыз" журналында да қызмет еттім. Бірақ бәрібір өзімді әрқашан басы артық сезіндім. Ол әріптестерімнің маған деген салқын қарым-қатынасы сезіліп тұратын, менің атыма жамалған жаманат қаныма сіңгендей.

Құрметті Димаш аға!

Қазір мен бәрінен де түңілдім. Жолдас-достардан да, әмпей ымыраластардан да, жаман әдеттерден де. Үйде омалып жаза беремін, жаза беремін. Бұлардың не әкелерін кім біледі? "Сырым саған, Отаным" атты жаңа кітаптың қолжазбасын дайындадым. Егер "Жазушы" баспасы немесе Қазақстан Жазушылар одағы 1975 жылғы жоспарға енгізбей, сызып тастаса тағдырым қалай болады? Екі жыл болды еш жерде жұмыс істемеймін, отбасым үлкен, кейуана анам, төрт балам бар, әйелім жарты жалақымен мектепте ұстаздық етіп жүр.

Таяу арада менің "Аққулар ұйықтағанда" атты жаңа жинағым жарық көрді. Чилидің ұлы ақыны Пабло Нерудаға арнаған поэмам жарияланды. Сөйтсе де мен ертеңнен күдерімді үзбей, жазуды жалғастырып жатырмын. Жақында ғана "Халқыма хат" деген өлеңімді тәмамдадым.

Ардақты Димаш аға!

Мен қырық екі жасқа толып, жан тыныштығын басқа тараптан іздегенімді түсіндім. Өзіме-өзім келіп, кінәмді жуып-шайып, өз ақымақтығымнан жоғалтқанымды қалпына келтіруге көмектесіңіз. Ажал алдында тұрғандаймын, құтқара көріңіз!

Сіз қалай шешсеңіз, солай болады.

Ізгі ілтипатпен Мұқағали Мақатаев,

1974 жыл

Сол кездегі республика басшысы Д. Қонаевтың ақын хатын алған алмағаны, жауап берген-бермегені туралы өкінішке қарай ешқандай мәлімет жоқ...

Ғаламтордағы бейнекөріністер, мәліметтер негізінде дайындаған

Айжан Жұмағазықызы

 

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

5 сағатқа жетпей
27 қыркүйек 2024, 10:07
ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar