USD491.7EUR531.28RUB5.07

Д. Ахметов: «СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНА ӨТЕ ТӘЖІРИБЕЛІ ӘКІМДІ ӘКЕЛДІМ»

27 қаңтар 2021, 12:22
Өткен аптаның ортасынан бастап Семей ішінде қала басшысының ауысатыны туралы тарап кеткен қауесетке осы дүйсенбіде нүкте қойылды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов арнайы келіп, қаланың жаңа басшысын таныстырып берді. Яғни, бұған дейін Ұлан ауданының әкімі қызметін атқарған Нұрымбет Сақтағанов Семей қаласының әкімі болып тағайындалды.
Д. Ахметов: «СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНА ӨТЕ ТӘЖІРИБЕЛІ ӘКІМДІ ӘКЕЛДІМ»

-Мен Нұрымбет Аманұлын он бес жылдан астам уақыттан бері білемін. Өте тәжірибелі, ісіне адал адам. Сол себептен де Семей қаласына осындай басшыны лайық деп білемін,-деді Даниал Кенжетайұлы.

  Ары қарай сөз кезегі тиген Нұрымбет Сақтағанов өзі үшін де Семей шаһарының қадір-қасиеті ерекше екенін атап өтіп, жүрекжарды ризашылығын білдірді.

-Семей қаласы ерекше мәртебеге ие киелі мекен. Ұлы Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтей әйгілі тұлғалардың туған қаласы. Бүгінгі қазақ интеллигенциясының, зиялы қауымның тірек қазығы деп те айтуға болады. Сондықтан да бұл қаланы ары қарай бар күш-жігерімізді салып дамытуға жұмсап, жұмыс жасаймыз. Нақты айтқанда, Семей қаласының әкімі болу – өте үлкен жауапкершілік,-деді қаланың  жаңа  басшысы.  

  Жалпы, Нұрымбет Аманұлының ердің жасы 50-ден асқанда Семей қаласының әкімі қызметіне тағайындалуын дер  кезінде жүктелген үлкен жауапкершілік деуге әбден болады. Күтпеген жерден, тосыннан келген емес, Оңтүстік өңірдің тумасы болса да Шығыста 2012 жылдан бері еңбек етіп келе жатыр. Еңбек жолын мұғалім болып бастаған Нұрымбет Сақтағановтың тек осы саламен ғана шектелмей, өзін үнемі шыңдау үстінде болғандығын да атап өткен жөн.

  

Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов

1970 жылы 6 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.

Қызылорда педагогикалық институтын, Қызылорда аграрлық-техникалық колледжін, МЭСА дистанциялық білім беру институтын, МЭСА Қызылорда экономика, статистика және ақпарат институтын, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік институтын мұғалім, заңгер, экономика және бизнес мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек қызметін 1992 жылы Қызылордадағы № 172 орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1993-1994 жылдары ҚР ҚК қатарында болып, әскерден кейін Қызылордадағы № 9 орта мектепте жұмысын жалғастырды. 1995-2001 жылдары Қызылорда облысы бойынша Кеден басқармасының инспекторы, аға инспекторы, бас инспекторы, бөлім бастығы, бөлім бастығының орынбасары болып жұмыс істеді. 2001-2006 жылдары - ҚР Мемлекеттік Кіріс министрлігі Кеден комитетінде бас инспектор, Төрағаның көмекшісі, бөлім бастығы болды. 2006-2007 жылдары - ҚР Парламентіндегі Үкімет өкілдігінің бас инспекторы, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде бөлім бастығы, Министрдің кеңесшісі қызметін атқарды.

2007-2010 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары болды. 2010-2012 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы. 2012-2015 жылдары ШҚО әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2015-2018 жылдары ШҚО әкімінің бірінші орынбасары болды. 2018 жылдан бүгінге дейін Ұлан ауданы әкімі қызметін атқарды.

Айта кетейік, жаңа әкім жеті бала тәрбиелеп отырған көпбалалы әкім.

Шығыс Қазақстан облыс әкімінің

 баспасөз қызметінен алынды

Д. Ахметов: «СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНА ӨТЕ ТӘЖІРИБЕЛІ ӘКІМДІ ӘКЕЛДІМ»

Бір анығы мемлекеттік қызмет саласындағы басшылық даралығын Шығыс Қазақстан облысында айқын қалыптастырған Нұрымбет Сақтағанов үшін Семей қаласының жалпы тіршілігі таңсық емес деуге болады.

Ең елеулісі 2017 жылдың қыркүйек айында Алаштың рухани астанасы атанған Семейде ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановқа ескерткіш ашылғанда облыстық әкімдік атынан келіп, қағазға қарамастан төгіле сөйлеген қазақы қалпымен қала халқының ойынан шыққанын ешкім әлі ұмыта қойған жоқ. Сонымен қатар, Нұрымбет Аманұлының өмірбаянына қатысты деректе жеті баланың әкесі екені де оның қазақы болмысын айқындай түскендей. Экономикалық саланың жілігін шағып, майын ішетін қабілетінен бөлек рухани саланың да тамырына қан жүгіртуге сергек қарайтынына шүбәсіз сенуге болады. Өйткені, негізгі мамандығы ұстаздықпен ұштасып жатқан жаңа басшының ұлы тұлғалардың рухы тербеп тұрған қаланың тарихына да бейжай қарамайтындығына сенім мол. Соның ішінде көшедегі жарнама мәтіндері мен көше атауларының да көңілге көлеңке түсіріп тұратындарын Сақтағанов қаперінде берік сақтайтыны анық.

 

 Сақтағановты сан сынақтар күтіп тұр

Дегенмен, қыстың көзі қырауда келген Семейдің су жаңа басшысын бұдан да басқа сынаққа толы сан түрлі мәселе күтіп тұр. Ең бірінші кезекте қала тұрғындары қаңтар айынан бері қалтырап, дірілдеп тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына деген өкпесін әлеуметтік желіде үсті-үстіне үйіп-төгіп жариялап жатыр. Біраз жылдан бері ұмытыла бастаған жылумен қамту мәселесі тағы да көпқабатты үйде тұратындардың алдынан көлденең шығып, ТҮКШ саласы мамандарының жұмысы түкке тұрмайтындығын көзге шыққан сүйелдей көрсетіп берді.  Ең қызығы сол, қала әкімінің бұған дейін осы сала жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Николай Ушаковтың тап қазіргі күні қайда, немен айналысып жүргені белгісіз...

Ал, қаланы бұған дейін 2015 жылдан бері басқарған Ермак Сәлімов өткен аптада мүлдем көзге шалынған жоқ. Тіпті, облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі қалалық мәслихаттың ІІ сессиясында жаңа әкімді таныстырып тұрғанда, Ермак Бидахметұлының болмағаны көпшіліктің көңіліндегі күмәнді қоюлатып жібергендей әсер етті. Бірақ та облыс басшысы Сәлімовтің атына разылығын білдіре келіп, оны облыс әкімінің дәл осы біз тілге тиек еткен ТҮКШ саласы бойынша кеңесшісі болып жоғарылап бара жатқанын айтқанда, семейліктер не күлерін, не жыларын білмей дал болды. 

Бұдан бөлек бұған дейінгі әкімнің кезінде қолға алынған қоғамдық көлік қозғалысы да қордаланған проблемалардың біріне айналып тұр. Шындығы керек, қала билігінің автобус реформасы семейліктер үшін «артық қылам деп тыртық қылған» әрекеттің нақ өзі болды. Бұған дейінгі қолданыста болған 42 бағыттың 32-ге түскені семейліктерді барар жерінен кеш қалуына әсер еткені өз алдына, «Газельдердің» көзден бұлбұл ұшып, жартылай мемлекеттік негізде жаңадан құрылған «Semey Bus» ЖШС автопаркінің жүргізушілері жалақыларын ала аламай ереуілдеткені де Нұрымбет әкім үшін Ермак мырзадан қалған «эстафетаға» айналды.

  Бәрін айт та бірін айт, мұндай тығырыққа тірелген жол қатынасы, жарықпен, жылумен қамту жайы сияқты әлеуметтік толқынысты тудыратын жайларды шешуге жауапты болған басшы облыс әкімінің жанына кеңесші болып кете барғанда, Н. Сақтағанов үшін «Семейді тығырықтан қалай алып шыға аламын?» деген сұрақтың өзектілігі күн сайын күшейе түсетіні шындық.

Сол тұрғыда қала тұрғындарының да жаңа басшының әр қадамынан үміт күтіп қараудан бұрын, сынай қадағалайтыны анық. Қала халқының басым көпшілігі қолданатын Instagramm әлеуметтік желісіндегі «Жалоба Семей» парақшасында ойларын ортаға салып жатыр. Мәселен, осы желі қолданушысы Динара Мұратбаева да  дәл қазіргі уақыттағы қаламыздағы басты проблемалардың бірі қоғамдық көлік жайы болып тұрғанын айтады.

 –Әсіресе, қаланың шеткі  аумағында тұратын халық қала ішіне дер кезінде жетуге қиналып қалып жатыр. Себебі, автобустар бір жерлерде екіден жүрсе, бір жерлерде біреудің өзін зарыға күтеді. Арасындағы интервалдың өзі ұзақ. Бұрындары яғни, мына жасыл автобустар пайда болмай тұрған уақытта арасында жеке меншік «газельдер» жақсы қатынайтын. Оларды алып тастағаны халыққа ауыр тиді. Мынандай аязда, суықта аялдамада әбден тоңып қаламыз. Жұмысқа таң бозармай шығамыз, кейде балаларымызды ауруханаға апарамыз. Такси тоқтататын шама да жоқ. Осы мәселенің оң шешімін табады деген ойдамыз,-дейді Динара ханым.

Гүлнар Нұрбаева: «Бұрынғы автобустарды қайтарып, жолақысын  карточкалық жүйемен емес, қолма қол ақылы түрде жасалса жақсы болар еді. Және де ақылы болғанда да жолақысы қазіргідей 140 теңге емес, 80 теңге қалпында қалдырылса деймін.  Шынымды айтсам, жасыл автобустар халыққа қолайсыз. Отыратын орны да санаулы, ішіне сыймай да жатамыз. Нұрымбет Сақтағанов мырза осы проблемаға баса назар аударып, шешімін табуыңызды сұраймын»,-депті.

 Ары қарайғы ретпен тағы да бірнеше семейліктердің пікірін берсек, артықтық етпесі анық.

Жамал Дарынқызы:

«Бастысы қаламыздың гүлденуін қамтамасыз ететін және халқының ризашылығы мен алғысын алатындай әкім болады деп сенеміз. Қазіргі уақыттағы басты проблемаларымыздың қатарындағы қала тазалығы мен жылу жайын, азық-түліктің қымбаттауының мәселелерін шешсе... Ермак Сәлімов барда көтерілген, атап айтсақ қараңғылық құшағындағы көшелерге жарық тарту туралы,  ауыз-су мәселесі және т.б. көптеген уәделер орындалса екен. Берілген уәде жерде қалмайды деп сенеміз»

Ерлік Сәрсембаев:

« Шығыс кентінің жолын кеңейту мәселесі сәуір айында өз жұмысын бастайды деген. Сол ұмыт болып қалмаса екен. Себебі,  үлкен жол кептелісіне күн сайын ұшыраймыз. Үйімізге, жұмысқа әрең жетіп жүрміз.  Тағы да айтарым жаңа көпір мен ескі көпірдің жай-күйі өте нашар қалыпта.»

Айгерім Аманова: «ЖЭО-ның мәселесі қаралғанын қалаймыз.  Кейде расы керек, көпқабатты үйдегі пәтерімізден жылу таппай туыстарымызды аралап кетуге мәжбүрміз. Кішкентай балаларымен отырғандар, басқа барар жері жоқтар қабат-қабат киініп отырғаннан басқа амалдары жоқ. Эколгия жайы да алаңдатуда, түтінмен демалудамыз. Проблема көп бірақ, әрқайсысының шешімін табарына сенімдімін.

Арсен Данияр:  «Орталық саябақтың жөндеу жұмыстары көңілімізге қонбайды. Неше жыл жөндеуде жабық жатқан саябағымыз бір күнде үн-түнсіз ашыла салды. Ішіндегі жағдайы адам қуантарлық емес. Қаламыздың дәл орталығындағы бетке ұстар саябағымыздың жөндеу жұмыстарын толық бітірулеріңізді сұраймыз»...

  Міне, осындай қат-қабат мәселесі бірінен-бірі өтетін «еліміздің тарихи орталығын» басқаруға келген Семейдің ендігі еңсе тіктеуі Нұрымбет Сақтағановтың өзіндік қолтаңбасын танытатын басшылық қабілетіне байланысты болмақ.

 

Сәтжан Қасымжанұлы

Әлеуметтік желілерде бөлісу:

Сілтемеге жазылу


Оқыңыз:

Соңғы жаңалықтар

ТОО «Ертіс өнірі»
Республикаға тарайтын апталық газет
© 2007—2024
Яндекс.Метрика
Әрленім және құрастыру
SemStar